Медицина қызметкерлері марапатталды
Аудандық аурухана қызметкерлері денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында аянбай қызмет етіп келеді. Оларға ол үшін мемлекет тарапынан да барлық мүміндіктер жасалуда. Адам өмірін арашалауға атсалысқан дәрігерлер өткен аптаның жұмасында Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде бас қосып, кәсіби мерекелерін атап өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов пен аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев келіп қатысты. Арнайы шақырылған қонақтар өздерінің ыстық лебіздерін арнап, алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісовке берілді. «Әрбір мемлекеттің басты байлығы оның азаматтары болса, әрбір адам баласы үшін байлық та, бақыт та – денсаулық. Олай болса, «денсаулық сақшысына» айналған медицина қызметкерлерінің кез келген қоғамда алар орны ерекше. Әрбір адамның денінің сау болуы сіздердің ерік-жігерлеріңіздің, білімдеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіздің жемісі деп білеміз. Сіздер алдарыңызға қиналып келген науқасты жүрек жылуларыңызбен қарсы алып, әр түрлі жағдайларда адамның өміріне араша түсіп, барлық тәжірибелеріңіз бен білімдеріңізді қолдана отырып, халық денсаулығын жақсарту жолында қызмет етіп келесіздер. Сол үшін де аудан жұртшылығы атынан тұрғындарға көрсеткен лайықты қызметтеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Ардақты ақ халатты абзал жандар келіп жеткен кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!» -деп осы салада қызмет етіп жүрген бірнеше жандарды марапаттады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен Жаңатұрмыс дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Эльмира Естемесова аталмыш саланың ең жоғары марапаттарының біріне ие болды. Ал, аудандық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Вера Серго денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, Ләззат Шомақова, Данияр Құлышев, Қанат Көпбаев, Дәмел Утембаева сынды дәрігерлерге аудан әкімінің Алғыс хаты мен аудандық «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасы табысталды.
Салтанатты жиын барысында аудандық дәрігерлер Қазақстан Республикасы «Ұлттық Медициналық Ассоциацияның» жоғары марапаты болып саналатын «Алтын дәрігер» төсбелгісіне де ие болды. Аталмыш марапат денсаулық саласында талай жылдар бойы қызмет еткен дәрігер Мұратбек Нәметқұлов пен Ақниет ауылдық округінде орналасқан медициналық амбулаторияның аға дәрігері Әбіқұл Мырзагелдиевтің кеудесіне тағылды.
Жиын барысында аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев пен аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұловалар да жүрегі мейірімге толы ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтап, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Шарапаты мол іс-шара соңы аудан ауруханасының жас мамандары даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.