Өлеңі – өмірі

151 Views

Астанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ, адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп ақын атанған Шырын Мамасерікова 80 жасқа толып отыр.
«Өзегіңді үзе сүй, өз еліңді!» – деп ақын Сабыр Адай жырлағандай, Шырын Мамасерікова да марқасқа Меркісін, самалы саумалдай, топырағы мақпалдай, жері жұмақ, жұлдыздары жақұттай мерейлі өлкесін өмір бойы ат үстінен түспей жырлап келеді. Оның тақырыптары жасыл жаздың жұпар шашқан гүлдеріндей сан алуан. Жас шағында:
Төсінен жарып шыққан құба белдің,
Теңізге жетсем деген бұлағы едім.
Арманым болмас, сірә, бұл жалғанда,
Жарасам кәдесіне туған елдің! – деген ақын:
Рас болса туылғаным ақын боп,
Жалған сөйлеп жалтаруға хақым жоқ.
Жаппар Ием!
Жасық жырдан сақтай гөр,
Дәмсіз, сөлсіз сорпасында татым жоқ, – деп алдына үлкен мақсат қоя білді. Ата-бабамыздың алтын жамбысындай сөз мұхитына мұқият үңіліп, сексеуілдің шоғындай ыстық сиқырлы сөздерден сыбызғының үніндей нәзік өлеңдер тудырды. Қай тақырыпқа қалам тартса да, шығармалары шынайылығымен баурайды. Мысалы, Құлан ауылында болған сұрапыл зілзала зұлматын өз көзімен көрген ақын:
Қадалғанда зілзаланың жебесі,
Тоқтай жаздап қалды тірлік кемесі.
Көктегі күн құлап түсер секілді,
Көз алдымда тұрды ажал елесі.
Бір-ақ сәтте қақ бөлініп шаңырақ,
Зор апаттан қалды ауыл қаңырап.
Атамекен ақыл-естен айрылып,
Жетім қозы сияқтанды жамырап, – деп жұртпен бірге күйзелді.
Алты алаштың баласы бір кісідей бауырмалдық танытып, жәрдем бергенде, ел алғысын жырмен жеткізді. Сондай-ақ, Байзақтағы жойқын жарылыс та ақын жүрегін қан жылатып «Байзақтағы жарылыс» деген толғау жаздырды.
Сағат Әшімбаевтың «Поэзия – жүрек сөзі», — деп айтқаны бар. Себебі толас таппас тіршіліктің тынысы, уақыт лебі, дәуір демі ақын жүрегін бей-жай қалдырмасы анық. Туған жердің табиғатын жан-тәнімен сүйетін ақын «Жер-ана» деген өлеңінде:
Аң мен жәндік, жануарлар паналап,
Құшағыңда ғұмыр кешер ғаламат.
Бәрі өзіңнің перзенттерің, Жер-ана,
Табиғатты қорғау – бізге аманат, – десе, «Жарық Күнде»:
Бай, кедей деп алаламай халықтың,
Бәріне де бауырмалдық таныттың.
Мынау байтақ ұлы Дала, ел үшін,
Мәңгі жаса, мәртебелі Жарық Күн! – деп, оқырмандарын жердей дарқан, күндей кеңпейіл болуға үндейді, олардың қайсарлығы мен қуатын үлгі етеді. Сондай-ақ, «Наурызға» арнаған жырда:
Күміс қазық қақтырған,
Жібек желі тарттырған.
Уығы алтын үй тігіп,
Салтанатыңды арттырған.
Омырауы түймелі,
Барша жанға сүймелі.
Табанында бүрі бар,
Анаға бас игелі,
Келші, Наурыз – Жаңа жыл! – деген шумақтардан халқымыздың бай тілімен сусындаған мәдени талғамы жоғары жанның ардақты аналарға тағзымын, құрметтеуін көрсек, Жамбыл бабамызға арнаған өлеңінде:
Асаңды ұстар тұяғың болсам деп ем,
Жаңа туған айға ұқсап толсам деп ем.
Үзеңгісі үзбе алтын пырағыңның,
Үстіне бір сәт, шіркін, қонсам деп ем! – деген асыл арманын әдемі өрнектеген ақынның ана тіліміздің байлық қазынасын шебер меңгергенін, рухани тамырдан нәр алғанын байқау қиын емес. Камал Смайылов «Қазақстан ХХІ ғасыр» деген мақаласында «Қазақстан байлығы 1 миллиард адамды асырауға жетеді», – деген еді. Шындығында, Қазақстан жеріне 6 Франция, 21 Англия сиятын ұлан-байтақ даласын қорғайтын және оның қызығын көріп тамашалайтын алтын құрсақты аналарды дәріптейді.
Мысалы «Дәріжан ана рухына» деген өлеңінде:
14 перзент туған Батыр ана едің,
Шаңырақтың шаттығы едің, сәні едің.
Ұқсатушы ек бесік пірі Умайға,
Ұлағатты, сөзі сусын дана едің.
Ата-баба салт-дәстүрін сақтаған,
Әйел едің жар сенімін ақтаған.
Бәйдібектің Нұриласы сияқты,
Құлындарын тұлпар етіп баптаған, – деп жазыпты.
Алтын уық, жібек баулы отауынан сәби дауысы естілетін мейірімді Дәріжан анадай мәрт мінезді әйелдердің көбеюін тілейді. Ұлы Абайша айтқанда «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» өлеңдерін оқыған сайын авторға деген ықыласымыз артқаны рас. Дегенмен, қорғасындай салмақты ой мен сананы сергітер ойнақы образдарды кестелеп, қыз Жібектің көз жауын алар сұлу көшіндей көркем дүниелер жазу оңай емес. Ұзын сапты найза мен алмас қылыштың күшімен ел қорғаған, халқының ар-намысын ту еткен Сыпатай, Жауғаш, Ақкөз батырлардың бойларындағы қиямет күштілік, ақыл-парасаттылық, адалдық қасиеттерін сомдаған «Алтын көпір», «Ақкөздің ақталуы», «Сыпатай батыр мен Қоқан ханы Құдияр» т.б. шығармалары көпшілік қауымнан әділ бағасын алғаны шындық. Автордың жүйрік қиялы мен маздақ ой тарихи деректерді шеберлікпен пайдаланғаны «Қымбатты қимас жеңешем» мен «Фатима»-да анық көрініс тапқан. Әрине, шағын мақалада Шырын Мамасерікованың барлық шығармаларын түгел жан-жақты талдау мүмкін емес. Сөйтсе де жалғыз ұлы полиция капитаны Жақпар Аспетов қайтыс боғанда жазған өлеңдері көзге жас келтіреді:
Сайда саным, құмда ізім қалмады,
Жар дегенде жалғызымды жалмады.
Қу томардай бар бұтағы өртенген,
Қор еткенше неге Құдай алмады?! – деп күйзелген ананың ащы жан айқайы естіледі.
Қарапайым ауылдан қанаттанып ұшып, жастық жалынның жебеуімен өмір атты асау тұлпардың жалына жармасып, ақындықты армандаған таза уыз сезімін шыңдап, шабытты шығармалар жазып жүрген Шырын Мамасерікова 15 жинақ шығарыпты: «Жыл құстары», «Гәкку», «Назерке», «Нәзік нақыш», «Өмірімнің әр жолы – өмірбаян», «Әулие бабам Сыпатай», «Асылдың сынықтары», «Фатима», «Бақыт», «Шапағат нұры», «Арман гүлі», «Тәуелсіздік тартулары», «Елге деген махаббат», «Атамекен».
Бір кездері «Қазақстан әйелдері», «Еңбек туы», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» басылымдарында жырлары жиі жарияланатын Шырын жайлы республикалық телевизия «Келбет» хабарын түсірді, «Қазақстанның Құрметті жазушысы», «Құрмет» орденінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы атанды. Мұның бәрі Тәңір берген талант пен жанкешті еңбектің арқасы екені даусыз. Екі рет аудандық Кеңеске, бір рет аудандық Мәслихатқа депутат болып сайланып, төрт рет Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Халық заседателі, бірнеше рет айтыс жеңімпазы, екі рет Республикалық жыр-мүшайрасының лауреаты атанып жұрт сүйіспеншілігіне бөленді. Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын Шырын Мамасерікованың періште көңіл отты жырлары оқырмандарын қуанта берері сөзсіз.

Жанат Сүйімқұлова,
Меркі орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің
директоры.

Әке
/Медет Қожакеевке/
Әрбір тасы махаббатпен өрілген,
Әке ұлына асқар таудай көрінген.
Сәби кезден сәуле шашып тұрады ол,
Санаңдағы сарайыңның төрінен.

Әкең саған өмір берді шуақты,
Әкең саған жүрек берді қуатты.
Асқан талант, тектіліктен жаралған,
Адамдар аз дәл Темірбек сияқты.

Омырауына иман нұрын тұндырып,
Отаны үшін талай игі іс тындырып.
Бұлт тіреген заңғар шыңға айналды,
Қиянаттың омыртқасын сындырып.

Өнегелі өміріне бас ұрып,
Әспеттейсің атақ-даңқын асырып.
«Әке сүю – Алла сүю» екенін,
Құлағыңа кім құйды екен жасырып?!

Арқалап ап сағыныштың сандығын,
Атқаратын әулетінің нар жүгін.
Мың-миллион алғыс айтып Медетке,
Мен тілеймін жақсылықтың барлығын!

Жалын атқан жанарымен от өрген,
Ата салттың аманатын көтерген.
Азаматтар, Медет, сенен үлгі алсын,
Перзентке тән парыздарын өткерген!..

Алаш арулары
Сыр шертісіп даласымен, тауымен,
Садақ тартып, қылыштасқан жауымен.
Тарих мақтар Томиристің ерлігін,
Таңғалдырып, тамсандырған зәуімен.

Көктем сайын жасартатын өңірді,
Қызғалдақтай шаттандырар көңілді.
Шындығында, алаш қызы емес пе,
Жұмақ етер, бақытты етер өмірді.

Жүрекке ыстық бота көзі, нұр жүзі,
Жанға жайлы бал мінезі қырмызы.
Ақ төсіне айдан алқа тағынған,
Шаңырақтың жарқыраған жұлдызы.

Құтқаратын қиындықтың торынан,
Өшпес өнер туындайтын қолынан.
Кілем тоқып, сиыр сауып, жент қозғап,
Көз жазбаған ата салттың жолынан.

Адалдықтың, сұлулықтың киесі,
Алты алаштың қыздарына тиесі.
Аман болшы, айналайын арулар,
Ханшайымы, махаббаттың иесі!..

Қаратау
Қазақтың қасиетті Қаратауы,
Халықтың құрсағы құт дара тауы.
Бақыттың бесігінде тербеле бер,
Бабамның шаңырағы, ақ отауы!

Қашанда шапағатты тау самалы,
Қонағын құшақ жайып қарсы алады.
Қосылып қырандардың шаңқылына,
Құзар шың жартастары ән салады.

Тілдесіп түпсіз көкпен сырласқандай,
Тамаша сиқырлы әуен нұр шашқандай.
Табиғат неткен сұлу, неткен шебер,
Тау суын буырқантып жырлатқандай.

Сүйемін Қаратаудың өр заңғарын,
Сүйемін найзағайлы зор қанжарын.
Ақтабан шұбырынды тар кезде де,
Алаштың қорғап қалған әз арманын.

Асқан ем талай биік асулардан,
Ана едім қиындықтан жасымаған.
Алтыннан артық болып көрінеді,
Тарихтың куәгері тасың маған.

Тоқшылық ұя салған келбетіне,
Тыныштық қанат қақсын жер бетіне.
Сақтаған салт-дәстүрді қарт Қаратау,
Саналы ұлт болуды елге тіле!

Уақыт ғасырларға ұласқанда,
Келешек көктемдері гүл ашқанда.
Қаратау, мәңгі жасап қуандыршы,
Қазақтың атын жазып ұлы Аспанға!..

Ауылым

Айналайын, туған ел,
Ата жолын қуған ел.
Көзін ашқан сәбиін
Күн нұрына жуған ел!

Атқан таңнан арайлы,
Шаттық сәуле тарайды.
Үбір-шүбір әлемге
Үмітпенен қарайды.

Жердің емген сауырын,
Жалпақсазым, ауылым.
Бірлік болсын қашан да
Белге таққан қаруың.

Қырларыңда құлпырып,
Қызғалдақтар тұр тұнып.
Саусақтарын созады,
Самал желге ұмтылып.

Түп қазығым, баспанам,
Туған өлкем, астанам.
Тебіреніп кеудемнен,
Түлеп ұшты асқақ ән.

Тал шыбықтай иілген,
Жұрт назарын үйірген.
Аман болсын ұл-қызың,
Алқалы топ сүйінген.

Саф ауаңды жұтамын,
Сені кие тұтамын.
Самсап өссін саяңда,
Сүйегі асыл бұтағың!..

 

Мың алғыс

Орман-тоғай нуы бар,
Сарқыраған суы бар.
Жарқыраған көлі бар,
Ұлан-байтақ жері бар.
Ата-жұртқа мың алғыс!

Тауды тесіп жол қылар,
Шөлейт жерді көл қылар.
Түрлі ұлтты тату ғып,
Ынтымақты ел қылар.
Ағаларға мың алғыс!

Құс ұшырмас басыннан,
Кім бар артық досыңнан.
Тайғақ кешу, тар жолда
Табылатын қасыңнан.
Жанашырға мың алғыс!
Ақ қар, көк мұз асуда,
Қорықпайтын ұлы бар.
Шаңырақтың шаттығы,
Жұпар шашқан гүлі бар.
Ата-анаға мың алғыс!

Төрт-түлік мал өргізген,
Сән-салтанат көргізген.
Көңіл кірін тазартып,
Адал ризық жегізген.
Ұлы Аллаға мың алғыс!

Шырын Мамасерікова,
Қазақстанның Құрметті жазушысы, Құрмет орденінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы.

Поделиться ссылкой: