Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Еділбек Тайлақовты көп адам біледі. Жүгіру оның хоббиі. Ол жүгіргенде де 100 не болмаса 200 метр емес, ұзақ шақырымға жүгіреді. Былайша айтқанда, марафон. Мына орталық Жібек жолы көшесінен арлы-берлі өтіп жатқан көлік тізгіндеген жүргізушілер оны күнде көреді. Өйткені ол осы көшенің бойымен күнде жүгіреді. Жоқ дегенде «Дендро» саябаққа дейін жүгіріп барып келеді. Бізге ол бір әңгімесінде Ақыртөбе ауылына дейін жүгіріп барғанын айтқан болатын. Ақыртөбе ауылыңыз, шамамен 60 шақырым қашықтық деген сөз ғой. Ал енді осыны еңбекқорлық десеңіз де, жанкештілік десеңіз де өз еркіңіз. Меніңше, нағыз еңбекқорлық осы.
Еділбек Тайлақовтың негізгі қызметі – жаттықтырушы. Яғни ол №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокстан балалар мен жасөспірімдерді жаттықтырады. Егерде газет оқитын адам болса біледі, біз Еділбек Тайлақовты да сан мәрте жазғанбыз. Еңбек демалыста жүргенде өзі хабарласқан еді. Шілде айында Алматы қаласында 50-54 жас аралығындағы ардагер спортшылар арасында жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты өткен екен. Бұл чемпионатқа Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Болгария, Эстония секілді бірқатар мемлекеттерден де спортшылар келіп, бақ сынапты. Жарыстың атауы Қазақстан чемпионаты болғанымен, өзге мемлекеттерден де спортшылар келіп қатысқандықтан, бұл жарыс халықаралық масштабта өткендігі белгілі жайт қой. Еділбек Тайлақов жеңіл атлетикадан қай жарысқа қатысса да орын алып келеді. Әйтеуір жүлдесіз қайтпайды. Себебі ол өте еңбекқор. Талай халықаралық жарыстардан жүлде еншілеп жүр. Содан кейін ғой, оның есімін көп адам біледі деп жазғанымыз. Оның жетістігінің бірсыпырасын жазғанбыз талай. Алматыда өткен осы чемпионатта да Еділбек Тайлақов 1,5 шақырымға жүгіруден жүлделі бірінші орын иеленіпті. Осы шақырымды ол 5 минут 25 секундта жүгіріп өткен. Бұл бірінші көрсеткіші ғана. 3 шақырымға жүгіруден де ол алдына жан салмапты. Бұл сында да Еділбек Тайлақов жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. 3 шақырымды ол 13 минут 32 секундта жүгіріп өткен екен. Тағы да айта кетейік, бұл чемпионат 50-54 жас аралығындағы ардагерлер арасында өткен. Әрдайым бұқаралық спортты қолдап, өзін әркез қамшылап жүгіріп, жас жеткіншектерге үлгі болып жүрген Еділбек Тайлақовтың бұл жетістігі де көпке үлгі болса екен.
Марат Диханбай.