Бас жүлдені  – «Созақ спорт клубының» жігіттері жеңіп алды 

105 Views

6 желтоқсан – Прокуратура қызметкерлері күні. Осыған орай еліміздің әрбір аймағында түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілді. Ауданымызда да прокуратура қызметкерлері күніне орай өткен сенбіде аудан прокуроры Болатхан Тоғанбайұлының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» ұранымен волейболдан аудандық ашық турнир өтті.

Турнирге еліміздің әрбір аймағынан, яғни Ақтөбе, Жетісу, Түркістан, Абай, облыстарынан, ел ордасы Астанадан, Шымкент, Тараз қалаларынан және Қордай, Мойынқұм, Жамбыл, Меркі, Байзақ және Тұрар Рысқұлов аудандарынан жалпы жиынтығы 22 команда қатысты.  Бұл турнирге көршілес Қырғыз мемлекетінен де команда келіп, бақ сынады.

Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық сот төрағасы Айдарбек Ағабайұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлан Түменбаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов, ауданның бас имамы Қуаныш Түзелбаев, «Сұлтан» мешітінің наиб имамы Сұлтаншәріп қажы Жадраев қатысты. Турнир шымылдығын аудан прокуроры Болатхан Тоғанбайұлы сөз сөйлеп, ашып берді. Ол өз сөзінде прокуратура қызметкерлерінің төл мерекесіне орай былтыр аудандар арасында футболдан жарыс ұйымдастырылса, биыл волейболдан ашық турнир өткізіліп отырғандығын тілге тиек етіп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан кейін аудан басшысы Ернар Серікәліұлы да сөз сөйлеп, бұл турнирдің маңыздылығына тоқталды.

Турнирді бастан-аяқ тамашаладық. Турнирде шыныменде деңгейі жоғары командалар бақ сынады. Әсіресе «Алакөл Қызылқайың» командасы жігіттерінің ойын өрнегі көпшілікті тәнті етті. Таң алагеуімнен басталған жарыс түн жарымына дейін созылып, жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталды. Турнир қорытындысында жүлделі үшінші орынды «Алматы Шырын» командасы иеленді. Жүлделі екінші орын «Алакөл Қызылқайың» командасына бұйырды. Олар ақтық сында тартысты өткен сайыста Түркістан облысынан келген «Созақ спорт клубы» командасының жігіттеріне есе жіберді. Есеп: 2-1. Түркістан облысынан келген «Созақ спорт клубының» командасы шын мәнінде жеңімпазға лайық өнер көрсетті. Жас та болса, азулы қарсыластарынан қаймықпай, қомандалық жақсы ойын ойнай білген «Өскемен Абырой» командасының жігіттері үздік төрттікке енді. Турнирде өзге де түрлі номинациялар да болды. Атап айтсақ, «Үздік шабуылшы» номинациясын  Санжар Мешітбай,  «Үздік байланыстырушы» номинациясын  Ержан Абиев,  «Үздік қорғаушы» номинациясын  Аділжан Турдиев, «Үздік ойыншы» номинациясын Ернұр Шамке иеленді.

       Март Диханбай.

Поделиться ссылкой: