Ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік – неден туады?
«Біз бұрын үлкеннің алдын кесіп өтпейтін
едік, ал қазіргілер адам сыйлауды білмейді»
деген сөзді бүгінде аға буынның аузынан жиі
естиміз. Бұрын бір үлкен кісінің «тәйт!» деген
бір ауыз сөзі талай баланы тоқтатып, есін
жиғызатын. Қазір кейбір жасөспірімге «ұят
болады», «обал ғой», «үлкеннің алдында олай
сөйлеме» десеңіз, «Несі ұят?» деп қарсы сұрақ
қояды.
Сонда қазіргі балалар шынымен тәрбиесіз бе,
әлде біз олардың өзгерген әлемін түсінбей жүрміз
бе? Осы сауалға жауап іздегенде, ең алдымен,
бұрынғы заман мен бүгінгі күнді салыстырып
қана қоймай, әр кезеңнің өз ерекшелігі бар екенін
ескеруге тырыстық. Ол үшін алпысты алқымдап,
жетпістің желкеніне шыққан қариялардың, жас
құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірім
дердің ойын тыңдадық.
Мәселен, жасы жетпіске таяған қариялардың
бірі «Біз бала кезімізде әке-шешенің қабағына
қарап, артық сөз айтудан тартынатынбыз» десе,
енді бірі «Бала болған соң біз де қателестік, бірақ
үлкеннің ескертуін жерге тастамауға тырыстық»
деп еске алды. Ал бүгінгі жасөспірімдердің бірі
«Үлкендерді сыйлаймыз, бірақ кейде өз ойымызды
айтқанымызды олар қарсы шығу деп түсінеді»
деген пікір білдірсе, кейбірінің ойы «өз ойын ашық
айтқанның несі айып? Жасы үлкен екен деп үнсіз
тыңдап тұру шарт емес шығар» дегенге саяды. Осы
екі буынның пікірін тыңдай отырып түсінгеніміз:
үлкендер сыйластықтың азайғанына алаңдаса,
жастар аға буынның өздерімен санасқанын
қалайды.
Бұрынғы балалардың бәрі өтпелі кезеңнен ата-
анасына салмақ салмай, үн-түнсіз өтті деу дұрыс
емес. Олар да еркеледі, қырсықты, ата анасымен
керісті, кейде қарсыласты, өз ортасына еліктеді,
үлкендердің сөзін тыңдағысы келмеген кездері де
болды. Айырмашылық балалардың өтпелі кезеңді
бастан кешіруінде емес, сол кезеңнің қалай көрініс
тапқанында.
Бағзыда көп отбасында үлкеннің сөзіне қарсы
шығуға жол берілмейтін. Бала ішіндегі ойын
ашық айта алмай, сезімін жасырып қалуға тиіс
болды. «Үлкеннің сөзін бөлме», «ата-анаға қарсы
сөйлеме» деген тәртіптің ықпалы күшті еді.
Сондықтан сырт көзге бала тыныш көрінгенімен,
оның ішінде не болып жатқанын үлкендер біле
бермейтін. Ал қазіргі жасөспірімдер өз ойын ашық
айтуға, таңдау жасауға, жеке пікірін қорғауға
бейім. Кейде осы қасиет шектен шығып, ата-
анамен сөзге келуге, үлкеннің көңіліне қарамауға
ұласып жатқандай көрінеді. Бірақ мұның бәрін
заманға жаба салуға болмайды, оған отбасындағы
тәрбие, ата-ананың қарым-қатынасы, достары мен
әлеуметтік ортасы да әсер етеді.
Бұрынғы ата-аналар да баласының мінезіне
алаңдады, тек ол туралы бүгінгідей ашық айтпады.
Қазіргі ата аналар да баласының өтпелі кезеңдегі
қылығына түсіністікпен қарап қана қоймай, шекара
мен жауапкершілікті үйретуі керек. Өткенді
әсірелеп, бүгінгіні кінәлаудан ешкім ұтпайды.
Екі кезеңнің айырмашылығы сол, бұрын тәртіп
қатал, үлкеннің сөзі басым болатын. Бұрынғы
балалардың бәрі сабырлы болмаса да, олардың
қарсылығы бүгінгідей ашық көрінбеген. Ендеше,
мәселе қазіргі балалардың өзгеруінде ғана емес,
ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың
да өзгеруінде болып тұр.
Осыдан 15, 20, 30 жыл бұрынғы жастардың
балалық шағы мен қазіргі жасөспірімдердің өмірі
бір-біріне мүлде ұқсамайды. Ол кезде интернет әр
үйде болған жоқ, смартфон деген атымен жоқ, ал
балалардың негізгі қызығы ауладағы ойын, кітап
оқу және достарымен жүзбе-жүз араласу еді.
Ауыл баласы үлкеннің шаруасына көмектесіп,
үйдің тірлігіне араласып, кішкентайынан
еңбекке бейімделетін. Үлкеннің сөзін екі етуге
болмайтынын, қонақтың алдын кесіп өтпеуді,
дастарқан басында әдеп сақтауды бала күнінен
бойына сіңіретін. Бала бір қателік жасаса, ата-
анасының ғана емес, көрші-қолаң мен туыстың
да ескерту айтуына қалыпты жағдай ретінде
қарайтын. Сондықтан үлкеннің қабағына қарап, өз
әрекетін тежейтін балалар көп болды.
Алайда дәл осы тұжырымға сай бұрынғы
жастардың бәрі мінсіз, қазіргі жастардың бәрі
мінезді болды деу де дұрыс емес. Ол кезде де
тәртіпке бағынбайтын, үлкенді сыйламайтын
балалар болған, тек бүгінгідей әлеуметтік желі
олардың әр әрекетін бүкіл жұртқа жария еткен
жоқ. Алдымен осыны ұғып алған жөн-ау.
Қазіргі жасөспірімдер кімдер? Бүгінгі жастарды
сипаттағанда «Z ұрпағы», «зумерлер», «Альфа
ұрпағы» деген атаулар жиі қолданылады. Зумерлер
деп көбіне 1997-2012 жылдар аралығында дүниеге
келгендерді атайды, бірақ әр зерттеуде бұл кезеңнің
шекарасы сәл өзгеше берілуі мүмкін. Ал «Альфа
ұрпағына» шамамен 2010 жылдан кейін туған
балаларды жатқызады.
Демек, бүгінгі жасөспірімдердің бір бөлігі
Z ұрпағына, ал кішірек жастағылары Альфа
ұрпағына жатады. Бұл атаулар балаларды жақсы
немесе жаман деп бөлу үшін емес, олардың
қандай тарихи және технологиялық ортада өскенін
түсіндіру үшін қолданылады.
Қазіргі жасөспірімдер телефонды да,
интернетті де, әлеуметтік желіні де ерте жастан
меңгеріп өсіп келеді. Олар алыстағы адаммен
бір сәтте сөйлеседі, керегін интернеттен іздейді,
әлемдегі жаңалықтарды қатарластарымен бірге
талқылайды. Бұрын үлкендерден естігенін
ақиқат деп қабылдайтын бала қазір сол сөздің
дұрыстығын әлеуметтік желі арқылы тексеріп ала
қояды. Сондықтан бүгінгі жасөспірімнің «Неге
олай істеуім керек?» деп сұрауы міндетті түрде
үлкенді сыйламағаны емес, істің мәнін түсінгісі
келгендігінен. Үлкендер сеніп қалатын нәрсеге,
қазіргі бала сенбейді. Сондықтан олар алдымен
шындыққа көз жеткізіп алып барып келісім береді.
Олар ішінен «әке-шешем айтты екен» деп емес,
«Расымен, осы нәрсе маған қажет пе, қажет емес
пе?» деген сұрақты нақтылап алады.
Бұрын «Ел не дейді?» деген сөздің өзі адамды
талай орынсыз қадамнан тоқтататын. Ал бүгінгі
жастар жұрттың пікірінен гөрі, өз қалауы мен
жеке таңдауын жоғары қояды. Бір қарағанда бұл
үлкендерге қарсы келу сияқты көрінуі мүмкін.
Бірақ әркімнің көңілінен шығуға тырысу мен
адамдық әдепті сақтау екі бөлек нәрсе.
Қазіргі отбасындағы тағы бір күрделі мәселе
– ата-ана мен баланың бір-бірін тыңдауға уақыты
мен ықыласы жете бермейтіні. Ата-ана мен бала
арасындағы алшақтық неден туады? Жасөспірімдер
неге кейде ішкі сырын жақындарына айта алмайды?
Олардың үнсіздігінің артында қандай уайым
мен мұң жатуы мүмкін? Ал ата-ана баласының
жандүниесінде не болып жатқанын дер кезінде
неге аңғармайды?
