Мамай мен Сөгетіге таза ауыз су келді
55 ViewsӨткен жұмада Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарының тұрғындары үшін тарихи күн болды. Олай деуге толықтай негіз бар. Себебі талай жылдан бері…
Жуырда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында кикбоксингтен жастар мен ересектер арасында әлем кубогы өтті. Бұл дүбірлі додада 55 мемлекеттен 800-ге жуық спортшы бақ сынап, әр елдің мықтылары өз шеберлігін көрсетті.
Кикбоксингтен Ташкент қаласында өткен әлем кубогінің жарысына жерлестеріміз, Қызылшаруа ауылының тумалары Нұрзат Рыскелді мен Алинұр Қақпанбай да қатысқан болатын. Осы жарыста жастар арасындағы бәсекеде Нұрзат Рыскелді топ жарса, ересектер арасындағы додада Алинұр Қақпанбай қола медальға ие болды.
Ташкент төрінде өткен дүбірлі додада Нұрзат Түркия, Тәжікстан және Польша елдерінің спортшыларын жеңіп, финалға дейін шықты. Ақтық бәсекеде өзбекстандық спортшымен кездесіп, шеберлігін, төзімділігін және тактикалық дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті. Нұрзат 2023 жылдан бері кикбоксингпен шұғылданады. Бұл – жас спортшы үшін ғана емес, тұтас аудан мен ел спорты үшін үлкен мақтаныш.
Ал 2021 жылдан бері кикбоксинг спортымен айналысып келе жатқан Алинұр Қақпанбай бұл жарыста қола жүлде иеленді. Ол жартылай финалда өзбек қарсыласына есе жіберсе де, жарысты жақсы көрсеткішпен аяқтады. Бұл – жоғары деңгейдегі жарыс үшін үлкен нәтиже әрі алдағы жеңістердің бастауы.
Нұрзат Рыскелді мен Алинұр Қақпанбай бүгінде Тараз қаласында Мақсат Мирасиловтың жетекшілігімен жаттығады. Ал олардың алғашқы бапкері – аудан спортының дамуына үлес қосып жүрген білікті жаттықтырушы Тұрарбай Саткенов екенін айта кеткеніміз жөн.
Екі спортшы да халықаралық додаларда ел намысын қорғауға дайын екенін айтады. Олар алдағы уақытта Азия және Әлем чемпионаттарында өнер көрсетуді мақсат тұтып отыр. Қос спортшының еңбектеріне сәттілік, алдағы жарыстарда жарқын жеңістер тілейміз!
Айнұр Амангелдіқызы.