Құрылыс саласында ауданда атқарылған тірлік көп
Тамыз айының екінші жексенбісі – Құрылысшылар күні. «Құлан таңы» газеті бұл атаулы датаны ешқашан ұмытқан емес. Жыл сайын материалдар әзірлейді. Биыл да дәстүрден жаңылмай, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қаблет Абдрахмановтан мәлімет алдық. Ендеше назарыңыз осы әзірленген мақалада болсын.
Ауданымыздың экономикалық тұрғыдан әлеуеті жыл өткен сайын дамып келеді. Ауылдық округтерде де жаңа ғимараттар салынуда. Рас, 2000-шы жылдарды өзімізде көзімізбен көрдік қой. Біраз ғимараттардың қаңырап бос қалған кезі де болды. Дегенмен қазір мемлекетіміздің де әлемдік аренада беделі артып, экономикамыз да дамып, әрбір аймақтағы аудан, ауылдарға жіті көңіл бөлініп отыр. Айталық, біздің аудан. Аудан аумағын айтпай-ақ қоялық, өзіміз өсіп-өнген Көгершін ауылын алайық. 2000-шы жылдары ауылдағы мәдениет үйі ескі болатын. Спорт кешені деген атымен жоқ еді. Балабақша да жекешелендіріліп, қаңырап бос тұрды. Ол әлі күнге дейін солай тұр. Әлі есімде, 2003 жылы Ақтоған орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. Біз ол кезде 5-сыныпта оқитынбыз. Қайбір жылы «Ауыл жылы» деп жарияланып, содан бері қарай көшіміз өрге басты ғой. Осылайша бірте-бірте ауылымыз гүлденіп, жаңарған үстіне жаңарып жатыр. Қазір Көгершін ауылында жаңа мәдениет үйі, жаңа спорт кешені салынған. Ақтоған орта мектебіне 2020 жылы тағы да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқушыларға да керегі сол ғой. Жайлы мектеп. Түрлі үйірмелерде жұмыс істейді. Мәселен, ауылдық мәдениет үйінде би және домбыра үйірмесіне жасөспірімдер қатысып, көптеген жетістіктер көрсетіп жүр. Газ Көгершінге совет дәуірінде келген. 2000-шы жылдары ауылішілік жолдар қандай еді? Ойдым-ойдым, Алдардың шапанындай шұрқ тесік еді. Қазір барып көрсеңіз, тақтайдай тегіс жолдар. Әрбір көшеде жарықшам орнатылған. Сырт жақтан қонақтар келеді ауылымызға. Өзімнің қаладан келетін достарымда көп. Сонда олар да тамсанып, қызығып жатады. Өз ауылын мақтап кетті деген пендешілік ой туындамас үшін Жаңатұрмыс ауылында жазайық.
Жаңатұрмыс ауылында да солай. Мен осы газетке қызметке келгенде Жаңатұрмыста газ, ауыз су, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі жоқ еді. Қазір Жаңатұрмысқа барып көріңізші, газ бар. Жаңа су іркуіш имараты салынып, тұрғындар сапалы ауыз суды тұтынып отыр. Ауылішілік көшелерінің де сапасы жақсы. Жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Жаңа спорт кешені де салынды. Жаңа мәдениет ғимараты салынып жатыр. Осының бәрі мемлекеттің ауылдарға жіті көңіл аударып отырғаны емей немене? Түсінемін, жасалмай жатса, бір сәрі. Жұмыс жасалып жатыр ғой. Оны көзбен көрген соң, қалай жоқ деп айтасың. Сондықтан әрбір адам жақсы ой ойлағаны жөн. Жақында бір ән тыңдадым. Сонда:
– Бәрі жақсы сөз ойласын,
Көңілде әсем саз орнасын.
Тар кеуделер онсыз да көп,
Жақсы адамдар азаймасын, – деген жолдар бар.
Айтпағымыз осы, алдияр оқырман! Біреу түсінер, біреу түсінбес. Осындай тірліктер өзге ауылдарда да атқарылып жатыр. Бәрі бір жылда шешіле салмасы анық қой. Айталық, Құлан ауылында тағы бір спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Мердігер «Строители Века» ЖШС-і. Келісімшарт құны 417,3 миллион теңге. 2025 жылға 110,0 миллион теңгесі бөлініп қойыпты, нысан келісімшарт бойынша 2026 жылға өтпелі. Бүгінгі күні нысанда жер жұмыстары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жүргізілген. Жаңатұрмыс ауылындағы 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2024 жылдан бастап жүргізілуде. 2024 жылы 121,8 миллион теңге қаражат бөлініп, толығымен игерілген екен. Мердігер «Лидер НС» ЖШС-і. Сметалық құны – 148,2 миллион теңге. Құрылыс-құрастыру барысында жобаға өзгерістер енгізіліп, қазандық қатты отыннан газға ауыстырылып, қосымша екі кабинет қосылып, жоба қуаттылығы 110 орынға ауыстырылыпты. Жобаның түзетуден кейінгі құны – 223,605 миллион теңге. 2025 жылға қажетті қаржы – жаңа жоба бойынша 78114,0 мың теңге. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған екен.
Биыл Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Малдыбай ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша жаңа мектеп бой көтеруде. Біз Қаблет Қанатұлынан жобалары дайын нысандар бойынша да мәлімет сұрадық. Айталық, Құлан ауылы, Жібек жолы көшесі №316 б мекенжайында орналасқан К. Бекебаев атындағы орталық стадионды қайта құру жобасы. Сметалық құны – 456,590 миллион теңге. Жобалаушы «АлмазПроектСтрой» ЖШС-і. Сараптама қорытындысы 2023 жылы 16 қарашада № EO-0021/23 алынған. Бюджетті өтінім құрылыс басқармасына өткізілді. ЖСҚ дайындау үшін – 2,550 миллион теңге жұмсалған.
Тереңөзек ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жобасы. Сметалық құны – 734,935 миллион теңге. Жобалаушы «Кантри-М» ЖШС-і. Сараптама қорытындысы 2024 жылы 24 сәуірде №PREXS-0040/24 алынған. ЖСҚ дайындау үшін – 8,748 миллион теңге жұмсалған. Бағдарлама әкімшісі облыстық құрылыс басқармасына бірнеше рет бюджеттік өтінім жолданды.
Көкдөнен ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жобасы. Сметалық құны – 639,009 миллион теңге. Жобалаушы «КазКом Контракт» ЖШС-і. Сараптама қорытындысы 2024 жылы 4 маусымда №TE-0021/24 алынған. ЖСҚ жоба демеушілер есебінен дайындалды. Бағдарлама әкімшісі облыстық құрылыс басқармасына бірнеше рет бюджеттік өтінім жолданды.
Еңбекші ауылына 140 орындық мәдениет үйін салу жобасы. Сметалық құны – 333,750 миллион теңге. Сараптама қорытындысы 2022 жылы 16 желтоқсанда №СAPC-0239/22 алынған. Бюджетті өтінім құрылыс басқармасына өткізілді. ЖСҚ дайындау үшін – 8,303 миллион теңге жұмсалған.
Қызылшаруа ауылына 140 орындық мәдениет үйін салу жобасы. Сметалық құны – 464,0 миллион теңге. Сараптама қорытындысы 2023 жылы 20 желтоқсанда №PREXS-0115/23 алынған. Бюджетті өтінім құрылыс басқармасына өткізілді. ЖСҚ дайындау үшін – 8,303 миллион теңге жұмсалған. Мінеки, бұның бәрі еңбек. Қазақстанда өзге де облыстар бар. Оларға да мәдениет үйі, спорт кешені қажет. Ел көрген, жер көрген жандар біледі, біздің облыс датациялық облыс болса да, ешбір облыстан кем емес. Соны түсініп, мемлекеттік қызметкерлердің де жасап жатқан еңбегін бірауық бағалағанымыз жөн.
Марат Диханбай.
