Кәсіпкерлерді қолдау міндеттелді

751 Views

Нарық заманында өмір сүріп келеміз. Ал нарық бәсекелестік орта қалыптастырады. Ендеше, бәсекелестік ортада басың салбырап, салың суға кетпес үшін таңның атысы, күннің батысына қарамастан бел жазбай еңбек ету маңызды. Сонда ғана ырысың артып, үйіңде береке болады. Кез-келген кәсіпкердің ұстанымына айналған өмірлік қағида осы.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі қолдаулардың арқасында еліміздегі кәсіпкерлік кең өріс алып келеді. Аудан кәсіпкерлері де кәсіпкерліктің сан түрін меңгеріп, шама-шарқынша еңбектеніп жүр. Күні кеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың қатысуымен кәсіпкерлермен кездесу өтті. Аталмыш жиын облыс әкімі бекіткен жұмыс алгоритмі аясында ұйымдастырылған болатын. Оған шаруа қожалық басшылары, жеке кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Айта кету керек, жиын кәсіпкерлік саласындағы күрмеуі қиын мәселелерді шешуге бағытталған болатын. Бұл жайында аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы мәлімдеп, жиынға қатысушыларды белсенділікке шақырды. Яғни, қатысушылар кездесу барысында барынша ашық ойын айтып,  кәсіпкерлік саласындағы кемшіліктерді ортаға салуға шақырды.

Аудан әкімінен кейін сөзді аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сақтасын Тастанов алып, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді. Сонымен қатар, бөлім басшысы орта және шағын бизнесті қолдау үшін берілетін бірнеше бағдарламаларды атап өтіп, оны алу жолдарына да кеңінен тоқталды.

Бөлім басшысының баяндамасын мұқият тыңдап болғаннан кейін аудан әкімі сөз кезегін кәсіпкерлерге берді. Жиын «ашық форматта өтеді» дегенді ескерген кәсіпкерлер кеңінен көсіліп сауалдарын қоя бастады. Солардың ең алғашқысын жеке кәсіпкер Қыстақ Дәулетов қойды. Біраз жыл бұрын кәсіпкер ауданда құс етін өндіру бағытында шаруашылық ашып, оны жүргізгісі келген. Аталмыш жобаның алғашқы жұмыстары бастау алып, тіпті құрылыс жұмыстары біршама атқарылыпты. Дегенмен, жоба инвесторы алаяқтық жолды таңдап, соңында ізін суытқан. Осылайша тәп-тәуір басталған іс аяқсыз қалған екен. Осының бәрін толықтай мәлімдеп берген жеке кәсіпкер сөз соңында аудан әкімінен тұралап тұрған тірлікке қолдау көрсетуін сұрады. Аудан басшысы өз кезегінде жобаның ауқымдылығы және маңыздылығына тоқталып, хаттамаға енгізді.

Кездесуде мұнан бөлек өзге де кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша сауалдарын қойып, пікір алмасты. Солардың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және оны өткізу жолдары, шағын өндіріс цеxтарын ашу мәселесі, шағын бизнесті қолдауға Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың қолжетімділігі, түрлі бағдарламалар аясында несие алу туралы айтылып, шешімін табу жолдары қарастырылды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: