АУЫЛ ӘКІМІ ШАБЫНДЫҚҚА КЕЛДІ

961 Views

Биыл көктем жауынды болып, шөп бітік шықты. Өсімдіктің буыны қатып, құс балапанының түбітін тарайтын шақ бұл. Осы мезгілді жіберіп алмайын деп пішеншілер науқанға ерте қам­дан­ды. Бір Жаңатұрмыс ауылдық ай­ма­ғының өзінде жиырма алты шөп­шілер бригадасы бар. Ауылдағы 122 шаруа қожалығын ғана емес, аудан халқының мал азығына деген қаже­тін жаңатұрмыстық пішенші-меха­ни­заторлар өтеп отыр десе де болады. Өйт­кені Құландағы «Шөп базарына» со­лар ғана пішен шөп пен жоңышқаны тай­лап әкеп тасиды.

Біз «Сарманқұл» төскейінде шөп шауып жүрген «Германкаға» қарай бұ­рылдық. Сөйтсек ауыл әкімі Нұрболат Жамалбеков те шөпшілер қосында жүр екен. Даладан жаңа ғана орылған жоңышқалықтың жусан аралас иісі мүңкіп тұр. Тегі кеңсірігіңді жарады. Шабындықтың  дымқылын сақтап тұрған да жусан ғой. Апаларымыз: «Қасиетіңнен айналайын жусанмен үй алдын сыпырсаң кене мен бүйі қаптап кетпейді» деп отырушы еді.  Ке­шелі бері сынап бағанасы 38-40 гра­­дусты көрсетіп, аптаптың арты ші­ліңгір ыстыққа айналған. Алайда ауа райының аптабына үйренген ағайынды Әйімбековтердің үлкені Жұлдызбек өзінің көмекшісі Даниярмен бірге екен, әудем жерге келгенде комбайнын тоқ­татып, бізге қарай жүрді. Олар шөп­ті жүйекке жығып кеткеннен соң Той­лы­байдың екінші ұлы Сұлтан, ағасы Тау­дың ұлы Мұрат, олардың жәрдемшісі Нұрбек Құрманалиев кепкен шөпті тайлап буады. Қазір шөпшілерді сүт пісірім уақытқа да тоқтатуға болмайды. Өйткені аптап ыстықта көп тұрған сай­ын өсімдіктің жұғымдылығы жойы­ла береді. Ал, көкбалауса кепкен шөпті базарға апарсаң сатып алушы жақсы баға береді.

– Қазір «Шөп базарда» тайланған бір түк пішен шөптің бағасы 300 теңгеден, ал, жоңышқа 450 теңгеден пұлдануда,-дейді сөзге механик Батырбек Теңізбаев араласып.

– Оныңыз рас, Бәке, -деді ауыл әкімі Н.Жамалбеков. -Округта отызға жуық трактор, елуден аса жүк машинасы бар. Солардың барлығы бұзылып қалса осы Батырбек ағайға келеді. Бұл кісі «Құлбарақ» шаруа қожалығының механигі әрі мотор жөндеушісі. Өзінің зейнетке шыққанына қарамастан жастармен қатар құлшына еңбек етуде. Жастар демекші қазір ауылда бос жүрген бір жан жоқ. Отыздан аса азамат жүк көліктеріне шөп тиеуге шығады. Байырғы шофер әрі жүк тиеуші Сақан Қылышбеков, жүргізушілер Қайыржан Молдақұлов пен Бақтияр Шаңбаевтар бір тыным көрмейді. «Құлбарақ» шаруа қожалығында 90-нан астам адамның жер үлесі бар. Бәрінің де шабындық жері, егіндігі бар. Жыл сайын округ бойынша 900 гектар шабындық пен 800 гектар жоңышқалықтың шөбі орылып алынады. Ең көп жер үлесі де осы Кәдірбек Құлбарақов басқаратын ұжымның иелігінде. Олар биыл 300 гектар алқаптан мал азығын дайындауды көздеп отыр. Осы қожалықтың байырғы механизаторлары Мұрат Ноғайбаев, Бахтияр Маханов, Жанболат Әбілов қазір шабындықта жүр.

Біз ауыл әкімі Н.Жамалбековпен бірге «Сатыбалдының талы» аталып кеткен болат жолдың астындағы «Әділ» шаруа қожалығының 20 гектар жоңышқалығына келгенде мұнда да еңбек көрігі қыза түскенін көрдік. Қожалық жетекшісі Қалдыбек пен оның ұлы Бекболат тракторынан түспей жатып сәлемімізді алып, қалың орылған жүйекті бойлап өте берді. Бұдан соң біз Серік Молдазымов басқаратын «Ағайындылар» шаруа қожалығының тындырымды ісіне куә болдық. Жүзден аса ірі қара малына азық дайындап жатқан қожалық мүшелерінің ісі өнімді. 29 гектарға жоңышқа еккен Асқар Қоңқашев пен он гектар жоңышқалығы бар Әліш Нысановтар да қарбалас еңбекке араласып, бітік шыққан мал азығын дер кезінде шауып алуға құлшынулы екен. Аты аталған пішенші-механизаторлардың барлығы да өздеріне тиеселі алқаптағы шөпті орып біткен соң ауыл азаматтарының азын-аулақ жерін шауып беруге көмектеседі. Иә, науқан қызу өтуде. Біз науқанды аралау барысында  механизаторлардың жеке адамдардың бір гектар жерінің шөбін шауып бергені үшін жеті мың теңгеден, ал, тайлап буып бергені үшін әр түкке 80-90 теңгеден ақы алатынын да білдік. Мұны әрине, ауыл адамдары қымбатсынады. Амал қанша, өздерінде техника жоқ болған соң қайтеді, лаж жоқ сол бағаға шаптырады. Бірақ олар  кезек күтіп ұзақ жүріп қалады екен.

Сонымен Жаңатұрмыс ауылдық округінде мал азығын дайындау ерекше қарқын алды. Өйткені ауылдағы жұрттың қорасында ең аз дегенде 30-40 қой-ешкісі, 10-15-тен жылқысы, 3-4 ірі қарасы тегі бар. Ал, ол малға дәл қазір азық дайындап алмаса, ертең тым кеш болады. Екінші бір жағынан ауыл маңындағы зейнеткерлер мен мұғалімдерге, басқа да сала қызметкерлеріне бөлініп берілген танаптардағы жоңышқаны суарып алу үшін олар тағы да су кезегіне тұрады екен. Ал, ағын су болса сонау «Қарақыстақ» өзенінен келеді. Мұрап Қойлыбай Әйімбековтың айтуына қарағанда су ескі арнамен ағып келеді де орта жолда жерге сіңіп кетеді. Егер шлюзден 100-120 литр су жіберілсе, сол су танапқа жеткенше 60 литрін жоғалтады екен. Су шаруашылығындағылар латокты канал салып беруге уәде еткелі біраз уақыт болыпты, алайда бұл мәселе әлі де оң шешімін таппай отырса керек.

Дегенмен, біз Жаңатұрмыс ауылдық округінің шабындықтарын аралап, пішенші-механизаторлардың қажырлы еңбегінің куәсі болдық. Әсіресе, мал азығын дайындау науқанын жауапты науқан деп санап, шөпшілер қосында болып, олардың жағдайын білуге келген ауыл әкімін көріп оған риза болып қалдық.

С.Қожеке.Суретте: Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі  Нұрболат Жамалбеков, механик Батырбек Теңізбаев және тракторшы Жұлдызбек Әйімбеков пен оның көмекшісі Данияр Жолдасов шабындықта.

Поделиться ссылкой: