Мамай мен Сөгетіге таза ауыз су келді
54 ViewsӨткен жұмада Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарының тұрғындары үшін тарихи күн болды. Олай деуге толықтай негіз бар. Себебі талай жылдан бері…
Қазан айының 23-і мен 25-і күндері, яғни өткен аптада Құлан ауылындағы «Бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының» ғимаратында еркін күрестен 2011-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрманбетов Серік Қайсарұлын еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир өтті. Бұл турнирді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі, Тұрар Рысқұлов ауданындағы №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес бөлімінде жаттықтырушылық қызмет атқаратын Серік Қайсарұлының шәкірттері және ауданымыздағы спортқа жанашыр азаматтар ұйымдастырды. Турнир биыл 5-ші рет өткізіліп отыр. Бұл республикалық турнирге Жамбыл облысының аудандарынан өзге Тараз қаласындағы спорт интернаттарынан, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Жетісу облыстарынан, Ақтау, Талдықорған, Алматы, Шымкент секілді ірі мегополистердің спорт интернаттарынан, сондай-ақ, Қырғызстан мемлекетінен де жасөспірім спортшылар келіп, бақ сынады. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, сөз сөйледі. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өз сөзінде Серік Қайсарұлының аудан спортының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін айтты. Аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы да жаттықтырушы Серіктің ел арасында зор абыройға ие азамат болғанын тілге тиек етті. Одан кейін сөз сөйлеген Серік Нұрманбетовтің бауыры Берік Қайсарұлы ағасының азаматтық болмысын, яғни оның қастыққа емес, достыққа адал азамат болғанын айтты.
Жарыстың ашылу рәсімінен соң ақ балуандар бозкілемде күресті жалғастырып кетті. Жарыстың басынан аяғына дейін сонда жүріп, күрес көрдік. Екі күнге созылған республикалық жарыстың нәтижесі төмендегідей болды. 35 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарға Нұрислам Ғабитхан (Ақтөбе), Бақытжан Омаров (Интернат) ие болса, ақтық бәсекеде қарсыласқа есе жіберген алматылық Асмир Гусейновке (РКС) жүлделі екінші орын бұйырды. Маңғыстаудан келген Бағдат Қынжалға бұл салмақта тең келер қарсылас табылмады. Ол осы салмақтың жеңімпазы болды. 38 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарды атыраулық Ерсайын Талап пен Жәнібек Абдирашов (Интернат) иеленсе, Қырғыз елінің жас балуаны Рамзан Кубатбеков ақтық сында қазақ жігітіне есе жіберіп, жүлделі екінші орынға ие болды. Бұл салмақта алматылық Мирас Абдыкаримнің мерейі үстем болды. Ол осы салмақтың жеңімпазы атанды. 41 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарға Қырғызстаннан келген қос болуан, яғни Алишах Қалдаров пен Чыңгыз Исманов ие болса, жүлделі екінші орын ақтөбелік Есбол Серікке бұйырды. Бұл салмақта Бақдәулет Серік (Тұрар Рысқұлов ауданы) жеңімпаз атанды. 44 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарды Абылайхан Аманәлі (РШИ), Айсұлтан Бауыржанұлы (РШИ) иеленсе, жүлделі екінші орын атыраулық Ерасыл Ерболатқа бұйырды. Осы салмақтың чемпионы Дінислам Меркібек (Тұрар Рысқұлов ауданы) атанды. 48 келі салмақ дәрежесінде алматылық Мадияр Абдыкарымов пен ақтөбелік Ахмад Иманғали үздік үштіктен көрінсе, жүлделі екінші орын Арлан Сулейменовтің (РШИ) еншісіне жазылды. Атыраулық Амир Серік осы салмақтың чемпионы атанды.
52 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарға Аңсар Қадыбекұлы (Атырау), Амир Қабес (Атырау облысы) ие болса, финалда қарсыласқа жол берген қызылордалық Жансерік Ерболатқа жүлделі екінші орын бұйырды. Бұл салмақта алматылық Аршын Елубек өзінің шеберлігін көрсетіп, жеңімпаз болды. 57 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарды Эльдар Аббасов (Интернат), Алихан Жорабек (Интернат ) иеленсе, жүлделі екінші орын Нұрасыл Нұрғалиға (Шаңырақ) бұйырды. Атыраулық Нұрмұхаммед Бауыржан осы салмақтың чемпионы атанды. 62 келі салмақ дәрежесінде Нұрислам Құдіретулла (Тараз), Бекмырза Қайрат (Шымкент) үздік үштіктен көрінсе, Батырхан Қарақыстақбайдың (Интернат) еншісіне жүлделі екінші орын жазылды. Алматылық Дастан Айтбаев 62 келі салмақ дәрежесінде топ жарды.
68 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орын Нурислам Таубек (РШИ), Омар Нұрталиптің (Ақтөбе) еншісіне жазылса, жүлделі екінші орынға Ахат Галиулла (Атырау облысы) ие болды. Ерназар Тұрғын (Тұрар Рысқұлов ауданы) бұл салмақтың жеңімпазы атанды. 75 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарға Тамирлан Чабиков (Маңғыстау облысы), Мейіржан Манарбекұлы (Атырау) ие болса, жүлделі екінші орын Санжар Дурсыновқа (Меркі Алаш) бұйырды. Бауыржан Дәулетұлы (Шаңырақ) осы салмақтың чемпионы болды. 85 келі салмақ дәрежесінде меркілік Арнұр Альметов пен Жетісу облысынан келген балуан Мейіржан Тұрысбек үздік үштіктен көрінсе, жүлделі екінші орын жуалылық балуан Ерасыл Медеубектің еншісіне жазылды. 85 келі салмақ дәрежесінде Санжар Сеиткран (Тұрар Рысқұлов ауданы) үздік болып, жеңімпаз атанды.
Турнир соңында жеңімпаз атанған балуандарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы белбеулер табыс етілді. Жеңімпаз атанған балуандардың бапкерлері мен жарыста төрелік еткен төрешілерге демеушілер есебінен қаржылай сыйлық та берілді. Осы турнирде жеңімпаз және жүлдегер атанған балуандардың барлығына да алғыс хаттар, медальдар табыс етілді және «Спорт шеберіне үміткер» атағы да беріледі. 41 келіде жеңімпаз атанған Бақдәулет Серіктің бапкері Исмаил Рустамов, 44 келіде топ жарған Дінислам Меркібектің бапкері Асхат Телекеев, 68 келіде жеңімпаз болған Ерназар Тұрғынның бапкері Қуаныш Тұлымшақов, 85 келіде топ жарған Санжар Сеиткранның бапкері Мәди Абилов екенін айта кеткеніміз жөн.
Айта кетейік, бұл турнир дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып тұрады.
Марат Диханбай.