16 Views
Ұйымдасқан жұрттың әркез берекесі артады
Біз өткен газетіміздің нөмірінде әз-Наурыз мерекесін аудан халқы бірлесіп, ерекше көңіл-күймен қарсы алғанын жазған едік. Наурыз мерекесінде ауыл-аймақтарға да барған болатынбыз.
Сол себепті де айтып отырмыз. Үлкені жастарды қолдап, жастары үлкенді сыйлап тұрса, соның өзі сол ауылдағы ауызбіршіліктің бар екенін көрсетпей ме? Мәселен, Көкдөнен ауылына біз әріптесіміз Жәнібек Базылбек екеуіміз бардық. Өз басым Көкдөнен ауылының жастарына да, сол ауылда тұратын жасамыс аға буын өкілдеріне де ризамын. Өйткені олар бір-бірін әркез қолдайды. Өзімбілемдікке салып, жан-жаққа бұра тартпайды. Әрқайсысы туған жерлері үшін барын беруге даяр. Міне, бұндай ауыл қайтып көркеймейді? Себебі бірлік бар. Әлбетте осындай ауылдар көркейіп, дамыған үстіне дами түседі.
Биыл да көкдөнендіктер Ұлыстың ұлы күнін әдеттегідей жоғары деңгейде атап өтті. Ауылдағы әр көше тұрғындары бұл мейрамнан қалыс қалмай, ұлттық киім киіп, өздерінің белсенділіктерін көрсетті. Алдын ала айтып өткеніміз дұрыс болар. Наурыз мерекесінің алдында ауыл әкімдігі ауылдағы 7 көше тұрғындарына хабарлап, байқау ұйымдастырыпты. Яғни байқау ережесі бойынша осы наурыз мерекесінде ауылдағы әрбір көше тұрғындары ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді, тағамдарды жаңғыртып, көпшілікке, оның ішінде жастарға көрсетіп, түсіндіруі тиіс болған екен. Нәтижесінде жүлделі болған көше тұрғындарының еңбектері ескеріліп, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.Тағы бір жайтты міндетті түрде жаза кетуге тиіспіз. Көкдөнен ауылының 1985 жылы дүниеге келген ер-азаматтары «Туған жерге туыңды тік» деген қазақы ұғымды ұстанып, өздері дүние есігін ашып, өсіп-өнген ауылдарына ел қызығып қарайтындай келісті де келбетті жаңа сахна соғып, халыққа тарту етті. Бұл сахнаға жалпы сомасы 2 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Және алдағы жылдары осы сахна орналасқан аумақта жыл сайын Наурыз мерекесі ұйымдастырылып, сол жерге тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалады деп отыр. Ауыл тұрғындары Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаевқа да, ауылдан сайланған аудандық мәслихат депутаты Ердос Сақпанқұловқа да дән ризашылықтарын айтып жатты. Мінеки, бір-біріне сеніп, қолдау білдірген жұртшылықтың тірлігі осындай болады. Әріптесіміз екеуіміз бір жағынан қызығып, тамсанып, риза болып қайттық.
Бұл күні Көкдөнен ауылынан шыққан Гүлнұр Өмірбаева, Гаухар Мырзахметова, Айгерім Битанова секілді елімізге танымал эстрада жұлдыздарымен қоса, аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары да ән салып, ауыл тұрғындарының қошеметіне кенелді. Мерекелік іс-шараның өзін есімі қазақ еліне мәшһүр танымал асаба Мұхтар Битанов жүргізді. Одан бөлек күрес, қол күресі секілді спорт түрлерінен жүлдегерлер мен жеңімпаздар анықталып, түс мезгілінен соң ауыл жұртшылығы осы мерекеге орай арнайы ұйымдастырылған бәйгені тамашалады.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: