ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ҚОҒАМ ТАЛАБЫ
20 ViewsЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ҚОҒАМ ТАЛАБЫ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу – жел диірменмен алысу», – деп атап…
ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ҚОҒАМ ТАЛАБЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу – жел диірменмен алысу», – деп атап көрсеткендей, қоғам дамуы ең алдымен ашықтық пен әділдікке сүйенеді. Ел Президенті айтқан бұл ұстаным ауданымызда жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың негізгі бағытына айналды.
ЖЕМҚОРЛЫҚ – ЕЛ ДАМУЫНА ҚАУІП
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік институттардың тиімділігіне кері әсерін тигізіп, әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуді тежейтіні белгілі. Осыған байланысты ауданымызда Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты аясында жүйелі шаралар қолға алынған.
Басты мақсат – жемқорлықтың туындауына жол ашатын алғышарттарды жою, тәуекелдерді азайту және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру.
АЛДЫН АЛУ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
Ауданда жүргізіліп жатқан кешенді алдын алу шараларының негізінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен құқықтық сауаттылықты көтеру бағыттары тұр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру ең әуелі ағартушылықтан басталады.
Биылғы 11 айда жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 41 іс-шара өткізіліп, 1000-ға жуық жас қамтылды. Бұл – жас буынды адалдық қағидатына тәрбиелеудегі маңызды нәтижелердің бірі.
Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жыл сайын жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 1 жоба тұрақты іске асырылып келеді.
ҚОҒАМ МЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ АШЫҚТЫҚ
Ауданда «Адалдық алаңы», «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Адалдық дүкені», «Халық заңгері» сынды жобалар белсенді жұмыс істеуде. Бұл бастамалар адалдық құндылықтарын насихаттап, қоғамның сенімін арттыруға қызмет етеді.
Мемлекеттік қызметшілер арасында Әдеп кодексі мен қолданыстағы заңнаманы сақтау бойынша жүйелі оқыту, семинарлар мен түсіндіру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия жыл басынан бері 3 отырыс өткізіп, онда сыбайлас жемқорлық бойынша 12 мәселе қаралып, барлық тапсырмалар толық орындалды.
ЦИФРЛАНДЫРУ – СЫБАЙЛАСТЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН ТӨМЕНДЕТУ ҚҰРАЛЫ
Электронды мемлекеттік қызметтердің дамуы – жемқорлықтың алдын алудағы тиімді тетік. «Электрондық үкімет», «Е-лицензиялау», kezekte.kz, gosagro.kz, enbek.kz, Damumed және өзге де платформалар қызмет көрсету сапасын арттырып, адам факторын азайтуда.
Бюджет шығындарына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Ашық бюджет» порталында ауданның барлық қаржылық ақпараттары тоқсан сайын жарияланып отырады.
АДАЛ ҚОҒАМ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Азаматтардың құқықтық сауатын көтеру, заңға құрметті арттыру – жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі жолы. Сауатты азамат қандай да бір құқыққа қайшы әрекетке тап болғанда, оны айналып өтудің емес, заң аясында шешудің жолын таңдайды.
Жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, әрбір азаматтың борышы. Адалдықты өмір салтына айналдыру арқылы ғана Жаңа Қазақстанның биік мақсаттарына қол жеткізе аламыз.
ЕРНАР ЕСІРКЕПОВ
Т.Рысқұлов ауданының әкімі