Ботулизм – инфекциялық ауру

47 Views

Ботулизм жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық ауру түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады. Токсин – органикалық улар­дың ең күштілерінің бірі. Адам үшін өлтіретін мөлшері болып 0,035 мг ток­син саналады. Токсин физикалық және химиялық факторлардың әсе­рі­не төзімді. Оны 10-20 минут қай­натқанда бұзылады. Ол натрий хлори­ді концентрациясы көп ортада жақ­сы сақталады. Ботулизмнің қоздыр­ғышы адамның, жануарлардың, балық­тардың ішек жолдарында, топырақта, көңде, жеміс-жидекте, жем-шөпте, мал азықтарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм ауруының 90%-ы тұрмыс­тық жағдайында дайындалған саңы­рау­құлақ, баклажан, көкөніс, ет, ба­лық консервілерін және тұздалған, ыс­талған балық, шұжық, сүрленген шошқа етін пайдаланғаннан болады, яғни технологиялық ереже сақталмай дайын­далған әртүрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда орын алады. Консервіленген тағамда CI.botulinum микроорганизмі өсіп, жетілген кезде банкінің беті мен түбі ісінеді, осының салдарынан қақпағы көтеріледі, оны «бомбаж» дейді.

Аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды. Науқас адамның басы ауырып  әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, ауызы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады. Неврологиялық белгілер (көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді, науқастың жұтынуы қиындап, бірте-бірте дауысы­нан айрылады (афония).

Ботулизмнің  алғашқы  белгісі білінісі­мен  науқасты  ауруханаға жат­қызу керек. Оған жедел түрде ботулизмге қар­сы арнаулы иммунды сарысу егі­леді. Мұндай сарысуды науқаспен бір­ге болып, уланған консервімен тамақ­танған басқа адамдарға да егу қа­жет. Бұл аурудан сақтану үшін азық-түліктерді өңдегенде, тасымалдағанда, сақта­ған­да, дайындағанда, соның ішінде үйде консер­вілегенде санитариялық-гигиена­лық ережелерді мұқият орындау қажет.

Ботулизм ауруының алдын алу жолдары:

– санитариялық тазалықты сақтау, тамақ өнімдерін консервілеуде техно­логиялық процесті қатаң сақ­тау, кон­сер­­віленген өнімдердің сақ­талуын қада­ғалау, жылы, ыстық орын­дарда сақ­та­мау. Жалпы консер­віленген тағам­дардың бәрін төменгі тем­пера­турада сақтап, қолданар алдында 40-30 минут бойы қайнатып алған дұрыс. Үлкен ыдыстарда, көп мөлшерде тұз­далған тағамдар дайындау қауіпті. Өйт­кені оның түбінде ауасыз жағдай қалып­тасып ботулизм токсині түзілуі мүмкін;

– қалай дайындалғандығы белгісіз, дайын­дау, сақтау мерзімі көрсетілмеген, ұзақ сақталған тағамдарды кездейсоқ жер­лерден, базарлардан сатып алмау қажет. Және консервіленген өнімдерді пай­далану алдында қақпағы күмпиген (ісінген) бомбаж және «бұлыңғыр» түр­дегі өнімдерді пайдаланбаған дұрыс.

Егер күдікті тағамдар қолданған кез­де және аурудың белгілері пайда болса тез арада дәрігерге қаралу қажет.

 Г.Темирбекова,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынын бас маманы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий