САҚПАННЫҢ ТАСЫНДАЙ САҚА ЖІГІТ

1 197 Views

САҚПАННЫҢ ТАСЫНДАЙ САҚА ЖІГІТ

Менің әкем де мал дәрігері болған, Ленинградттың 72 күндік блокадасын көрген майдангер кісі соғыстан елге аман-есен келген соң ауылдағы колхоздың малын емдеп, бірде асу асып Қарақыстақ кетсе, бірде құм қойнауында отырған шопандарға сөмкесін сүйретіп барудан жалықпайтын. Нышанбек те (жұрт оны Нышан дейді) 43 жыл осы салада еңбек еткен ер азаматтың бірі. Ол: «Ой, Шәкеңмен салт атқа мініп анау асудың ар жағына талай бардық қой. Ол кісі жасы ұлғайып қалғанына қарамай зейнетке шыққанша аттан түспей малды ауылды аралап, төрт түлікке ем-дом жасады. Тентек қойды жазып, отарға қосуды сол кісіден үйрендік. Айналма дертіне көбіне тоқты-торым ұшырайтын. Ондай малды пырақтап, отардан бөлек ұстап, көбіне «забойға» жіберетінбіз. Байқасақ, тоқтының дәл төбесіндегі жүнді тықырлап қырықса баланың еңбегіндей жұмсақ жер болады екен. Осы тұстан шприцтің инесін сұғып жіберіп мидағы сұйық затты сорып алсаңыз қой тентектіктен жазылып кетеді. Мұндай малды «ЛСП-ға» ұстап, бордақылап семіртсе де болады екен. Осы тәсілді мен «Алғабас» қой совхозында бас мал дәрігері болып жүргенде бірінші рет қолдандым. Тәжірибеміз өз нәтижесін берді» дейді Нышан.

Біз осы мал дәрігерлері жәйлі көп жаза бермейміз. Әйтпесе, малдағы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін, сөйтіп төрт түліктің өсуіне жағдай жасайтын қолының шипасы бар осындай жандар ғой. Ал, малда кездесетін жұқпалы дерт пен індетті болдырмай, оның алдын алып отырған да осы мал дәрігерлері екенін көбіне біле бермейді екенбіз. Нышан Тамшыбайұлы осы салада табаны күректей 43 жыл жұмыс істеді. Жаңатұрмыс ауылындағы орта мектепті тамамдаған соң Луговойдағы техникумды үздік бітіріп, еңбек жолын ең алғаш аудандық ветеринарлық станциядан қатардағы мал дәрігері болып бастады. Кәрібай Дүйсебаев сынды тәжірибесі мол басшының жол көрсетуімен бір жылдан соң Алматыдағы зооветеринарлық институтқа түсіп, жоғары білімді мал дәрігерінің дипломын алып шықты. Сөйтіп, оқу орны берген жолдамамен Жамбыл облысына келді. Оны Меркі ауданына жіберді. Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мал дәрігері Ахмет Момынов Нышанды «Қазақстан» колхозына аға мал дәрігері қызметіне жұмсады.

Иә, мұндағы шаруашылық асыл тұқымды Оңтүстік Қазақстан мериносы қойларын өсірумен айналысатын болып шықты. 30-35 мың қойы бар іргелі шаруашылықты Сәбит Есімбеков сияқты білікті басшы басқарса, бас дәрігер Балабек Оңғарбаев та осал жігіт емес екен. «Ә» дегеннен-ақ, жоғарғы білімді маманды жұмысқа жекті. Сонымен Нышан облыстың өзге шаруашылықтарына асыл тұқымды тоқтыларды сатуға іріктеп алумен айналысып кетті. Ақылжан Иманқұлов, Әлімхан Құрамаев сияқты аға шопандар төл алуда көш бастады. 1984 жылы Нышан өзінің туған ауылына учаскелік мал дәрігері болып келіп, бір жылдан соң-ақ, «Алғабас» қой совхозына бас мал дәрігері болып кетті. Ол кеңшарда жеті жыл үзбей жұмыс істеді. Одан соң төрт жыл ұдайы «Қорағаты» қой совхозында осы қызметін одан әрі жалғастырды.

1995 жыл тоқырау кезеңіне тап келді. Бірақ ол аудандық мал дәрігерлік станцияда жүріп те қолынан инесін тастамады. Ол кезде ешкімге айлық төлеген жоқ. Соған қарамастан дәрігерлер бартерден қалған малға ветеринарлық көмек көрсетті. 2000 жылдан кейін ауыл шаруашылығындағы күйзеліс артта қалып, жағдай түзеле бастады. Дәл осы кезде аумақтық басқарма құрылып, оған Шорабек Атабаев бастық болып келді. «Бейсен Әлтаев, Бердібек Жайнақов және абайлық Елубай есімді учаскелік мал дәрігерлері уақытпен санаспай жұмыс істеді. 2010 жылы «Құлан мал дәрігері» мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Мен осы мекемеге бас мал дәрігері әрі бастықтың орынбасары болып тағайындалдым. Осы кезден бастап ісіміздің ауаны өзгере бастады. Үкіметтен бұрын болып көрмеген көмек келді. Барлық 15 ауылдық аймақта ветеринарлық учаскелер ашылып, 108 мал дәрігері бізбен келісім шарт негізінде жұмыс істейтін болды. Барлық округ қызметтік «Нива» автокөлігін алды. Сондай-ақ, үш залалсыздандыруға арналған «ДУК» арнайы автокөлігі тағы берілді. Сонымен, жұмысымыз жандана түсті. Мал дәрігерлері әр түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға вакцина егу, күнделікті ауру малды емдеу, қаңғыбас иттерді аулап, жойып отыру, бірдейлендіруді қолға алып, малдарды базаға енгізу сияқты ұйымдастыру жұмыстарын қолға алдық. Малдың қозғалысына бақылау қою, сатып алынатын және сырттан әкелінген малды есепке алу, карантин қою сияқты жұмыстардың барлығы кеңсе мамандары Ғабиден Әшімбеков, Жанболат Өміршиев пен Владимир Сердюковтарға жүктелді. Мен осылардың жұмысын үйлестіріп отырдым».

– Нышан Тамшыбайұлы мұнымен қатар ауыл-ауылға шығып, алыс мал жайылымдарын аралап, аудандағы ветеринарлық ахуалды қадағалап отырудан бір жалықпайтын,-дейді осы мекеменің басшысы, аудандық мәслихаттың депутатыы Серік Дәлібаев. -Сондықтан болар, Үкімет оның қажырлы еңбегін ескеріп, омырауына бірінші және екінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісін тақты. Астанадан республика кәсіподақтары «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалін тағы әкеп тақты. Оның да жөні бар еді, Нәкең осы мекеме құрылғалы кәсіподақтарға жетекшілік жасап келеді.

Нышекең жақында зейнет демалысына шығады. Оның отбасында үйелмелі-сүйелмелі бес бала тауып отырған Алтынкүлдей келін отыр. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана деп осы Алтынкүлді айтса болады.Екі қыздың үлкені Бақыт Алматыдағы көлік прокуратурасында жұмыс істейді, ал, Бағдат қыз АҚШ-тың Вашингтон штатында оқып, генетика мамандығын алған, қазір осы мамандығы бойынша Алматыда еңбек етуде. Мақсаты «Астана-ЛТД» компаниясында инженер, Өрнегі кәсіпкер де, Өркені әскер қатарында. Иә, Нышекеңнің отбасы осындай. Өзі ғой әлі сол сақпанның тасындай жинақы, Сақтың ұлындай сабырлы қалпын жоғалтпай зейнетке шығып барады.

С.ҚОЖЕКЕ.

СУРЕТТЕ: «Құлан-мал дәрігері» мемлекеттік мекемесінің

бас мал дәрігері, І және ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы»

төсбелгісінің иегері Нышанбек Тамшыбайұлы КӨКІРЕКБАЕВ

Поделиться ссылкой: