Мамай мен Сөгетіге таза ауыз су келді
53 ViewsӨткен жұмада Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарының тұрғындары үшін тарихи күн болды. Олай деуге толықтай негіз бар. Себебі талай жылдан бері…
Жуырда аудан әкімі Ернар Есіркепов Алматы облысына арнайы іссапармен барып, бірқатар инвесторлармен кездесті.
Сапар барысында еліміздің сүт өнімдерін өңдеу нарығында қарқынды дамып келе жатқан «NEO MILK» компаниясының басшылығымен жүздесіп, нәтижесінде қос тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында зауыт ғимаратының дәл осындай екінші нұсқасын аудан аумағында салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
«NEO MILK» – жуырда ғана құрылған, сүт өңдеу саласында инновациялық технологияларды қолданатын компания. Кәсіпорын жылқы, ешкі және түйе сүтінен экологиялық таза өнімдер өндіреді. Бүгінде компания Алматы облысында тәулігіне 50 тоннаға дейін сүт өңдейтін заманауи зауытты іске қосқан. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру көзделуде. Тіпті отандық өнімді Қытай нарығына экспорттау жоспары да бар.
Жоғары сапада дайындалатын «Neo Saumal», «Shubat», «Goat Milk» және құрғатылған сүт өнімі «Мама знает» Қытайдың тауар өндірушілері тарапынан қызығушылық тудырып отыр.
Бұл сұранысты толық қанағаттандыру үшін компания өз көкжиегін кеңейтуге мүдделі. Осыны ескерген кәсіпорын басшылығы шөбі шүйгін, дәрілік өсімдіктер мен минералдарға бай, жазық даласы мен таулы аймағы бар Тұрар Рысқұлов ауданын таңдады. Өз кезегінде компания өкілдері жергілікті әкімдікпен тығыз әріптестік орнатып, өңірдегі сүт өңдеу саласын жаңа деңгейге көтеруге дайын екендіктерін жеткізді.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов өз сөзінде:
– «NEO MILK» сияқты инновациялық компаниялардың келуі – аудан экономикасына жаңа серпін беретін, ауылшаруашылығын дамытудағы нақты қадам, – деп атап өтті.
Меморандум аясында қос тарап сүт өндірісін дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау және жергілікті фермерлерден шикізатты бекітілген бағада сатып алу мәселелерін бірлесе жүзеге асыруға келісті.
Төскейі төрт түлікке толы біздің аудан үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Жобаның жүзеге асуы – өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, жергілікті бюджеттің көлемін ұлғайтатыны сөзсіз.
Сапар барысында аудан әкімі Ернар Есіркепов Оңтүстік Кореяның KT&G компаниясының өкілдерімен және бірқатар құрылыс материалдарын өндіретін зауыт басшыларымен де кездесіп, аудан аумағында олардың филиалдарын ашу туралы ұсыныс жасады.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.