Тіл – достықтың дәнекері
Жақында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен облыстық «Қазақстан студенттері Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйтқы болуымен Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде «Мәміле» қазақ тілінде әңгімелесу клубының көшпелі отырысы өтті. Шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерін көпшілікке танымал ету. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді жетік білетін тіл жанашырларының қатарын көбейтіп, олардың ана тілімізге деген қызығушылығын оятып, ынталандыру.
Көшпелі отырысқа облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әдіскері Кенжебай Өмірбеков, Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Бақтияр Биназар, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ренат Сартаев, сондай-ақ ауданымыздағы әр түрлі этно-мәдени бірлестік өкілдерінің жетекшілері мен мүшелері қатысты.
Дөңгелек үстел форматында өрбіген отырыс барысында этно-мәдени бірлестік мүшелері қазақ тілін жетік меңгеруге ерекше ынта-ықылас танытып, белсенділік көрсетті. Белгіленген тақырып бойынша яғни, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдептілік турасында Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Бақтияр Биназар өз пікірін ортаға салды. Өз кезегінде Кенжебай Өмірбеков те тақырып турасында пайымды пікір айтып, көшпелі отырысқа қатысушыларға ниет болса қазақ тілін үйрену аса қиындық соқтырмайтынын жеткізді. Айту ләзім, облыс бойынша 74 этно-мәдени бірлестік болса, оның 4-еуі біздің ауданымызға тиесілі.
Фарида Жақсымбет.