Осы сұрақтарға жауап іздеу барысында осыдан
бір жыл бұрын 16 жастағы қыздың өзіне қол
жұмсамақ болғанын, оны ата-анасы дер кезінде
байқап, ауруханаға жеткізгенін естіген едік. Кейін
сол қызбен жеке танысып, сөйлесудің де сәті
түсті. Оның басынан өткен жағдайды сырттай
бағалап, бірден тұжырым жасау оңай болғанымен,
жасөспірімнің жандүниесінде не болып жатқанын
түсіну үшін оны өз аузынан тыңдағанды жөн.
көрдік.
– Әке-шешем үнемі «сен үлкенсің ғой» деп,
өзімнен кейінгі інілерім мен сіңлілерімді еркелетеді,
ал мен соларға қарауым керек. Кейде өзімді
осы үйдің баласы емес, бауырларымды бағуға
міндетті адам сияқты сезінетінмін. Менің де
ойнағым, құрбыларыммен қыдырғым, еркелегім
келетін. Бірақ оған уақытым болмады. Достарым
мерекелерде жиналып, бірге қыдырып, көңіл
көтеретін. Ал мен сабақ аяқталса үйге асығамын.
Өйткені інілерім мен сіңлілеріме қарауым керек.
Тамақтарын беріп, киімдерін ауыстырып,
ойнатып, үй жинайтынмын. Анам жұмысқа
ерте кететін. Сондықтан бауырларыма қарауға
тура келетін. Құрбыларымның бірге жүргенін
көргенде мен де солар сияқты ойнап-күлсем ғой
деп армандайтынмын. Бірақ үйдегі міндеттерімді
ешкімге қалдырып кете алмайтынмын. Уақыт
өте келе ішімдегі мұңым көбейе берді. Он бес
жасымда әбден шаршадым. Өзімді ешкімге керек
емес сияқты сезіндім. Сөйтіп, өзіме қол жұмсамақ
болдым. Әке-шешем дер кезінде байқап, мені
құтқарып қалды. Екеуі де қатты жылады. «Неге
бұлай істедің?» деп сұрады. Сол кезде ғана осы
уақытқа дейін ішімде сақтап келген барлық
ренішімді айтып бердім. Қазір үйімізге бала
күтушісін алдық. Енді інілерім мен сіңлілеріме
қарау жалғыз менің міндетім емес. Құрбыларыммен
араласуға, өзіме уақыт бөлуге мүмкіндік туды.
Бұрын әке-шешем мені жақсы көрмейді деп
ойлайтынмын. Ал қазір олардың да мені еркелетіп,
көңілімді сұрап, қамқорлық көрсететінін сезіне
бастадым, – деді ол көзіне жас алып.
Бұл оқиға ата-ананың бала алдындағы жауап
кершілігі тек киіндіру мен тамағын берумен
шектелмейтінін тағы бір аңғартты. Кейде
үлкендердің «сен енді үлкенсің» деген бірауыз
сөзі баланың мойнына өзі көтере алмайтын жүкті
артып қоюы мүмкін. Үлкен балаға кішілерге қам
қор болуды үйрету дұрыс, бірақ оның да бала
екенін, оның да мейірім мен көңіл бөлуге мұқтаж
екенін ұмытпаған жөн. Баланың үнсіз жүргені оның
бәріне риза екенін білдірмейді, сондықтан ата-ана
перзентінің көңіл күйіне бейжай қарамауы керек.
Ең бастысы, баланың бойындағы мұңды
дер кезінде байқап, оны жазғыруға асықпай,
сырын тыңдап, жанынан табыла білу қажет.
Біз балаға бар жағдайды жасап бергенімізбен,
оның жандүниесінде не болып жатқанын аңғара
бермейміз. Сондықтан перзентіміздің қарны тоқ,
көйлегі көк болғанына ғана емес, көңілі тоқ, жаны
тыныш болуына да мән берген жөн. Жасөспірімге
материалдық жағдаймен қатар, өзін тыңдайтын,
пікірін құрметтейтін және қателескенде жол
көрсететін ересек адам қажет. Бала ойын айтқанда
«сен әлі баласың, үндеме» деп тоқтата берсе, ол
уақыт өте келе сырын ата анасына емес, достарына
немесе интернеттегі бейтаныс адамдарға айта
бастайды.
Екінші жағынан, баланың әр талабын орындап,
ешқандай міндет жүктемей өсіру де дұрыс тәрбие
емес. Бала үй жинауға, ыдыс жууға, кішіге қамқор
болуға, өз ісіне жауап беруге үйренбесе, еркіндіктің
міндетпен қатар жүретінін түсінбей өсуі мүмкін.
Сондықтан ата-ананың міндеті баланы тек қорғау
емес, өмірге дайындау. Тәрбиеде шектен тыс
қаталдық та, шексіз еркіндік те мәселені шешпейді,
ең маңыздысы, мейірім мен талаптың арасындағы
тепе-теңдікті сақтау.
Осы орайда көпбалалы ана, зейнеткер Жұмакүл
Бейбауовамен тілдесіп, бала тәрбиесіндегі өмірлік
тәжірибесін сұрадық. Бүгінде балаларының
ортасында бақытты ғұмыр кешіп, немере-
шөберелерінің қызығын көріп отырған әжейдің
айтары көп. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне
арнаған анадан бұрынғы мен бүгінгі бала
тәрбиесінің айырмашылығы, ата ана мен бала
арасындағы сыйластық және үлкеннің өнегесі
туралы әңгіме өрбіттік.
– Үйдегі тәрбие тек ақыл айтумен шектелмеуі
керек, өйткені бала ата анасының сөзінен бұрын
ісіне қарап бой түзейді. Үлкендер өтірік айтпаса,
уәдесінде тұрса, бала да сол мінезді бойына
сіңіреді. Қазіргі жастарды өзгерту үшін оларды
үнемі кінәлай бермей, өзіміз де заманға бейімделіп,
олардың тілін табуға тырысуымыз керек. Өйткені
бүгінгі бала ертеңгі ата-ана, ал бүгін оған қандай
тәрбие берсек, ертеңгі қоғамның келбеті де соған
байланысты қалыптасады. Ең бастысы, бізге
телефоннан да, сәннен де, заманның жылдам
өзгеруінен де қорқудың қажеті жоқ, қорқатын нәрсе
– адам бойындағы мейірім мен жауапкершіліктің
жоғалуы. Сондықтан мәселе қазіргі жастардың
бұрынғыдай болмауында емес, олардың қандай
адам болып қалыптасып жатқанында. Қазіргі
балалардың мінезі өзгергені рас, бірақ олардың
бәрін бірдей ызақор, үлкенді тыңдамайды деп
кінәлауға болмайды. Жасөспірімдік шақта баланың
көңілі тез құбылып, болмашы нәрсеге ренжіп
қалуы мүмкін. Мұндайда ата-ана ашуға берілмей,
баласының неліктен бұлай мінез көрсетіп жүргенін
түсінуге тырысуы тиіс. Баланы ұрсып, дауыс
көтеріп тәрбиелеу емес, қайта сабырмен сөйлесіп,
ойын тыңдай білу қажет. Өз басым балаға ақыл
айтпас бұрын жандүниесіне үңіліп, неге ренжігенін
түсінуге тырысамын. Әрине, балаға еркіндік беру
керек, бірақ сонымен бірге жауапкершілікті де
үйреткен жөн. Ең бастысы, ата-ана баласына
сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі болып, қандай
жағдай болса да мейірімін аямағанда ғана ұтады,
– дейді Жұмакүл Әбдірахманқызы.
Қорыта айтқанда, бала тәрбиесі бір күнде
нәтиже беретін жұмыс емес, күн сайын көңіл
бөлуді, сабыр мен түсіністікті қажет ететін ұзақ
еңбек. Жасөспірімнің мінезі өзгеріп, өз ойын
ашық айта бастаған кезде ата-ана оны бірден
тәртіпсіздікке балап, кінәлауға асықпағаны жөн.
Ең алдымен, баланың сөзін бөлмей тыңдап, неге
ренжігенін, нені уайымдап жүргенін түсінуге
тырысуы керек. Ал жасөспірімдер де ата-
ананың талап-тілегінің артында қамқорлық пен
жауапкершілік жатқанын ұмытпағаны абзал. Өзара
сыйластық деген баланың үлкенге сөзсіз бағынуы
ғана емес, үлкеннің де баланың пікірін құрметтей
білуі.
Отбасында ашық әңгіме айтылып, қуаныш
пен қиындық бірге көрінсе, бала да өз мәселесін
жасырмай айтуға үйренеді. Баланы өзгемен
салыстырып, кемшілігін бетіне басқаннан гөрі,
жақсы қасиетін байқап, жетістігін бағалау
әлдеқайда пайдалы. Өйткені ата-ананың мейірімі
мен сенімі баланың өзіне деген көзқарасына,
болашақта қандай адам болып қалыптасатынына
тікелей әсер етеді. Ұрпақ тәрбиесіндегі ең басты
міндет баланы біреуге ұқсату емес, бойына
адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, үлкенді
құрметтейтін, кішіге қамқор болып, өз ісіне жауап
бере алатын саналы азамат етіп тәрбиелеу.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.
