Сүйікті ісін кәсіпке айналдырды

172 Views

Сүйікті ісін кәсіпке айналдырды

 Қазақы қолөнерді кәсіпке айналдыру ешқашан кеш емес. Әйгерім Жақыпбекқызы бұл іске бала кезінен қызығушылық танытқан. Уақыт өте келе сүйікті ісін табыс көзіне айналдыруға бел буды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында көпбалалы ана бүгінде үй жағдайында қазақы нақыштағы құрақ көрпелер тігіп, ұлттық дәстүрді жаңғыртып отыр. Өткен жылы ол мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болып, сол қаражатқа тігін машинасы мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алды.

–Негізі қазақи нақыштағы қол өнерлерге қызығушылығым кішкентай  кезден бар. Анам негізі тігін тігетін. Анамның қасында жүріп үйренгенмін. Өткен жылы үйімізде қуаныш болды, сол қуанышқа қарай той бердік. Той кезінде қонақтарға арнайы той бас­тар деп қояды ғой, сол той бастарға осын­дай көрпешелерді өз қолыммен тігіп бергенмін. Содан бастап тапсырыстар түсе бастады. Осылайша кәсібімді қолға алып  бастап кеттім. Әрі қарай кәсібімді одан үлкен қылып дамытқым келді. Бизнес жобамды сәтті қорғап, қайтарымсыз грантты ұтып алдым. Грант қаражатына осы ою-өрнек тігетін машинкаларымды алдым. Өзіме  керекті машинкалар еді. Көптен бері ала алмай жүргем. Қазіргі таңда төр көрпелер, матрас, жастықтар, үстіге жабатын көрпелер тігіп жатырмын. Тапсырыстар жиі түсіп жатыр. 1 клиент тағы 2-3 рет келіп алып жататын кездерде көп. Тұрақты клиенттерім бар. Табысым жақсы. Осылай үйде отырып, балалардың қасында табыс тауып отырмын. Осындай қолдау көрсетіп отырған мемлекетке алғысым шексіз, – дейді кәсіпкер ана.

Қазіргі таңда Әйгерім Жақып­бек­қызы өз еңбегі арқылы отбасына табыс әкеліп қана қоймай, кәсібін дамытып, тұтынушыларға сапалы өнім ұсынып келеді. Алдағы уақытта тапсырыс көлемін арттырып, кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

 «Құлан медиа» ақпарат.

Поделиться ссылкой: