Келісіп пішкен тон келте болмас

98 Views

Елдің ертеңі саналатын келешек ұрпаққа алғаш рет әріп танытып, адам бойындағы кісілік қасиетті үйрететін ұстаздар ұлттың ұстыны болуға әбден лайық. Қай дәуірдің ұлы тұлғалары болса да, олардың өзімен бірге ұлық ұстаздарының есімі қоса аталады. Тұлға да ұстазға бас иеді. Мұғалім – қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші тұлғасы. Әлі күнге дейін мұғалім көрсек именіп тұратынымыз, мектеп табалдырығын аттаған сайын сол бала күнгідей көңіл-күй мен толқуды бастан кешіретініміз жасырын емес. Ал мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Отбасы мен мектептен алған тәрбие әр адамның өміріне берілген ең алғашқы жолдама іспеттес. Биыл Қарақат ауылындағы №2 орта мектебінің ашылғанына 65 жыл толды. Қарақат ауылының жас ұрпағына білім шырағын жаққан бұл мектептің өмір жолы мен өсіп-өркендеу тарихы тереңнен сыр шертеді. Бұл мектеп 1963 жылы пайдалануға берілген екен. Осы жылдар аралығында мектеп ұжымы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Мектептің бірқатар түлектері ғалым, дәрежелі маман, танымал да беделді қызмет дәрежесіне ие. Сонымен қоса педагогикалық білім нәрімен сусындаған кейбір түлектер түлеп ұшқан мектептеріне қайта оралып, ұстаздарының жолын жалғастыруда. Мектеп ұстаздары да әр оқушыларын мақтан тұтады.
Ауыл мектебі 2022 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Ал биылғы жылы мектеп жанынан спорт зал құрылысы басталды. Мектептің материалдық оқу базасы жылдан-жылға нығайып, ғылыми негіздермен білім беретін пәндік кабинеттерді қайта жабдықтау қолға алынып, 2023 жылы физика, химия кабинеттері жаңа технологиялармен қайта жабдықталды. Қазіргі таңда мектепте 42 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде 25 педагог, 17 қызметкер еңбек етуде. Білім алып жатқан оқушылар саны 140-қа жуық. Ал мектепалды даярлық сыныпқа 10 оқушы қабылдануда. Жылдан-жылға мектеп оқушылары мен тәрбиеленушілердің саны да артып келеді. Мектеп шағын жинақты мектеп болғанына қарамастан жеткен жетістіктері де аз емес. Соңғы 3 жылда аудандық рейтинг қорытындысына сәйкес алдыңғы қатарлы мектептер қатарына кірді. Атап айтсақ, мектеп оқушылары Кәусар Қашқынбай, Досхан Айтқұлов, Ағжан Қалдыбай көркем сөз оқу байқаулары бойынша облыстық, республикалық жарыстарда топ жарса, Жарылқасын Айтқұлов республикалық IQANAT мектебіне оқуға түссе, Ерсұлтан Тоқтасын сияқты мектеп түлектері спорт та үлкен белестерді бағындырып жүр. Бұл жетістіктердің бәрі мектеп басшылығы мен мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің жемісі деп білемін. Осындай тарихы мол мектепті Бөлеген Жапарқұлов, Көпжасар Өскенбаев, Бақытжан Утебаев, Ақбота Стыбаева, Ербол Кайпулдаев сынды басшылар басқарса, қазіргі таңда бұл мектепті Әлішер Жомарт басқарады. Әлішер Жомарт осы мектептен білім жолын бастап, басқа білім беру мекемелерінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарып, осы мектепке басшы болып тағайындалған білімді азамат. Әлішер Ардақұлы оқу-тәрбие ісін толық меңгерген, ұжымда моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруда талапшыл, көпшіл, адамгершілігі мол, көп құрметіне лайықты іскер басшы. Әлішер Ардақұлы сонымен бірге ауылдың әлеуметтік жағдайының, мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, кез келген қоғамдық жұмыстардың басында жүріп, өзінің іс -тәжірибесімен бөлісіп, қолдан келген көмегін беріп отырады.
Мектеп басшысы ауыл азаматтарымен, демеушілермен де тығыз қарым-қатынаста. Соңғы 3 жылда демеушілік тарапынан біраз жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, мектеп дәлізі мен пән кабинеттерінің жалюзбен жабдықталуы, тарих кабинетінің жиһазбен жабдықталуы, мектеп ауласына «Ұстаздар аллеясының» жасалуы соның айқын дәлелі десем болады.
Халық қашанда көреген, әркез сыншы да. Халық берген баға – марапаттың ең үлкені. Халық құрметі – ең бағалы сыйлықтан да қымбат. Кез келген уақытта ата-аналармен, мұғалімдермен сөйлесе қалсаңыз, Әлішер Жомарттың іскерлігін, табандылығын, еңбекқорлығын, адамгершілігін, жаңашылдығын, жүрегі жылы ізгі жан екенін айта жөнеледі. Іс тәжірибесі толысқан осындай білікті мектеп директорының шәкірттерге де, жас мұғалімдерге де тигізер көмегі мол.

Зәмзә Сырайлова,
Қарақат ауылының тұрғыны, «Парасат» аналар
кеңесінің төрайымы.

Поделиться ссылкой: