«Атқарылып жатқан жұмыстарға көңілім толды»
деді ауылшаруашылық министрлігінің өкілі ауданға келген сапарында
Өткен аптада ауданға арнайы іссапармен Қазақстан Республикасының ауылшаруашылығы министрінің вице-министрі Айдарбек Сапаров келді.
Айдарбек Сапаров Құлан ауылындағы қарқынды жұмыс жүргізіп отырған SV «Аgro» жеміс-жидек бағын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Құлан ауылының оңтүстік бөлігіне алма және шие талдарын егіп жатқан SV «Аgro» жеміс-жидек бағы өз жұмыстарын қарқынды түрде іске асырып келеді. Бүгінде 100 гектар алқапқа шие талдары егіліп, гүлдеп, түйін салып үлгерген. Шие және алма талдары Ресей, Италия елдерінен тасымалданыпты. Инвестиция көлемі -5,5 млрд. теңгені құрайды. Жобаның толық қуаттылығы әр гектардан – 20 тонна өнім алу. Сонымен қатар, мұнда 300 гектар алқапқа алма бағын егу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Ол екі кезең бойынша іске асырылуда. Яғни, ағымдағы жылы 150 гектар жерге алма талдары егілсе, 2020 жылы қалған 150 гектардың жұмыстары жүргізілетін болады. Инвестиция көлемі -5,3 млрд. теңге. Жобаның толық қуаттылығы 1 гектардан – 50 тонна өнім өндіру көзделуде.
Жоба басшылары жергілікті ауыл азаматтарына жаңа және тұрақты жұмыс орындарын ашып, аудан экономикасына оң ықпалын тигізуді де көздеп отыр. Жоба қарқынды жұмыс атқара бастағанда жаңа 246 жұмыс орны ашылып, орташа жалақы көлемі 144 мың теңге шамасында болмақ. Одан бөлек алқап маңына мамандар «DAWTONA» компаниясымен бірлесіп жемістер мен көкөністерді мұздатып сақтайтын кешен құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Айта кету керек, «DAWTONA» компаниясы нарықта 15 жылдан астам жұмыс жасайтын Польшаның мұздатылған жемістер мен көкөністерді өндіруші кәсіпорын болып саналады.
Айдарбек Сапаровқа SV «Аgro» кешенінің қызметкерлері келешекте жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымен де бөлісті. Алдағы уақытта сала мамандары теңіз қырыққабаты,
таңқурай және құлпынай секілді жаңа дақылдарды да отырғызуды жоспарлап отыр.
Инвестициялық жобаның іске асырылуын мұқият тыңдаған министрлік өкілі бірқатар мәселеге тоқталып, баспасөз қызметкерлеріне сұхбат берді. «Біз Т.Рысқұлов ауданынан бөлек төрт ауданның жұмыстарымен таныстық. Шешімі түйіндеулі тұрған мәселелер жоқ емес, бар. Оларды министрлікке жеткізетін боламыз. Ол бойынша сараптама жұмыстарын жүргізіп, жауабын жақын арада береміз. Ал, жалпы облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға көңілім толды. Әсіресе, министрліктің талап етіп отырған тапсырмалары өз деңгейінде орындалып келеді» -деп оң бағасын берді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.