«Болашаққа бағдар» — Құланда

779 Views

Бүгінгі таңда ел жас­тарына қатыс­ты бірнеше өзекті мәсе­лелер бар. Дәлі­рек айтар бол­сақ, жастардың жұмыс­сыз жүруі, жатақ­хана және баспана­мен қамтамасыз етілуі, жас кәсіпкерлердің түрлі бағыт­тағы мемлекеттік қолдау тетік­терін біл­меуі, жастар арасында­­ғы құқықбұзу­шы­лық­тың жиілеуі солар­дың қатарына жатады. Осы түйткілді мәселелерді шешу бағытында облыс басшылары арнайы жобаны қолға алып, бүгінде іске асырып үлгерді. Аталмыш жоба­ның атауы – «Болашаққа бағдар» деп аталады. Бағдарламаның негізгі мақ­саты – облыс көлеміндегі  әрбір ауыл, елдімекендердегі жастардың түр­лі санаттарын барынша қамтып, олар­ға қатысты мәселелерді жергілікті жерлерде кең ауқымда көтеріп, нақты ше­шуге бағытталған. Сонымен қатар ұйым­дастырушылар облыс тұр­ғында­ры­ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамытып, жем­қорлық мәселесін барынша шешуді бас­ты назарға алып отыр.

Апта басында ҚР Мемле­кет­тік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентті­гінің Жамбыл облысы бойынша де­пар­таменті, облыс әкімдігінің білім, кәсіпкерлік және индустриалды-инно­ва­циялық дамыту, жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­лама­лар, ауыл шаруашылығы, Еңбек инспек­циясы, экономика және бюджетті жос­парлау, дін істері, жер қатынастары бас­қармалары мен аудандық салалық бө­лімдер, облыс бойынша Қылмыстық ат­қару жүйесі департаментінің Про­ба­ция қызметі, «Жас Отан» жастар қа­наты, кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының өкілдері мінген автокөлік аудан орталығында орналасқан Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйіне келіп аялдады. Ізінен көшпелі кеңестің мобильді топ құрамы мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысты. Аталмыш жиында аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов сөз сөйлеп, шараны ашып берді. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері жә­не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойын­ша департаментінің басқарма бас­шысы Ермек Тумабеков, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы ұлттық бюросының Жам­был облысы бойынша департамент бас­шысының орынбасары Нүркен Исла­мов, Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы ұлттық бюросының Жамбыл облы­сы бойынша департаментінің штаб басшысы Ғани Тубаевтар тұр­ғын­дарды белсенділік танытуға шақыр­ды.

Жиын аяқтала салысымен тұрғын­дар мәдениет ошағының дәлізінде отыр­­ған мамандардан ақпарат алып, же­ке дара тілдесе бастады. Әсіресе, «Тұр­ғын үй жинақ банкінің» маманы Рахи­ма Өскенбаеваның алдындағы ке­зек­те тұрған көп балалы аналардың көп­теп жиылғанын көзіміз шалып қал­ды. Рахима Әмзеқызы көп балалы ана­лардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, қазіргі қолданыстағы «7-20-25», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» сынды үй алуға арналған бағдарламаларды та­ныстырды. Бағдарламалардың пай­ыз­дық мөлшерлемелерін, несиені өтеу және алғашқы жарнаны жинақтау тәр­ті­бін толықтай түсіндірді.

Дәл осы мезетте мәдениет үйі­нің екінші қабатында орналасқан «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы­ның Жамбыл облысы бойынша депар­­та­мен­т басшысының орынбасары Нүркен Исламов аудандағы дін саласы­ның өкілдерімен кездесті. Ауылдық ме­шіттердің иман­дарымен пікірлесіп, бірқатар мәселе­лерді ортаға салды. Одан бөлек жиын барысында осы күнге дейін дін саласы бойынша атқарылған жұмыстар сара­ланып, тиісті сала басшыларына тап­сыр­малар берілді.

Облыстан келген департамент бас­шылары аудандағы білім саласының жұмыс­та­рымен де танысып, Құлан агротех­ни­калық колледжінің білім­герлерімен кездесті. Колледж қабырға­сында бол­ған жиында студенттермен тілдесіп, жа­тақ­хана, білім саласындағы жомқор­лық фактілерін болдырмау бойынша сөз қозғап, еркін форматта пікір алмасты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлт­тық бюросының Жамбыл облысы бой­ын­ша департаментінің штаб басшы­лары аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс за­лында актив жиналысын өткізіп, мем­лекеттік қызметкерлемен де кездесті. Мемлекеттік қызметкерлермен қатар жиынға белгіленген үш ауылдық округ әкімдері, аудандық білім беру бас­қар­масының әдіскерлері мен бөлім бас­шы­лары осы уақытқа дейін көтеріліп, шешімі табылмай келе жатқан мәсе­ле­лер жайында сөз етті. Мәселен, кездесу барысында аудан әкімінің орынба­са­ры Б.Әлпейсіов бір ғана Құлан ауылы­ның өзінде 2019 жылға 1500 жер те­лімін беру жоспарланып отырғанын айтып, кезекке 2009 жылдары тұрған тұр­ғындарға жер телімдері берілетін­ді­гі жайында мәлімдеді. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы ұлттық бюроның штаб басшылары аталған мәліметтің қуан­тарлық жайт екенін алға тартып, Тараз қаласында әлі күнге дейін 2005 жы­лы кезекке тұрған азаматтардың жер ала алмай жүргендігін жеткізді. Кездесу ба­рысында ветеринария саласына бө­лінген қаражатты игеру, көгілдір отын­ды кіргізу мәселесі, аудандық пош­та­ның жұмысы, баспасөз беттеріне жа­­зылу, атаулы әлеуметтік көмектің бе­­рілуі, медициналық қызметтің са­па­сы сөз болып, бірнеше бө­лім бас­шылары толық­қанды жауап берді.

Облыстық ұлттық бюроның штаб басшылары жиыннан кейін аудандағы орталық аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Шындос Мырзалиев жетекшілік ететін ақ халат­ты­лармен кездесіп, жұмыс барысы бой­ынша пікір алмасты. Пікірталас ба­ры­­сында медицина мамандарын тұ­рақтандыру, біліктілігін арттыру, жас дә­рігерлерге берілетін алғашқы жәр­дем­ақы жайында сөз қозғалып, ауру­ха­наның цифрландыру жүйесіне көшу жұмыстары тексерілді. Сапар соңында цифрландыру жүйесіне өткен жылдың желтоқсан айынан бастап көшкен аурухана жұ­мысына оң баға берілді.

Мобильді топ мүшелері келесі кү­ні Көгершін ауылында болып, тұр­ғын­дарды толғандырып жүрген сауал­дар­ға толыққанды жауап қайтарды. Атал­мыш жиынға Құмарық, Көкдөнен және Ақниет ауылдық округінің тұрғын­да­ры да арнайы келіп, әрбір сала маман­дарынан кеңес алды. Жоғарыда атал­ған округ тұрғындарының көбісі кәсіп­керлік саласының маманымен ұзақ әңгі­мелесті. Себебі биыл облыстағы жа­сы 29-дан аспаған жастарға кәсіп ашу үшін, 300 000 000 астам қаражат бө­лі­ніп отыр. Дәлірек айтар болсақ, ау­­данда бұрын соңды болмаған ино­ва­циялық жобаны әзірлеп, арнайы ко­миссияның қолдауына ие болсаңыз, әр­бір жасқа 3 000 000-ға дейін қай­та­рымсыз грант берілмек. Сала маманы тұрғындарға жобаны әзірлеу үлгісі, қа­жетті құжаттарды жинақтау тәртібін тү­сіндірді.

Аудан жастары мен тұрғындарын ақ­­па­раттандыруға бағытталған шара түс­тен кейін Луговой және Өрнек ауыл­дық округтерінде жалғасын тапты. Оған ау­данға қарасты қалған округтердің бар­лығы қамтылды. Мұнда да тұрғын­дар­дың бірі ауылшаруашылығы ма­ман­дарынан шаруаларға берілетін не­сие бағдарламалары жайында сұраса, бірі ТарГУ, Жамбыл политехникалық жә­не Абай атындағы Жамбыл гуманитар­­лық коледжінің өкілдерімен ұзақ кеңе­­сіп, өздеріне керекті ақпараттарға қа­­нық болды. Сонымен қатар, тұрғындар­ға «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Бизнестің жол картасы», «Жастар прак­тикасы», ауылшарушылығы, кәсіп­керлік бастамаларды қолдау, білім, жұ­мысқа орналасу, дін, ауыл шаруа­шы­­лығы саласын мемлекеттік қол­дау те­тіктері, мемлекеттік қызметке орна­ла­су тәртібі және өзге де салаларды қам­ты­ған мәселелер бойынша ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Нұрай ЖАЙЛАУБАЙ,

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: