Ынтымақ пен татулықтың бастауы

825 Views

Қазақстан Республикасының Бірлігі күніне орай кеше «Ынтымағы жарасқан тәуелсіз Қазақстан» тақырыпта Мэльс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде мерекелік фестиваль болып өтті. Фестивальге қазақ, орыс, неміс, өзбек және қарашай этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік фестиваль шымылдығын аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева сөз сөйлеп, ашты.

– Құрметті жерлестер! Жалпы, бұл мереке ел аумағында ерекше тойланады. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Қазақ елінде ынтымақ пен бірлік, татулық пен достық әрдайым алдыңғы қатарға қойылған. Сондықтан да елімізде тұрақтылық сақталып, ынтымағымыз жарасып келеді. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқының бірлігінен қуат алып, тату-тәтті өмір сүруде. Бұл біз үшін қуанарлық жағдай . Өздеріңіз білесіздер, тағдыр тауқыметімен Ұлы дала төсіне келген әр түрлі этнос өкілдері осынау қилы кезеңде киелі Құлан жеріне де келіп табан тіреді. Мәселен, аудан халқының 93,6 пайызы қазақ ұлты болса, 6,4 пайызы өзге ұлт өкілдерін құрайды. Негізінен,

 ауданда 4 этно-мәдени бірлестік жұмыс жасайды. Бесінші болып, неміс этно- мәдени бірлестігі қосылып отыр. Бұл бірлестіктердің барлығы ауданымыздың рухани дамуына өлшеусіз үлестерін қосып келеді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған фестиваль де жыл сайын өткізілетін дәстүрлі іс-шара. Сіздерге қажымас қайрат, зор денсаулық, мол бақыт тілеймін. Елімізде тек қана тыныштық болсын,-деді Ләззат Шәкуәліқызы. Мерекелік фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты.

Марат ЖОЛДАСБЕКҰЛЫ.

СУРЕТТЕ: фестивальден көрініс.   

Поделиться ссылкой: