Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Бұл жұмыстардың мақсаты – азаматтық белсенділікті дамытуға бағытталған
Редакциямызға көптеген мақалалар жолданады. Жақын арада газетіміздің электрондық поштасына аудандық сайлау комиссиясының 2025 жылы атқарған жұмысы туралы материал келіп түсті. Осы материалдарды ізін суытпай, газетіміздің бүгінгі нөмірінде жариялап отырмыз.
Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының 2025 жылдың 13 тамызындағы №11 қаулысын іске асыру мақсатында Т.Рысқұлов ауданында сайлау мәдениетін арттыру, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын кеңейту және сайлау науқанына қатысты маңызды ақпараттарды таратуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылды.
Осы ауқымды жұмыстың басты бағыттарының бірі – «Саналы түрде таңдаңыз» конкурсы болды. Конкурс аудиторияға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының озық үлгілерін көрсету, жас сайлаушыларға сайлауға саналы қатысу мәдениетін қалыптастыру және аудан тұрғындарын демократиялық құндылықтарға баулу мақсатында ұйымдастырылды.
Аудандық сайлау комиссиясы бұл конкурстың орындалуы аясында жеті бағыт бойынша жұмыстар жүргізді. Әлеуметтік желілерде арнайы ақпараттық парақшалар жасалып, түсіндіру бейнеролигі жарияланды. Ауыл тұрғындарына арналған үш кездесу мен қысқа дәрістер өткізіліп, азаматтардың сұрақтарына жауап беру үшін ашық есік күндері ұйымдастырылды. Сонымен қатар 12 мектеп пен Құлан агротехникалық жоғары колледжінде жас сайлаушыларға арналған шағын тренингтер өткізілді. Бұл шаралар жас ұрпаққа сайлаудың қоғам үшін маңыздылығын түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталды. Осы шараларға мыңнан астам оқушы мен студенттер қатысты.
Сайлау мәдениетін қалыптастыру, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сайлау науқаны жөніндегі маңызды ақпараттарды қолжетімді ету мақсатында «Сайлау – ел болашағы» атты ақпараттық бұрыштарды жасақтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Яғни мұнда ауданға қарасты ауылдық округтердің мектептері мен кітапханаларының ішінен арнайы ақпараттық бұрыштар ашып, сайлауға қатысты маңызды мәліметтер, түсіндірме материалдар, инфографикалар, әдістемелік жадынамалар мен фотосуреттер орналастырылуда. Аталған бұрыштар тұрғындардың сайлау үдерісіне қатысты өзекті ақпаратты еркін алуына, сайлау тәртібі мен кезеңдері жөнінде жан-жақты танысуына мүмкіндік береді.
Ақпараттық бұрыштардың басты мақсаты – ел болашағына әсер ететін маңызды саяси науқанда әрбір азаматтың саналы таңдау жасауына жағдай туғызу, сайлаушылардың құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен түсіндіру. Сондай-ақ, жастар арасында электоралдық мәдениетті арттыру және қоғамның сайлау үдерісіне белсенді қатысуын ынталандыру да негізгі бағыттардың бірі.
«Сайлау – ел болашағы» ақпараттық жобасы аудан тұрғындарының саяси сауатын арттыруға және сайлау мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосуды мақсат етеді.
Тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру және сайлау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Дауыс бер! Өз болашағыңа бейжай қарама!» атты бейнеүндеу дайындалып, әлеуметтік желілер мен ақпараттық арналар арқылы кеңінен таралды.
Бейнеүндеуде аудан жастары сайлаудың маңыздылығын, әрбір дауыс халық тағдырына әсер ететінін атап өтіп, тұрғындарды өз таңдауларын саналы түрде жасауға шақырды. Үндеу әсіресе жастардың назарын аударып, сайлауға қатысуға деген қызығушылықты арттырды. Бұл бастама азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және сайлаушылардың белсенділігін көтеруге бағытталған маңызды құралға айналды.
Т.Рысқұлов ауданында жас және болашақ сайлаушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың патриоттық сезімін нығайту және сайлау мәдениеті мен белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында зияткерлік ойын ұйымдастырылды.
Іс-шараға 15-19 жас аралығындағы 127 колледж студенттері мен 236 мектеп оқушылары қатысты. Зияткерлік сайыс барысында қатысушыларға сайлау үдерісі, сайлаушылардың құқықтары мен міндеттері, еліміздің мемлекеттік құрылымы, сондай-ақ, жастардың қоғам өміріндегі рөлі жөнінде түрлі сұрақтар қойылды. Командалар өз білімдерін, ойлау қабілеттерін, командадағы бірлігін көрсетті.
Ойын барысында жастар шығармашылық ойлау қабілеттерін, өзара байланыс және ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетті. Қорытындысында үздік командалар арнайы марапатталып, қатысушыларға мотивациялық әсер сыйлады. Бұл шара жас сайлаушыларды саналы таңдау жасауға және қоғам өміріне белсенді араласуға ынталандырды.
Жас ұрпақтың сайлау мәдениетін қалыптастыру мақсатында мектеп оқушылары арасында «Мен әділ сайлауға сенемін!» тақырыбында эссе байқауы және шығармашылық көрме ұйымдастырылды.
Оқушылар өз жұмыстарында әділдік, жауапкершілік, азаматтық ұстаным және ел болашағына болашағына деген сенімділіктерін осы жерде анық көрсетті. Эссе мен суреттер жасөспірімдердің ой-өрісінің кеңдігін, қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамайтындығын айқын көрсетті.
Сонымен қатар аудан мектептерінде «Болашақ сайлаушылар арасында республикалық сайлау диктанты» өткізілді. Диктантқа 10–18 жас аралығындағы 3944 оқушы қатысты. Олар сайлау туралы білім деңгейін, құқықтық сауаттылығын және негізгі электоралдық ұғымдарды көрсетті.
Бұл шаралар жасөспірімдерді саналы болашақ сайлаушы ретінде тәрбиелеуге, олардың саяси сауатын арттыруға және азаматтық белсенділікті дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
ашық кездесуі
Ағымдағы жылдың 10 қараша күні Абай ауылдық округінде тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру және сайлау мәдениетін дамыту мақсатында «Сайлау – халық таңдауы» атты маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға ауылдың белсенді тұрғындары, ақсақалдар, жастар және түрлі сала өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – сайлау процесінің маңызын түсіндіру, әрбір азаматтың дауыс беру арқылы елді, ауылды, округті дамытудағы рөлін айқындау және тұрғындармен тікелей пікір алмасу алаңын қалыптастыру болды.
Шара барысында қатысушылармен еркін форматтағы әңгіме өрбіді. Тұрғындар сайлау жүйесі, дауыс берудің тәртібі, жергілікті өзін-өзі басқарудағы азаматтардың рөлі жөнінде сұрақтар қойып, көкейлеріндегі ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе ауылдың инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық мәселелерді шешу және жергілікті басқару жұмыстарының тиімділігі туралы ойлар талқыланды.
Кездесуде сайлау – тек бір күндік науқан емес, ел болашағына әсер ететін маңызды қадам екені айтылды. Тұрғындар өз дауысының ауылдың дамуына ықпал ететінін түсініп, алдағы сайлауларға белсенді қатысуға ниет білдірді.
Ашық форматта өткен бұл басқосу ауылдық округтің қоғамдық белсенділігін арттыруға және азаматтық сана-сезімді қалыптастыруға оң ықпал етті.
Сайлау мәдениетін насихаттау мақсатында аудан орталығындағы 5 мектепте «Сайлау тарихы» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Қазақстандағы алғашқы сайлаулар мен референдумдар, заңдар, тарихи фотосуреттер мен құжаттар қойылды.
Қатысушылар еліміздің демократиялық дамуы мен сайлау жүйесінің қалыптасу тарихымен танысты. Көрме жас ұрпаққа сайлауға деген қызығушылықты арттыруға, құқықтық және азаматтық білімдерін кеңейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар тұрғындардың электоралдық мәдениетін көтеру және ел тарихына құрметпен қарауды қалыптастыру –шараның басты мақсаттарының бірі болды.
Т.Рысқұлов ауданындағы мектеп оқушылары мен Құлан агротехникалық жоғары колледж студенттерінің өзін-өзі басқару ұйымдары үшін маңызды демократиялық шара – президенттерді сайлау өтті. Бұл сайлау жас буынның көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, олардың оқу орнының қоғамдық өміріне белсенді араласуына және азаматтық жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.
Сайлау науқаны барлық білім беру мекемелерінде ашықтық, әділдік және белсенділік қағидаттарына сай ұйымдастырылды. Үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, оқу орнының дамуына қатысты идеяларын, жаңа бастамаларын және оқу, тәрбие, мәдени іс-шаралар бағытындағы ұсыныстарын ұсынды.
Дауыс беру мектептер мен колледжде арнайы жабдықталған кабинеттерде өтіп, білім алушылар өз таңдауларын еркін жасады. Бұл процесс жастардың қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтынын, мектеп пен колледж өміріне жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.
Мектеп және колледж президенттерін сайлау – жас ұрпақтың демократиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды қадам. Ол жастарды өз пікірін ашық айтуға, ортақ іске үлес қосуға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және белсенді азамат болуға тәрбиелейді.
Бұл сайлау жастардың ынтасын арттырып, олардың бастамашылдығын қолдауға және оқу орындарындағы өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға өз үлесін қосты.
Т.Рысқұлов ауданында өткізілген барлық іс-шаралар — «Саналы түрде таңдаңыз» конкурсы, бейнеүндеу, зияткерлік ойындар, шығармашылық көрмелер, ашық кездесулер, көрме және мектеп пен колледждердегі сайлау – тұрғындардың сайлау мәдениетін көтеруге, жас буынның азаматтық белсенділігін дамытуға және сайлаушылармен өзара байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар болды.
Бұл бастамалар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттырып, тұрғындардың демократиялық құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастыруға және сайлауға қатысуға белсенді болуға ықпал етті. «Саналы түрде таңдаңыз» конкурсының Т.Рысқұлов ауданында жүзеге асуы – аудандық сайлау комиссиясы жұмысының тиімділігін көрсететін және тұрғындармен байланысты нығайтатын көрнекі үлгі болды.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 11 айында барлық учаскелік сайлау комиссиялары үшін жүйелі оқыту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен 2 рет, әрқайсысы 8 сағаттық семинарлар өткізілді. Сонымен бірге аудандық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен 4 сағаттық сатылай оқыту семинары ұйымдастырылып, ауылдық округ әкімдерінің сайлау науқанында 15 рет, әрқайсысы 4 сағаттық семинарлар өткізіліп, қатысушылардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді.
Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – учаскелік сайлау комиссияларының кәсіби дайындығын күшейту, сайлау науқанын ашық, әділ және сапалы өткізуге жағдай жасау болып табылады. Оқыту семинарлары барысында қатысушылар заманауи талаптар мен әдістемелерді меңгеріп, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Т.Рысқұлов аудандық аумақтық
сайлау комиссиясы.