Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Небары 36 жыл ғұмыр кешсе де, өзінің сан қырлы талантымен қазақ журналистикасы мен әдебиетінде айрықша қолтаңбасын қалдыра білген шын таланттың бірегейі Басқар Битанов десек, бұл сөзімізге алатайдай бүлініп, қолына кездік алып, «мынауың жөн емес» дейтін пенде баласы табыла қоймас, сірә! Әттең, осындай хас таланттың тағдыры келте болғаны өкінішті. Десе де, жазудың құдіретін түсінетін қазақ дейтін елгезек халық барда, оның есімін ұлықтап, ұмытпайтын біз секілді жазарман қауым барда, Басқар Битановтың есім-сойы ұмытылмақ емес.
Тамыздың 2-сі күні, яғни өткен сенбіде газет оқырмандарына хабардар етілгендей, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде қарымды қаламгер, талантты сатирик Басқар Битановтың өмірі мен шығармашылығы туралы халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясы түсірген «Басқарбектің биігі» атты деректі фильм көрермендер назарына көрсетілді. Бұл деректі фильмнің сценарийін жазған есімі елімізге белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Доқтырхан Тұрлыбек екенін айту ләзім.
Деректі фильмде Басқар Битановтың сан қырлы таланты баяндалған. Әрине кез келген адамды сөйлетіп қойып, деректі фильм түсіре алмайсыз. Бұл деректі фильмде хронология бар. Шынайылық және бар. Кейіпкерлер де өзге емес, Басқар Битановтың көзін көрген жандар. Яғни олар құр мадақтап қана сөйлемейді, тыңнан түрен салған сақа журналистің шығармашылық әлеуетін толық ашып пікір білдіреді. Содан соң деректі фильмде жинақылық бар. Іш пыстырмайды. Әр деталь өз орнында. Бұл деректі фильм көрерменге сонысымен ұнағаны анық.
Деректі фильм көрсетіліп біткен соң осы фильмнің сценарийін жазған жазушы Доқтырхан Тұрлыбек сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Басқар Битановпен жақын араласқанын, дос болып сырласқанын, оның қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлға екенін тілге тиек етті. Жазушы сондай-ақ, бұл деректі фильмнің сценарийін Басқар досының рухына неліктен арнап жазғанын түсіндіріп берді. «Талантты – талант бағалайды» деген осы шығар. Одан кейін ардагер журналист Сейсен Қожеке де сөз сөйлеп, өз пікірін білдірді.
Ол Доқтырхан Тұрлыбек сценарийін жазған деректі фильм өзінің көңілінен шыққанын атап өтіп, Басқар Битановтың рухына арнап шығарған өлеңін оқып берді. Өлең мәтіні мынадай.
Қасты қара! Шашты қара! Қап-қара!
Бойды қара, ойды қара… тек өзіне шақ қана.
Суретінен таниды оны бәрі де,
Басқар десе, бала да осы қуанатын шаттана.
Күлкісі де, жымиысы сүйкімді,
Әзіл айтса келтіретін күлкіңді.
Ойы терең жазады өлең, ал бірақ…
Басқар маған көрінетін біртүрлі.
Ярослов Гашекті де, Шонаны да оқыған,
Сабақ алған бәлкім Бәкең осыдан.
Шығармасын еуропаша жазатын,
Жазушыны көре алмадым оқыған.
Әттең, көрген түстей болды бәрі бір күнде,
Талант еді, дарын еді білгенге.
Суретінен танушы еді бәрі де,
Тылсым дүние осылайша бір-ақ күнде күрсінді.
Содан соң журналист Есет Досалы, актер Мәлік Ақүрпековке де сөз кезегі беріліп, олар да Басқар Битановтың адамгершілік болмысы хақында тың ойлар айтты. Әсіресе Басқар Битановтың жары Тұрсынкүл Битанова өкінішпен емес, сағынышпен ғұмыр кешудің қаншалықты қиын екенін айтқан кезде залда отырғандардың біразы көзіне жас алды. Ал Басқар Битановтың ағасы Бейсен Әлтаев інісінің бала кезінен шығармашылыққа жақын болғанын, домбыра мен гитарада тамаша ойнай білетін қасиетін де емірене еске алып, сөз сөйледі. Және де Бейсен Әлтаев осы деректі фильмнің сценарийін жазған жазушы Доқтырхан Тұрлыбекке ризашылығын білдіріп, оның иығына қазақы оюмен әдіптелген шапан жапты. Осылайша сенбінің кешінде көрермендер деректі фильмді тамашалап, Доқтырхан Тұрлыбек секілді жазушымен пікір алмасып, естелік суретке түсіп тарқасты.
Деректі фильмді көріп, үйге келген кезде туған ой ғой. Өткенде біреу «Сендердің газет осы не жазады?» деп еді. Түрінен-ақ газет бетін ашпайтын біреу екенін аңғарғанмын. Оқимын, көңілге тоқимын деген адам болса, біз өткен жылдан бері дәл осы Басқар Битановтың «Құнсыз адам» деген повесін газет бетінде жариялап келеміз. 75 беттен тұратын дәл осы повесть Басқар Битановқа абырой-атақ та әкелді. Осы повесті жазғаны үшін ол Баубек Бұлқышев атындағы. Жастар сыйлығының лауреаты атанды. Осының бәрі газетте тұр. Оқимын, көңілге тоқимын деген адам болса, әрине. Жаңа ғасырдың жастары тіпті Басқар Битановтың есімін біле де бермеуі мүмкін. Сондықтан ол жағында қаперге алып, Басқар ағамыз туралы өмірдерек жазып қойғанымыз дұрыс деп шештік.
Басқар Битанов 1959 жылдың 1 қаңтарында Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Ол ҚазГУ-дың журналистика факультетін бітірген. Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Социалистік Қазақстан», ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Халық кеңесі», Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл» газеттерінде тілші, бөлім редакторы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып қызмет істеген. Жерлесіміз «Тамаша» ойын-сауық отауының елге танымал болуына көп еңбек сіңірген авторлардың бірі болған. Оның көптеген очерктері мен фельетондары, сықақ әңгімелері еліміздің барлық басылымдарында үзбей жарияланып, сахналарда қойылып, телебағдарламалардан көрсетіліп тұрды өз заманында.
Жастар осыны білсе дейміз. Осындай да талант өмірден өткен. Оның есімі – Басқар…
Марат Диханбай.