Келелі жиын өтті
24 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
Көптің көкейіндегі мәселелер қозғалды
Ақпан айының 5-6 жұлдызы күндері қатарымен алты ауылдық округте аудан әкімі мен аймақ әкімдері халық алдында қорытынды есеп берді. Алғашқы жиналыс шалғай елді мекен халқы алдында, жаңадан салынған мектеп ғимаратында өтті. Айту ләзім, ауылдың кешегі Юбилейное және округтің Новосел атаулары келмеске кетіп, аймақ тұрғындары елді мекенді заманымыздың заңғар тұлғасы Дінмұхаммед Қонаевтың атымен атай бастапты. Ал, аймақ әкімдігі Ақниет ауылдық округі деп аталатын болды. Мұның шынында да үлкен жаңалық екенінде дау жоқ.
Қонаев ауылының тұрғыны Калашникова: «Ауылымыздың әкімі де жаңаланды. Нұрдос Тұрабаевты біз бұрыннан білеміз, қолынан іс келетін азамат» десе, жергілікті дәрігер Әліқұл Мырзагелдиев: «Ауылымызға Қонаев сынды тау тұлғаның есімі берілгеніне бәріміз де қуаныштымыз, енді ауылға кіреберістегі тұсқа ол кісінің аты жазылған көрнекті жазу мен Димаш ағаның алып суреті тұрса ғой, нұр үстіне нұр болар еді. Құлаған үйлер мен сылағы түсіп, берекесі қашқан құрылыстардан көшелерімізді тазартсақ, ауылымыздың ажары кіріп қалар еді. Ал, жастарымыз Қонаев сынды біртуар ағаның атына кір келтірмей салауатты өмір сүрсе деймін». Одан кейін сөз алған Нина Алексеевна Голик, Есен Бекенов те ауыл мәдениеті туралы орынды пікірлер айтты. Ал, Айжан Жабықбаева «Әбілхайыр» ауылынан оқушыларды таситын көліктің қоғамдық көлікке ұқсамайтынын сынға алды.
Сөздің дәмдісін құрамында 46 мүшесі бар жаңадан ашылған «Шәушен-Ғибрат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Мейрамбай Дөненбаев айтты: «Әруақты жерден ат үркеді» дейді кәриелер, ауылдарыңызға аты дардай кісінің ныспысын қойыпсыздар, ұзағынан сүйіндірсін. Бізді де осы ауылдың бір мүшесі деп есептеңіздер, ендігі жерде қираған үйлер мен есепке алынбаған жерлерді түгендейтін комиссия құрған жөн. Ауылды көркейтуге біз де ат салысайық. Күні кеше ғана Сайрамбай бауырым Қазақстанның Еңбек Ері деген атаққа ие болды. Біз осы ауылдан 50 орындық бала бақша салып беретін болдық. Бір сөзбен айтқанда, ауылды көркейтуге қолұшын береміз» деді құрғақ уәдеден гөрі нақты сөзге көшіп.
Ауыл тұрғындары жарық туралы, тозығы жеткен жолды жөндеу туралы да мәселе көтерді. Аудан әкімі айтылған барлық ұсыныстарды ескеретінін білдірді. Аудан әкімі шұғыл шақыртумен облыс орталығына кеткендіктен Көгершін ауылы халқының алдында әкім есебін оның орынбасары Б.Әлпейісов баяндап берді. Аймақ әкімі Абай Төреқұловтың да есебі тыңдалды. Бұл жерде
шешімін күткен екі мәселе ғана бар екен. Ол тозығы жеткен клуб пен мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу. Ауыл клубын жөндеу келер жылдың жоспарына енгізілетін болды. Көкдөнен ауылдық аймағындағы жиналысқа аудан әкімінің өзі келіп қатысып, жұрт алдында есеп берді. Ауыл әкімі Төлеген Атабаевтың баяндамасын да тұрғындар зейін қоя тыңдады. Баяндамалар бойынша ауыл тұрғындары Бауыржан Сұлтанқұлов, Ақмарал Жапарова, Азамат Төлеуішовтардан көкейге қонымды сұрақтар келіп түсті. Олар жекеше малға жайылым керектігін, ағын судың тапшылығын сөз етті. Аудан әкімі Б.Дәулеткелді мен О.Тұрманбетовтың қойған сұрақтарына
да тиянақты жауап қайтарды.
Келесі күні Асқар Санатұлы өз есебін Жаңатұрмыс ауылы тұрғындары алдында берді. Өз есебінде ауданға 7 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылып, биыл 1500 жаңа жұмыс орны ашылатынын, Ақыртөбеден биогаз өндіретін орын салына бастағанын тілге тиек ете келіп, өткен 2018 жылы аудан бюджетінің 11 миллиард 794 миллион 500 мың теңгеге жеткенін, 113 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 гектарға шие, 300 гектарға алма бақ отырғызылғанын, ауданымыздың облыста ауыл шаруашылығы бойынша үшінші орында тұрғанын айтты. Дәл осындай райдағы баяндаманы Қарақыстақ пен Абай
ауылдық аймақ тұрғындары да естіп, әкімдердің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Иә, бұл ауылдарда шешімін күткен проблемалар да жоқ емес. Мәселен, Жаңатұрмыс ауылына ауыз су, жалпы осы өңірдегі 5 елді мекенге көгілдір отын ауадай қажет-ақ. Жұрт өздерін бес жылдан бері сергелдеңге салып келе жатқан мердігерді ашына: «алаяқ» деп те атап, газ жүргізуді жеделдету шараларын жасауды аудан әкімінен өтіне сұрады. Әкім жұрт алдында тағы да уәдесін берді. Биыл Жаңатұрмыс ауылынан 90 орындық клуб салынады. Ал, Жақсылық ауылынан ауыл азаматы Азаматхан Әміртаев өз
қаражатына спорт кешенін салып беруге уәде берді. Қарақыстақта өткен жиналысқа Жалпақсаз, Қазақ, Тасшолақ, Каменка елдімекендерінен халық көп келді. Жиналыста А.Қабылханов, Ө.Ниязқұлов, З.Оразалиева, Ж.Қорабаев, Б.Тәнкеева, А.Оразбаевтар сөз сөйлеп, әкімге лайықты бағаларын берді. Абайлықтар әкімге сұрақ қоюдың орнына алғыстарын беріп, тарқасты.
Сонымен, ауыл аймақтардағы аудан және ауыл әкімдерінің есеп беру жиналыстары мәресіне жетті. Енді ақпанның 11-де аудан әкімі Асқар Санатұлы Қырықбаев халық алдындағы өзінің қорытынды есебін береді.
С.ҚОЖЕКЕ.