Ел таныған Есағаң
Өмір – қамшының сабындай қысқа…Адам
баласы дүниеге шыр етіп келіп, тал бесіктен
жер бесікке барары хақ. Біздің дүниеге
қай күні келіп, қай күні фәни жалғанмен
қоштасар уақытымыз – тағдырдың жазғаны.
Ал сол ақиқаттың арасындағы қысқа
ғана ғұмырдағы таңдауымыз ол біздің –
қалауымыз. Өзінің өнегелі өмірінде өшпес
мұра қалдырған, қазақ руханияты мен
өлкетану саласында өзіндік қолтаңбасы
бар, артына өрісті із қалдырған бірегей
тұлға – ауданымызға белгілі ұлағатты ұстаз,
білікті тарихшы әрі өлкетанушы Есназар
Керімбайұлы Құрымбаев жайлы баяндағым
келді.
Көзін көріп тілдеспесемде, ауыл адамдарынан
кішкентайымнан Есағаң жайлы біліп өстім. Міне
ес кіріп, өмірдің қызу қайнаған шағына келгенде,
ауылдас атамның өңірімізге жасаған еңбегі ұшантеңіз екенін көріп, ол кісіге деген ықыласым мен
құрметім одан сайын арта түсті. «Ұлтқа қызмет
ету білімнен емес, мінезден» деген екен, аталы
сөз көсемі Әлихан Бөкейханов. Еңбек жолында
тек еліне қызмет еткен, талай саңлақтың қанатын
қақтырып, белін буған Есағаңның қайтпас, қайсар
мінезіненақ, бәрін аңғаруға болады.
Есназар Құрымбаев 1963 жылы, 2 тамызда
Құмарық ауылына қарасты Алғабас ауылында
дүниеге келген. Оның өмір жолы – адал еңбек
пен ізденістің шынайы үлгісі. Алғаш еңбек жолын
ауыл шаруашылығы механикасы саласынан
бастағанымен, уақыт өте келе бойындағы шығармашылық пен тарихқа деген махаббат арта түсіп,
алға шықты. Еліміздің білім беру саласына да
елеулі үлес қосып, Ы.Алтынсарин атындағы орта
мектепте, кейіннен №1 мектеплицейде «Кәсіптік
бағдар» және «Еңбекке баулу» пәндерінен сабақ
беріп, дарынды шәкірттер тәрбиеледі. Алайда Есназар Құрымбаевтың
есімі ел жадында ең алдымен туған
өлкенің тарихын түгендеген шежіреші
ретінде қалды. Қаламынан туған
«Әлім» атты тарихитанымдық еңбегі
мен мұражай қорын байытқан 200
ден астам жәдігері – бүгінгі ұрпаққа
қалған баға жетпес қазына. Әріптесім
Нұрай Жайлаубай бірнеше жыл
бұрын Есағаң жайлы зерттеп, көңілге
қонымды, жүрекке жылы мақала
жазыпты. Ол өз жазбасында «Тіпті,
Есназар Құрымбаевтың табаны тиген
мұражайда әлі күнге дейін ағаның
өзі жүргендей көрінеді кейде. Киелі
Құлан өлкесінің қасиетін Топағаш
тылсымын, Ақыртастың ашылмаған
бар сырын ашу үшін аянбай күш салды.
Шал тауының шындығы мен Шал баба
батасын бабына келтіріп тұрып жазды,
оқырманға ұсынды.Есепші ата кесенесі,
Төртсарай, Дулат баба кесенесі, тағысын
Әбілқайыр даласы мен Ойранды жерінен
табылған тарихи жәдігерлердің жайын
анықтау үшін талай тер төкті» – деп
көкейкесті, біршама дүниені ақтарыпты.
Шынымен де Есназар Құрымбаев
ауылымыздың көне тарихын жаңғырту
үшін аянбай еңбек етті. «Өлі тірілмей,
өшкен жанбайды» деген қағиданы
ұстанған Есағаң, әрбір көне заттың
артында тұрған тарихты тірілтуге өмірін
арнады. Ол өз өмірін туған өлкенің көне
тарихын жаңғыртуға, аңызәңгімелері
мен жәдігерлерін жинақтауға арнаған
зерттеуші, ауданымызға еңбегі сіңген
ер тұлғалы азамат ретінде ел есінде
қалады.
Айым НҰРБЕКҚЫЗЫ.
