Мәдениет пен өнер – ұлт тұтастығының қайнар көзі
Бұған дейін аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аудандық орталық аурухана, білім қызметкерлері және аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, олармен еркін форматта пікір алмасқан еді. Өткен жұмада Ерболат Салқынбекұлы аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесіп, ауданымыздың мәдени рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген аталмыш сала өкілдерінің әлеуметтік жағдайын нысанаға алып, саралап көрді.
Кездесуде аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков баяндама жасап, ағымдағы жылдың 5 айында атқарылған ілкімді іс-шаралардың мәні мен мазмұнына тоқталды.
Нұрдәулет Сүйерханұлы өз баяндамасында «Аудан халқының рухани талап тілегін қанағаттандыру жолында бүгінгі таңда 54 мәдениет нысандары жұмыс атқаруда. Ауылдық мәдениет үйлері, ауылдық клубтар және кітапханалар. Қазіргі таңда аудандық мәдениет үйі жанында 50 үйірме, 10 әуесқой клуб, «Тамаша» ойын сауық отауы, 5 халықтық атағы бар өнер ұжымдары және 4 этно-мәдени бірлестіктер (қазақ, өзбек, орыс, қарашай) халыққа қызмет көрсетіп келеді. 2019 жылдың 5 айында 441 іс-шара өткізіліп, көрермен саны 40 мыңнан асты. Ұйымдастырылған шаралардың барлығы аудандық басылымнан бөлек әлеуметтік желілерде де жарияланып отырды» дей келе, мәдениет саласындағы шешімін табуды қажет ететін мәселелерді сөз етті. Сала басшысының сөзінен ұққанымыз, өткен жылдан бастап ауылдық мәдениет үйлерінің ауылдық округ әкімдіктерінің балансына берілуіне байланысты қабылданған шешімдер көптеген сыни пікір туғызған екен. Бұл – бір. Екіншіден, 5 елдімекен қарайтын үлкен ауылдық округтердің бірі Өрнекте мәдени нысан жоқ. Үшіншіден, Сөгеті, Көкарық ауылдық клубтарына, сонымен қатар, Байтелі, Жақсылық, Қазақ ауылдық кітапханаларына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап отырған көрінеді.
Кездесуде Жаңатұрмыс пен Көгершін ауылдарындағы мәдениет үйлерінің мәселесі де нысанаға іліккен тақырыптардың бірі болды. Анығында баяндамашының сөзінен кейін аудан әкімі Ерболат Садырқұлов «Сіздерде қандай сұрақ бар?» дегенде, Көгершін ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Данагүл Бодауова заманында атағы алысқа тараған ауылдағы мәдени нысанның әбден тозығы жеткенін айтып, сауал қойды. Данагүл Бодауованың бұл сұрағына аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы аталмыш мәдениет үйінің іргетасы берік қаланғанын сөз етіп, жобалық сметалық құжаттары дайын екенін жеткізді. Және келесі жылы бұл мәселе өз шешімін табатынына сенім білдірді. Басқар Битанов атындағы халықтық театрдың көркемдік жетекшісі Эльмира Асылбекова «кең сарайдай» болмаса да, шағын бөлменің жоқтығы ауданымыздағы этно-мәдени бірлестік өкілдеріне өз кедергісін келтіріп отырғанын айтады. Бұл сауалға Ерболат Салқынбекұлы еліміздегі ұлт тұтастығын сөз ете отырып, жан-жақты мысалдар арқылы мазмұнды жауап қайырды . Кездесу барысында бұдан өзге де мәселелер сөз болып, тиісті деңгейде өз шешімдерін тауып жатты.
Марат Диханбай.