1 002 Views
ҚҰРҒАҚ УӘДЕ басшы беделін төмендетеді
Өткен аптада Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Айбек Әбішев Малдыбай ауылының тұрғындарымен кездесіп, өткен жылда атқарылған жұмыстардың ретін жіпке тізді. Айта кетейік, Айбек Қайырбекұлының есепті жиналысына облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және аумақтық ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Әлібек Терлікбаев арнайы келіп қатысты. Әкімнің слайд арқылы жасаған бағдарлы баяндамасын тыңдап отырып, Малдыбайдың жағдайы өзге елдімекендерге қарағанда көш ілгері екенін байқадық. Бұл ауылда көгілдір отын мен ауыз су мәселесі әлдеқашан шешімін тапқандай көрінген. Алайда, жарыссөз барысында Айбек Қайырбекұлын малдыбайлықтар сұрақтың астына алды. Мәселен, ауыл тұрғыны Айтжан Нарбаев ауыл мектебінің мүшкіл халін сөз етіп, Малдыбайға балабақша салудың кезі келгенін айтады. Жергілікті тұрғындардың көкейіндегі мәселені ортаға салған ауыл тұрғынының сауалына Айбек Әбішев мемлекеттік- жекеменшік серіктестік шеңберінде кәсіпкерлермен келісім жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. Әкімнің сөзіне сенсек, алдағы жылдары бұл мәселе өз шешімін табатын болады.
Малдыбайлықтардың ауыл әкіміне айтар ұсынысы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Ауыл тұрғыны Қылыш Тойбековтың айтуынша, 2013 жылы алғаш ауылға газ құбырын кіргізгенде оның қажетті сомасы дәл бүгінгідей қымбат болмаған көрінеді. «Қазіргі уақытта 103 үйге газ тартылды. Білесіздер, мына заманда барлығы ақшаға келіп тіреледі. Малдыбайда қолдың қысқалығынан 44 үй көгілдір отынның қызығын көре алмай отыр. Оның үстіне, төлейтін құны әуелгі бағасынан тым жоғары өсіп кеткен»,-дейді ол. Аталмыш сұраққа Айбек Әбішев тиісті мекемелерге хат жолдағанын айтып, бұл мәселе бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Бұдан соң, Әлібек Мамытжанұлы Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаевтың 2018 жылы атқарылған жылдық қорытынды есебін тыңдады. Өткен жылдың соңына қарай әкімдік тізгінді өз міндетіне алған Төлеген Алпамысұлының есептік кездесуі округке қарасты шалғай елдімекендердің бірі Құмарық бекетінде өтті.
Ауыл әкімінің жиынына Құмарық бекетінің халқы көптеп жиналды деп айта алмаймыз. Өйткені, бүгінгі таңда мұнда бар-жоғы 26 тұрғын тұрады. Елдімекенде электр жарығы ғана жанып тұр. Әйтеуір, ауыз судың уақытылы аққанына қуанады аталмыш бекеттегі тұрғындар.
Шынын айту керек, көп жұрт Жібек жолының бойында орналасқан Көкдөнен мен Жақсылық ауылдарында түйткілді мәселелердің барлығы реттелген деп ойлайды. Бәлкім, солай да шығар. Дегенмен, Құмарық бекетіндегі халықтың жай-күйі біздің санаға басқаша ой қалыптастырды. Мұндағы жұрттың басты талабы – жол. Мәселен, жиында сөз сөйлеген бекет тұрғыны Жұмагүл Тәжіманова «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демеуші ма еді дана халқымыз. Мүмкін сенерсіздер, мүмкін сенбессіздер, Құмарық бекетіне жол салу мәселесінің сөз болып келе жатқанына 40 жылға жуықтады. Өздеріңізге айтар біздің басты сауалымыз сол, осында жол салуға ықпал етсеңіздер», -деді. Өз кезегінде бұл мәселе өзінің басты назарында екенін ескерткен Төлеген Атабаев алдағы уақытта тұрғындар тілегін орындауға бар күш жігерін жұмсайтынын айтты.
Ал, Жақсылық ауылында өткен Төлеген Алпамысұлының есептік кездесу жиынында Қызылпан Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта
мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Әнуарбек Тұрманбетов ауылдағы жас отбасылардың жағдайын сөз етіп, оларға бос жер телімдері берілсе деген ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаз «Ж.Әуелбаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, ауыл маңындағы бейіт қоршалса» дейді. Өз кезегінде мектеп мұғалімінің жанашырлықпен айтылған ұсынысының оңды екенін айтқан ауылдық округтің әкімі аталмыш мәселелер бойынша алдағы уақытта мақсатты түрде жұмыс жүргізетінін жеткізді. Құлан ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Мұрат Жайлыбаевтың округке қарасты Қарақат ауылында өткен жылдық қорытынды есебінде жергілікті тұрғындардың тілегінен гөрі базынасын көп тыңдадық. Халықтың табыс көзі мал шаруашылығы болғандықтан, жайылым жерінің тарлығы оларды қиын жағдайға соқтырып отырғандығын айтады қарақаттықтар. Бұл сұрақ бойынша өз пікірін білдірген аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жанаділов:
–Өкінішке орай, Қарақаттағы жайылым жерлерінің көбісі жеке шаруа қожалық иелеріне жалға берілген. Бұл мәселе облыс әкімдігінде де көтерілген. Алдағы уақытта сіздердің ұсыныстарыңызды ескеріп, тиісті жұмыстар атқаратын боламыз,-деп жауап берді.
Жарыссөз барысында сөз сөйлеген ауыл тұрғыны Азамат Бәрменов болса, ауылға қатынайтын негізгі күре жолдың әбден тозығы жеткенін айтып, мәселе көтерді. Жол мәселесі бойынша өз пікірін білдірген Мұрат Жайлыбаев жергілікті тұрғындарды «Биыл облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді, ағымдағы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады» деп сендірді. Ауылға көше жарықтарын орнату, бейіттің қоршалмағандығы, мектепте спорт залының жоқтығы, ауылдағы күл-қоқыстар мен қаңғыбас иттердің мәселесі де жиын барысында сөз болып, сауал иелеріне тиісті деңгейде жауаптар беріліп отырды.
Ал Құлан ауылдық округіне қарасты Шөңгер елдімекеніндегі тұрғындар Мұрат Жайлыбаевты қарақаттықтар секілді сұрақтың астына алған жоқ. Олардың бар айтқаны – газ мәселесі. Мұрат Жайлыбаев шөңгерліктерге құрғақ уәде бере алмайтынын айтып, аталмыш мәселе республикалық деңгейде шешілетінін жан-жақты мысалдармен түсіндіріп берді.
Марат ДИХАНБАЙ.
Поделиться ссылкой: