Ағзада йод тапшылығы туындаса…

125 Views

Йод – адам ағзасының маңызды бөлігі. Мөлшері аз, 20-30 мг аспа­ғанымен, йод қалқанша без гормон­дарының (тиреоидты гормондар) түзі­луінің таптырмас қатысушысы. Бұл гормондарды ағзаның барлық органдары мен жүйелері қажет етеді. Олар ақуыз, май, көмірсулар алмасуына және терморегуляцияға әсер етеді. Йодтың жеткілікті мөлшері адамды физикалық және ақыл-ой белсенділігі үшін энергиямен қамтамасыз етіп, ағзаның өсуіне, дамуына және жасу­ша­лардың қалпына келуіне ықпал етіп отырады. Йодтың тапшылығы болмағанда, адам өзін сергек, өмірлік күшке толы, сау және көңілді сезінеді. Сонымен қатар йодтың ақыл-ой дамуына тікелей әсер ететіндігіне ғылыми дәлелденген деректер бар.

Йод тапшылығының белгілері. Йод тапшылығының бірнеше белгілері бар. Оларды қабылдауға және есте сақтауға ыңғайлы болу үшін топтарға біріктіруге болады: эмоциялық, иммундық тап­шылық, ісіну, гинекологиялық, кар­дио­логиялық және гематологиялық. Денсаулығыңыз бен ағзаңызды бақылай отырып, жақындап қалған проблеманы дер кезінде анықтап, оның алдын алудың шұғыл шараларын қабылдай аласыз.

Йод тапшылығының эмоциялық белгілері тобына мыналар жатады: нақты кісіге тән емес тітіркенгіштік, ұмытшақтық, зейіннің және реакцияның нашарлауы, ұзаққа созылған депрес­сиялық жағдай, өмірлік тонустың төмендеуі, ұйқышылдық және ағзаның жалпы әлсіздігі.

Иммундық тапшылық тобы бір басты белгіні қамтиды – иммунитеттің әлсіреуі және соның салдарынан инфекцияларға, суық тию ауруларына ерекше бейімділік және созылмалы аурулардың дамуы.

Ісінулер йод жетіспеушілігінің алғы шарттарының бірі болып саналады. Бұл көз айналасындағы ісінуге де, басқалардың бәріне де қатысты. Қол, аяқ және т.б. Бұл ретте ісінулерден арылу үшін несеп айдайтын препараттарды қабылдауы жай-күйді ушықтырады, оларға тәуелділіктің қалыптасу ықти­мал­дығын бірнеше рет арттырады.

Йод тапшылығының ең бастапқы сатысының гинекологиялық белгілері етеккір циклінің бұзылуы, емізіктердің жарылуы сияқты ауытқуларды бірік­тіреді. Ал аурудың асқынған сатысында бедеулік немесе ерте климакс пайда болуы да мүмкін.

Кардиологиялық топ: атеросклероз, аритмия, төменгі қысымның жо­ғары­лауы. Бұл белгілер үшін жоға­ры­да аталған ауруларды емдеу көз­ге көрінбейтін нәтижесіз өтуі мүм­­кін. Өйткені дамып келе жатқан йод тапшылығы аясында тиісті препа­раттарды қолдану тиісті және ұзақ мерзімді әсер бермейді. Бұл гемато­ло­гиялық белгілерге де қатысты (гемоглобин деңгейінің төмендеуі), ем­деуші дәрігерлер тағайындаған дәрі-дәрмектер аз әсер ететін болады.

Ақырында адамда йод тапшы­лығының ең айқын белгілерінің бірі – зобтың өсуі. Бірақ бұл үдемелі аурудың белгісі.

Йод тапшылығы несімен қауіпті? Йод тапшылығының қауіптілігі жоғарыда аталған белгілердің барлығы айтарлықтай асқынады және тиісті ем болмаған кезде қайтымсыз болуы мүмкін. Ал ұлғайып келе жатқан зоб жақын маңдағы органдарға қысым жасай бастайды, сол себептен құрғақ жөтел, тұншығу ұстамалары және тамақ жұтқан кезде қиындықтар тудыруы мүмкін.

Сондай-ақ, әйелдерде йод тапшы­лығынан сүт бездері ауруларының дамуы мүмкін. Қалқанша без функцияларының төмендеуі – балалар мен жасөспірімдерде сүйектердің өсуін баяулатады.

Жүкті әйелдер үшін йод тапшылығы өте қауіпті болып саналады.  Өйткені бұл ұрықтың дұрыс дамуына және жаңа туған нәрестелердің меңіреулігіне, тіпті өлі тууына әкелуі мүмкін.

Балалардағы қалқанша безінің асқынған ауруларының салдарынан физикалық және ақыл-ой дамуының бәсеңдеуі, баяу өсуі, сөйлеу бұзылулары, керең-мылқау болуы мүмкін.

Йод тапшылығы жасы үлкен адамдар үшін де қауіпті. Себебі белгілі бір жасқа дейін ғана біздің ағза пайда болған проблеманы өз бетінше шеше алады және йод жетіспеушілігін өтейді.

Йод тапшылығының алдын алу. Онымен қалай күресуге болады? Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) физиологиялық, яғни жасына байланысты микроэлементті – йодты тұтынудың тәуліктік нормаларын белгілеген. Орташа алғанда бұл норма күн сайын 120-дан 150 мкг-ға дейін.

Йодтың негізгі мөлшері біздің ағзамызға азық-түлікпен келіп түседі. Ең көп концентрациясы теңіз балығында, теңіз өнімдерінде, теңіз балдырларында және балық майларында – шамамен 800-1000 мг/кг.

 Г.Темирбекова,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық 

бақылау  басқармасы басшысының міндетін

 атқарушы.

Поделиться ссылкой: