Балаңа жаның ашыса, жаның ашымасын

1 328 Views

Балаңа жаның ашыса, жаның ашымасын

«Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан. Адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» дейді қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов.

Қарап отырсақ, халқымыздың өмір салтында өтірік айту да бұзақылық саналған екен. Қазір өтірік айтпайтын адам жоқ. Оның қалыпты құбылысқа айналып кеткені сонша, өтірік айтудан арлануды қойдық. Ұрлық, адам өлтіру секілді қылмыстарды газет-журналдар жиі жазып, телеарналар күнделікті жаңалықтарында көрсетіп жүр. Оған етіміз үйреніп, мән бермейтін болдық. Ең сорақысы – біз сөз етіп отырған бұзақылықтар кәмелет жасына жетпеген жасөспірімдер арасында белең алды.

Бұрын баланы үйдегі тәрбиеден бөлек, орта тәрбиелейді деп «Ұлы өссе, ұлы жақсымен, қызы өссе, қызы жақсымен ауылдас болған» ел едік. Адамның бүкіл өмірі компьютерге тәуелді бүгінгі техника дәуірінде, қазақтың қай үйіне барсаңыз да ұялы телефонға үңілген балаларды көресіз. Балаларымызды үйден шықпай-ақ телефон, телефонға қосылған интернет тәрбиелеп отыр. Бұл жазыла-жазыла жауыр болған тақырыпқа айналғанымен әлі күнге жауырды жаба тоқып келеміз. Өзектілігін ойлап, қорытынды шығарған кім бар? Телефон тәрбиелеген ұлдың ұры, қыздың қары болмасына кім кепіл? «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Қарекет» бағдарламасының жүргізушісі, журналист Бейсен Құранбек «Жұмыста бір келіншек мұңын шағып отыр.

– Балам үшке енді келді. Есіл-дерті сотка. Бермесең үйді басына көтеріп жылайды. Берсең тағы бір бәле.

– Бала үлкендерден көргенін істейді ғой,-деп күлді әзілқой бір ағамыз. Шынында да бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» емес пе? Қазіргі бүлдіршіндердің туғаннан көргені ата-анасының қолындағы смартфон болса оларға не айып, не жаза?!» деп ой тастапты әлеуметтік желідегі парақшасында. Осы тұста ойыма жуырда өткен аудан әкімінің қорытынды есеп беру жиналысындағы облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың сөзі оралды. Еркебұлан Әбілханұлы «Балаңа жаның ашыса, жаның ашымасын» деген қазақ сөзінің тереңіне бойлады. Өсіп келе жатқан ұрпақ ертең ер жетіп, бой түзегенде иманы берік, ибасы бекем болуы үшін бала тәрбиесіне бүгіннен бастап назар аудару қажеттігін сөз еткен еді.

«Тәрбие тал бесіктен» екенін ауыз айтқанмен, ескеріп жатқандар аз. Шындап келгенде ұл-қызымызға жанымыз ашығанмен, жанымыз ашымай тұр. Жыласа тыныштығымызды ойлап, балаға телефон ұстатып қоямыз. Телефонға бала алдана қойса жақсы. Оларға интернет керек. Міндетті түрде youtube желісіне жалғап бермесең, иланбайды. Бұл желіден тек жақсы дүниелерді көреді деу бекер. Қадаға керек-ақ. Соны құнттамай, тәрбиенің тізгінін интернетке тапсырдық. Бала кезден қалыптасатын ойлау негіздерін дамытып, ақыл-ойын жетілдірейін дейтін ой жоқ. Төбемізге көтеріп, өбектеп жүргенде төбемізді тесетін тентек ұл, тексіз қыз өседі. Біз бала тәрбиесін осы кезде қолға алып, кешігеміз. Қайтпек керек? Не істемек жөн? Бейсен Құранбектің жазбасын оқиық.

«Есіме кезінде аты әлемге тараған Судзуки түсті.

Ол 4-5 жасар балаларға скрипканы тез арада керемет тартқызып үйретумен аты шыққан еді. Қалай дейсіздер ғой? Судзуки былай істеген. Ол ешқашан баланы бас салып үйретпеген. Оның талабы бойынша, әуелгі 3 ай тек анасы үйренуге тиіс болған. Бала қасында ойнап жүрген. Оған скрипканы мүлде ұстатпаған. Жыласа да бермеген. Бала тиісуге болмайтын қасиетті заттай жоғары қойған.

Үш айдан кейін ғана әуелі таяқшасын аз уақытқа ұстатып көріп, одан кейін ғана скрипканы қолына алуға рұқсат берген. Осылайша, баланың қызығушылығын әбден оятып алып, сабақты бірақ бастаған.

Өстіп үйренген балалар айналасы 2-3 айдың ішінде Вивальди мен Баxтың күрделі шығармаларын өте жоғары деңгейде орындайтын болған. Кейін жапондар Судзукидің әдісін басқа пәндерді үйретуге пайдаланды».

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: