«Бешбармақ» — БІЗДІҢ АС ЕМЕС…
«Бешбармақ» — БІЗДІҢ АС ЕМЕС…
Қазақтың ең басты тағамының төңірегінде туындаған дау әлі күнге дейін басылар емес. Еліміздің бірқатар ғалымдары мен жазушылары ұлттық тағамымызды «бешбармақ» деп атау қазақтың асын қорлау деген ойды берік ұстанып, оны шұғыл түрде ауыстыру қажет екендігін алға тартады. Иә, «Бешбармақ» — біздің ас емес, қазақтың ұлттық асы «Ет» немесе «Қазақша ет» аталуы керек деп жүргендер көп.
Жазушы Мархабат Байғұт “Бешбармақ” сөзі қазақты отарлаған орыстың ойлап тапқаны” деген ойды ұстанады. “Бешбармақ” деген сөзден құтылу керек. “Бешбармақ” деу ұлттық тағамды қорлау. Бұл сөзді баяғыда бізді отарлаған кезде генерал-губернаторлар мен олардың жандайшаптары ойлап тапқан. Қолмен жегенді ”казахи бешбармачничают” деп мазақтаған. Әбден қорлық көріп, отарлаудың зардабын тартқан қазақ бұл сөзге көніп, оны қабылдай салған. “Бешбармақ” деп айтуға да болмайды, жазуға да болмайды. Ет немесе орысша айтқанда “мясо по казахский” деу керек, -дейді жазушы өз сұқбатында. (dalanews.kz) «Бешбармақ» атауын өзгертуді ақтөбелік ғалымдар да қолдап жүр. Солардың қатарында Биылғы Алтай Тайжановта бар. «Әлдекімдерге қызық болып көрінер, ал мен қорлау деп санаймын. Мысалы, қытай, жапон және Оңтүстік-Шығыс Азияның кей халықтары өз тағамдарын таяқшамен жейді. Бірақ олардың тағамдары «екі таяқша» деп аталмайды ғой. Сонымен қатар, кез-келген түркі тілді халық «бармақ» дегеннің қол мен аяқтағы үлкен саусақ екендігін біледі. Ал қалған саусақтар «саусақ», аяқтағылары «башпай» деп аталады. Яғни біздің бір қолымызда бір бармақ және төрт саусақ бар. Демек, біздер екі қолында он үлкен бармағы бар мутант болғанымыз ба? Бұл қалай?», -деп шамданады философия ғылымдарының докторы. (BNews.kz.) Бірде мен әлеуметтік желілердің бірінен мемлекеттік сый лықтың иегері, белгілі ақын Гүлнар Салықбайдың қазақ журналистеріне бағыттаған мақаласын оқыдым. Онда ақын тілшілердің сөз қолданысындағы кейбір қателікті атап көрсетіп, өз пікірін білдіріпті. Солардың арасында біз қозғаған бешбармақ атауы да бар. Ақын «бешбармақ» деп қолданған тілшілерді қате жазып жүр деп есептейді. «Қазақта мұндай сөз жоқ. «Қазақша ет» деу керек. «Бешбармақ» – шетелдіктердің мазақтап айтқан сөзі» деп, мақаласында келтіріпті.
Міне, еліміздегі зиялы қауым өкілдерінің ұлттық тағамымызға келгенде, айтар ойы осындай. Иә, үлкен асымыз туралы сөз қозғалғанда әр адамның санасында сан түрлі пікір туындайтыны анық. Ендеше, көзі қырағы оқырман «Бешбармақ» деп атау бұрыс па, әлде, дұрыс па? Біз көтерген тақырып жайында сіз не дейсіз?…
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.