ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТТАР

14 Views

ӨМІРБАЯНЫ
Джуанышева Мөлдір Маратқызы 1979 жылдың 12 қарашасында Жамбыл облысында дүниеге келген. 1986 жылы Рахым Сәбденов ауылындағы
Ақбұлақ орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданған. 1994 жылы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, аталған оқу
орнын 1998 жылы тәмамдаған. 2002 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы
бойынша бітіріп, экономист біліктілігін алған. 2020 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша
аяқтап, құқық бакалавры дәрежесін иеленген.
Еңбек жолын 2003 жылғы қазанда №2 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде кадр инспекторы болып бастаған. 2004 жылдың
наурыз айынан бастап уақытша кассир қызметін атқарып, сәуір айынан осы мекемеде кадр инспекторы қызметін жалғастырған. 2006 жылдың
наурызы мен 2007 жылдың мамыр айлары аралығында психоневрологиялық интернат үйінде кадр инспекторы болып жұмыс істеген. 2007 жылғы
мамырда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорны» филиалына персонал жөніндегі менеджер
қызметіне қабылданған. Осы ұйымда персоналды басқару және кадрлық іс жүргізу бағытында еңбек еткен. Кәсіби білімін еңбек заңнамасы, еңбек
қауіпсіздігі, персоналды басқару және көшбасшылық дағдылар бойынша курстарда жетілдірген.
2026 жылдың сәуір айынан қыркүйек айына дейін Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының «Жамбыл облысының ветеринариялық
станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында Әкімшілік бөлімінің басшысы болып жұмыс атқарған.
Бүгінгі күнде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорны» филиалына персонал жөніндегі
менеджер қызметін атқарып келеді. «Үздік маман» құрметті атағымен, «Қазақстан темір жолына – 120 жыл» мерейтойлық медалімен, «Адал еңбегі
үшін» төсбелгісімен және өзге де салалық марапаттармен марапатталған.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті сайлаушылар!
Мен өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша №12 бірмандаттық сайлау округі бойынша аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп,
өзімнің бағымды сынауға бел будым. Сенетінім тек өздеріңізсіздер! Әрбір тұрғынның күнделікті өміріне әсер ететін мәселелерді шешу үшін
елді мекеннің нақты қажеттілігін білу, жобаларды жоспарға енгізу және олардың орындалуын жүйелі қадағалау қажет. Аудандық мәслихат
депутаттығына сайланған жағдайда, заңмен белгіленген өкілеттігім мен бюджет мүмкіндіктері аясында төмендегі бағыттарға назар аударатын
боламын.
1. Жаңа мектеп және сапалы білім. Луговой ауылына кіреберіс аумақта заманауи мектеп салу қажеттілігін тиісті органдардың қарауына
ұсынамын. Оқушы саны, орналасатын жер, инженерлік желілерге қосылу және жобалық құжаттама мәселелерінің жан-жақты зерделенуіне, қажет
болған жағдайда құрылысқа қаржы қарастыруға ықпал етемін. Қолданыстағы білім нысандарының қауіпсіздігі мен материалдық-техникалық
жағдайы да назарда болады.
2. Құрымбаев көшесін абаттандыру. Луговой ауылындағы Құрымбаев көшесінің сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған бастамаларды
қолдаймын. Көше бойын жарықтандыру, жасыл желек отырғызу, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта жасау, тазалық пен қоғамдық кеңістіктің
күтімін жүйелеу мәселелерін тұрғындардың пікірін ескере отырып көтеремін. Жобалардың кезең-кезеңімен іске асуына мән беремін.
3. Ауыл спорты және жастардың бос уақыты. Луговой ауылында бұқаралық спортты дамыту үшін шағын футбол алаңын салу мәселесін
көтеремін.
4. Ауылішілік жолдарды жөндеу. Жөндеуді қажет ететін ішкі көшелерді тұрғындар өтініштері мен жолдардың нақты жағдайына қарай
басымдықпен айқындауды ұсынамын. Орташа жөндеу, қажет учаскелерге тротуар салу және жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту жобаларының
бюджетте қаралуына ықпал етемін. Мердігерлік жұмыстардың сапасы мен мерзімін депутаттық бақылауда ұстауға атсалысамын.
5. Инженерлік желілер және әлеуметтік қолайлылық. Ауыз судың тұрақты берілуі, электр және көше жарығы, коммуналдық қызмет сапасы
жөніндегі тұрғындар ұсыныстарын тиісті ұйымдарға жеткіземін. Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігіне, егде адамдар мен мүгедектігі бар
азаматтардың кедергісіз қозғалуына жағдай жасауға қатысты мәселелерді де назарға аламын.
6. Жұмыс орындары мен еңбек құқықтары. Персоналмен жұмыс істеу тәжірибеме сүйене отырып, жастардың кәсіптік бағдар алуына,
жұмыспен қамту шаралары туралы ақпараттың қолжетімді болуына және жергілікті жұмыс берушілермен байланысты дамытуға бағытталған
ұсыныстарды қолдаймын. Еңбек құқықтары, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен заңды әлеуметтік кепілдіктер бойынша түсіндіру бастамаларына
атсалысамын.
7. Ашық бюджет және тұрғындармен тұрақты байланыс. Округ тұрғындарының өтініштері бойынша қабылдау өткізіп, мәселелерді құзырлы
органдарға жеткізуге және депутаттық сауал жолдауға мән беремін. Басым жобаларды жоспарлау кезінде тұрғындардың пікірін ескеруді, бюджет
қаражатының мақсатты жұмсалуы мен нәтижесі туралы ашық есеп беруді қолдаймын.
Қадірлі жерлестер!
Елді мекендегі оң өзгеріс тек ауқымды құрылыстан басталмайды. Кейде балаға қауіпсіз жол, жастарға спорт алаңы, тұрғынға жарық көше
немесе уақтылы берілген жауап – сенім қалыптастыратын маңызды қадам. Ұсынып отырған бағыттарым осы нақты қажеттіліктермен байланысты.
Әр бастаманың орындалуы бір күнде шешілмеуі мүмкін, сондықтан оның дайындық, қаржыландыру және іске асыру кезеңдері тұрғындар үшін
түсінікті болғанын қалаймын.
Көп жылғы кадрлық жұмыс тәжірибем адамдарды тыңдаудың, өзара келісім табудың және қабылданған шешімге жауап берудің маңызын
көрсетті. Сол ұстанымды қоғамдық қызметте де сақтап, Луговой ауылы мен №12 округ тұрғындарының мәселелері назардан тыс қалмауына
атсалысуға дайынмын. Маған дауыс беріңіздер. Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий