Қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілді

186 Views

Қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілді

Өткен жұмада кешкілік күн райы суып, оның арты қарға ұласты. Осы кезде коммуналдық қызмет мамандары да дер кезінде іске кірісті.Қар тазалау жұмыстары аудан орталығында ғана емес, шалғай елдімекен аумағында да жүзеге асырылды.

Мәселен облыстық мәндегі жолдардың тазалығына жауапты «Құлан жолдары»  ЖШС-і Құлан – Тәтті, Құлан – Каменка, Құмарық – Ақыртөбе және Ақниет бағытындағы жолдарға тазалау жұмыстарын жүргізіп, инертті материалдар себуді жүзеге асырды. Республикалық мәндегі жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Толассыз жауған қарға қарамастан жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілді. Ал аудандық мәндегі жолдарды тазартумен тыңғылықты түрде «Құлан-ЭнергоЖылу» мекемесі мықтап  айналасты. Аталмыш мекемеге тиесілі арнайы техникалар тәулік бойы жұмыс істеп, жол бойын қардан ашып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жауапты мекемелер алдағы күндері де аудан басшылығының тапсырмасына сәйкес күшейтілген режимде өз жұмыстарын жалғастыра бермек. Ал біз кезегінде қиын әрі жауапты кезеңде күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген коммуналдық қызмет мамандарына алғыс білдіреміз.

Десек те құрметті аудан тұрғындары, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әр адамның міндеті. Сіздерден көлік жүргізу  кезінде жылдамдықты шамадан тыс асырмай, арақашықтықты сақтап, қауіпсіздік шараларын мықтап ұстануды сұранамыз.

 Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: