КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕРКӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті білім беру мен мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғауды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап өткен болатын.
Осыған сәйкес, өткен аптада аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» офисінде «Әлеуметтік теңдік: мүмкіндігі шектеулі балалар мен отбасы мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Ғабдоллаұлы, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, ардагерлер мен қоғамдық кеңестер, бірқатар аудандық бөлімдер мен тиісті мекемелердің өкілдері, «Ақжүніс» аналарды қолдау орталығы, сондай-ақ,мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары қатысты. Дөңгелек үстелдің негізі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың отбасыларына көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және туындап отырған мәселелерді талқылау болды. Жиында қамқоршы төлемінің 18 жасқа толғаннан кейін тоқтауы, ауруханалардағы жағдайдың жеткіліксіздігі, арнайы бастауыш сыныптардың қажеттігі, 18 жастан кейін балаларға арналған орталықтардың болмауы, спорттық орталықтар мен жаттықтырушылардың тапшылығы, инватакси қызметі, сондай-ақ, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің жеке ғимаратының жоқтығы туралы өзекті мәселелер қозғалды. Талқылау қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар тіркеліп, аудан деңгейінде шешілетін бағыттар заң аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны, ал республикалық деңгейде шешуді қажет ететін ұсыныстар бойынша депутаттық сауал жолданатыны хабарланды.
«Құлан медиа» ақпарат.
