Жақсылық жаса, сыйла адамды тік тұрып…

839 Views

Жуырда «Элай-Құлан» мүгедек­тер қоғамдық бірлестігінің ұйым­дастыруымен тірек-қимыл аппараты бұ­зылған және психоневрологиялық ауыт­қушылығы бар мүгедек балалар­ға арналған іс-шара өтті. Шараға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас­шы­сы Ләззат Өтеулиева, жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лі­мі басшысының орынбасары  Сәуле Умеева қатысып, балаларға ізгі тілек­терін арнады.

Аталмыш іс-шарада орталық тәр­биешілерінің бірі сан түрлі кейіп­кер бейнесіне енсе, енді бірі сыған биін билеп, балалардың көңілін та­буға тырысып бақты. Ұстаз ұлаға­тын ұғынған тәрбиеленушілер де апайларына арнайы жаттаған жыр шу­мақтарымен тосын сый жасады. Залға жиналған аузы дуалы ақсақалдар мен ақжаулықты апалар М.Төлебаев атын­дағы өнер мектебінің ұстазы К.Төлендібаевтың сүйемелдеуімен халық әні «Бипылды» тамылжыта орындады. Сондай-ақ,  Шарапат Әсен, Жансая Сәрсенбаева, Заида Нұртаева сынды өнерпаздар да балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Іс-шараға «Ахмад» дүкенінің иесі К.Бектенбаев пен Көгершін ауылының 1978 жылғы азаматтары қаржылай көмек көрсетіп, жомарттық танытты.

Сәуле Өнгенбайқызының бастамасымен құрылған  «Элай-Құлан» қоғамдық бірлестігі 2016 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда бұл  мекемеде 15 қарт пен 20 мүмкіндігі шектеулі бала тұрып жатыр.

Аптасына екі рет аудандағы жал­ғызбасты 75 қарттың үйіне барып, туғанынан көрмеген көмекті көрсе­тіп жүрген қоғамдық бірлестік же­тек­шісінің еңбегін ерекше айтып өтке­німіз жөн. Осы ретте, Марлан Тұрғанбекұлына да бір-екі сауал қойған едік.

«Алғашында тойхана ашып, бизнес жасағым келген. Себебі, мен үшін психоневрологиялық жағдайға душар болған балалармен жұмыс жасау қиын көрінді. Бірақ, тілі күрмеліп, сөйлеуге қиналатын баланың уақыт өте келе оң қолын жүрек тұсына қойып, ыстық сезіммен қазақтың Әнұранын орындағанын көрдім. Сол сәтте өзім­нің дұрыс жасағанымды түсіндім. Шы­ны керек, қазір қуанамын осындай ше­шім қабылдағаныма. Бүгінгі таңда ме­ке­менің екі филиалы бар. Мұнда 26 қызметкер жұмыс жасайды. Біздің ор­та­лықта мамандардың тұрақтауы өте қиын. Себебі, әр түрлі жағдайға душар бол­ған балалардың көңілін табу көптің қолынан келе бермейтін іс» дейді ол.

Нұрай ЖАЙЛАУБАЙ

Поделиться ссылкой: