Халық неге полицияны пана тұтпайды?
Халық неге полицияны пана тұтпайды?
Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет. Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек. Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек. Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс» деген еді.
Расында қоғамда құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты жағымды пікір көп айтыла бермейді. Көпшілігі «Полиция құқығыңды қорғамайды, керісінше кінәні өзіңе аударады» деп қорқады. Ең қызығы осы ойда жүргендердің дені полициядан зәбір көріп, құқығы тапталғандар санатына жатпайды. Сонда бұл ой халық санасына қайдан орнықты? Халық неге полицияны пана тұтпайды? Егер полиция халықтың сеніміне ие болғысы келсе, осы сұрақтар әр полицейдің үнемі бас қатырар мәселесіне айналуы тиіс. Өйткені, Елбасы Жолдауда халықпен байланыс жасауда барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін тапсырған болатын.
Полиция мен халық арасындағы алшақтыққа құқық қорғау қызметкерлерінің елмен дұрыс байланыс орната алмауы себеп секілді. Бәріне топырақ шашпағанымызбен қарапайым халықты қылмыскердей көріп, өктем сөйлейтін полицейлер кездесіп жатады. Олар онсыз да зәбір көріп, шағым айта келген елдің есін шығарып, мысын баса сөйлейтіндіктен халықтың полицейлерге деген сенімі сетінеген. Бұған өткен жылдың қараша айында Мемлекет басшысының төрағалығымен ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы да жан-жақты тоқталды. «Ішкі істер органдарының жұмысы қоғам күткен сенімді толық ақтай алмай отыр, азаматтардың көңіл толмастығын туғызуда. Адамдар өздерін қауіпсіз сезіне алмайды. Біз онсыз басты бағдарымыз саналатын қазақстандықтардың жоғары сапалы өмір сүруін қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан, полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажет» деген Мемлекет басшысы «Жыл сайын полицияға 4,5 миллионнан астам азамат шағымданады, ал оларды қабылдау үшін жағдай жасалмаған. Егер басына іс түскен адам келсе, оны тезірек әрі сыпайылықпен қабылдау керек. Бірақ, бұл – бітер істің жартысы ғана. Оның проблемасын шұғыл әрі заңға сәйкес қарастыру қажет. Халықпен жұмыс істеудің заманауи форматы дегеніміз осы» деп, құқық қорғау қызметкерлеріне алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін тапсырды.
Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.