Өлеңі – өмірі
26 ViewsАстанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ, адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп…
Елімізге белгілі сатирик-жазушы жерлесіміз, Баубек Бұлқышев атындағы әдеби сыйлықтың иегері Басқар Битанов Көкдөнен ауылында дүниеге келгенін білесіздер. 1990 жылдары «Тамаша» ойын-сауық отауының атағы дүркіреп тұрған кезде Басқар Битанов осы әзіл-ысқақ театрында автор болды. Яғни оның жазған сатиралық әзіл-әңгімелері сахнада қойылып, жұртшылықты еріксіз күлкіге бөлеген. Басқар Битанов еліміздегі беделді басылымдарда да еңбек етті. Ол «Құнсыз адам» деген повесть жазған. Сол шығармасы үшін Басқар Битановқа Баубек Бұлқышев атындағы әдеби сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ, оның «Шер» деген де өлеңі бар. Бұл өлеңде философиялық терең мазмұн жатыр. Әттең, осындай талантты сатирик-жазушы 35 жасында фәни дүниеге аттанып кете барды. Ауданымызға алаш қайраткері Тұрар Рысқұловтың есім-сойының берілуіне де Басқар Битановтың тигізген еңбегі зор. Оны көпшілік те білуі тиіс. Белгілі бір жиындарда ол пікір айтылып та жүр.
Өткен жұмада Көкдөнен ауылындағы Басқар Битанов туып өскен үйге «Осы киелі шаңырақта қазақтың талантты сатирик-жазушысы Басқар Битанов дүниеге келіп, балалық шағы өтті» деген жазуы бар ескерткіш тақта орнатылды. Іс-шараға Басқар Битановтың досы, сатирик-жазушы Доқтырхан Тұрлыбек, Басқар Битановтың ағасы Бейсен Әлтаев, Құлан ауылының ардагерлері Санат Қырықбаев пен Шорабек Атабаев, сондай-ақ, жазушының туған-туыстары мен ауылдастары қатысты. Ілкімді шарада жазушы Доқтырхан Тұрлыбек сөз сөйлеп, Басқар Битановтың адамгершілік болмысы хақында тебіреніске толы ойлар айтты. Одан кейін Санат Қырықбаев пен Шорабек Атабаев та сөз сөйледі. Іс-шараға келген жандардың барлығы да Басқар Битановтың саналы ғұмырынан сыр шертіп, оның туған жеріне жасаған игі амал істерін ақтарыла айтып жатты.
Алдияр оқырман, біз де бұл жағымды жаңалыққа өте қуандық. Себебі Басқар Битанов аудандық газетте де еңбек еткен. Біз былтырдан бері газетімізде сатирик-жазушының әдеби сыйлық еншілеген «Құнсыз адам» повесін газетімізде жариялап келеміз. Бүгінгі газетімізде де повестің жалғасын өздеріңіздің назарларыңызға ұсынамыз. Повестің жалғасы газетіміздің 4-ші бетінде тұр.
Марат Диханбай.