Ботулизмнің алдын алу
36 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Ақыртөбе мен Өрнек, Сәлімбай ауылдарының төр жағын алып жатқан тау сілемдерін жергілікті халық атам заманнан-ақ «Сұлутөр» деп атап кеткен. Әркім өзінің туған өлкесін, оның тау-тасын, сарқырап аққан өзенін, сәруәрдай атып келе жатқан ақ таңын мақтан тұтады. «Сұлутөр» деп аталатын тау Құлан ауылының төр жағында да бар. Ежелгі бір аңызда: «Жер бетіндегі барлық таулар Қап тауымен байланысқан. Алла Тағалам осы тау тізбектерінің шыңына «қол» тигізсе болды жер сілкінеді»делінген. Қап тауы – бұл Қапқаз таулары ғой. «Ол таулардың құзар шыңы аспан түстес зүбәржаттан құралған, ең биік шыңына вулкан ұя салған» деуші еді бізге жағрафиядан дәріс беретін әпкей.
Міне, сол аты аңызға айналған Қап тауының бір сілемі Алатау, оны бір кездері Тянь-шань таулары деп те атайтын. Қалай десеңіз де Сұлутөрдің көркіне көз тоймайды. Биылғы толассыз жауған жауыннан кейін таудың қойын-қонышы түгел масаты кілемдей құлпырып тұр. Әріде қар жамылған «Жүн жүрек» асуы мұнартып көрінеді. Осынау пәкиза табиғаты бар «Сұлутөр» жайлауының сарқырамасының дәл бауыздау алқымында отырған қойлы ауылға күн тас төбеге келгенде табан тигіздік. Сол, сол-ақ екен, көктен түйіліп келген бұлт нөсерлетіп-ақ жөнелді.
– Бұл осы таудың «мінезі», қазір-ақ, ашылады,-дегенше болған жоқ аспан шәйдай ашылып сала берді. Бірақ, ойы мен сойы көп соқпақ жолға түскен «Пикап» автокөлігі тайғанақтап, асуға қарай алқынбай-ақ, аптықпай-ақ, тура тартып келеді. Жолбасшымыз — Айдын Әбілов. Жас та болса «Нұрдәулет» шаруа қожалығының өрістегі малына бас болып жүрген атақты механизатор Қазақбай Даяновтың күйеу баласы. Бар болғаны орда бұзар отыз бес жаста. Қыздың кенжесі Нәзираның жолдасы.
Өрнектен шыққалы бері табиғатты тамашалап үнсіз келе жатқан атақты Ақүрпек байдың шөбересі, ауыл әкімі Бауыржан сөзге араласып:
– Қазіргі жастар Ленин, Еңбек Қызыл Ту орденді механизатор, бұрынғы «Алғабас» қой совхозының егіс-трактор бригадасының бригадирі болған Қазақбай Даянов ағамызды біле бермейді-ау, деп қорқамын. Егер ол кісі тірі болса биыл 73-ке келер еді. Бірақ, «Орнында бар оңалар» деген қазақтың сәуегей сөзі рас екен. Меңсұлу жеңгеміз осы қожалықтың тізгінін бекем ұстап, үш ұлын ұяға, төрт қызын қияға қондырып, нағыз білікті бәйбішенің тірлігін істеп отыр. Жаңа осы жаққа шығардың алдында сөйлестім, ол кісі бір шаруалармен Таразға кетіпті. Ұлдың үлкені Ыбырай жер асты газ сақтау қоймасында жұмыс істейді. Дегенмен, қожалықтың жұмысын өрге домалатып, өзінен кейінгілерге шаруаның жөн-жобасын көрсетіп, ақылын айтып отыратын да сол бауырымыз,-деді көңіл дүрбісін өткен шаққа жүгіртіп. Әйткенмен, ұмыт ұшанында тұрған бір кірбің бар екен. Ол ұлдың ортаншысы Алтынбектің ойға келмеген қазасы. Иә, оның өткен жылы қыршын кеткені Меңсұлу жеңгейге де оңай тимеген шығар-ау. Енді міне, отыздың омыртқа жасында жесір желегін жамылып, келіні Айнұр бір ұл, бір қызымен қарадай қалшиып, қалада отыр. Иә, жазмыш деген осы…
«Ә» дегеннен әудем жер жүріп тастаған жүрдек көлік ыңырана келіп жазықтау алаңқайға тоқтады. Бұл жерден ауыл да, өріс те алақанға салғандай көрінеді екен. Әсіресе, тақта-тақта болып, сәулетшінің сызбасындай ап-айқын айшықталып жатқан қызылды-жасылды аңыз бен егістік алыстан ерекше көз тартады. Бағаналы бері тік беткейге көз тоқтатпаппыз, қара, торы қой біткен көкке жабысып қалыпты. Тәйірі, таудың шөбі шүйгін, суы мөп-мөлдір, ауасы таза ғой. Анадайда алпыс шақты зеңгібаба тұқымы өзен жағасындағы көміргенге тойынып, біразы күйіс қайырып, биіктеу жотаға аяқ айқастырыпты. Шамасы күндегі тезек тастап, теңкиіп жататын орны осы болса керек. Әне, сонау бір кезеңнен қолында құрығы бар малшы да көрінді. Оның айдауында екі үйірге жетеқабыл құлындаған бие келеді. Шамасы сауыны келген-ау, өзен жағасындағы ескі қоныстағы желіге жақындап қалыпты.
Үйге жақындағанда байқадық үй маңында мұқым қара құйрықты, гисар тұқымды болуы керек қозылар жусап жатыр. Малшылар қосында әкелі-балалы Әуесхан мен оның ұлы Әзімханның отау үйі тұр. Осындағы мыңнан аса уақ мал мен жылқы, сауын сиыр екеуінің қарауында. Жақында ғана қолда бар қой тегіс қырқылыпты, анадайда үлкен үймек болып қап-қара қой жүні жатыр. Енді аз күнде қой қозысынан бөлінеді. Тау қылтаңынан жылқысын желіге жеткізіп келген шопан аман-саулық сұрасып болған соң кешегі президент сайлауы туралы да ой бөлісіп барып, сүт қатқан қоп-қою шәйға бас қойды. Жайлаудың осынау жаймашуақ мамыражай мезгілі ауылдағы барлық қарбалас тірлікті ұмыттырып жіберді ме, қожалықтың сан алуан шаруасынан шаршап жүрген Нұрдәулет қалғып кетті. Бірақ, құс ұйқыға әбден үйренген ол он-он бес минуттай маужыраған соң-ақ, ұйқысын шәйдай ашып алды. Өзі барлық малшының жүгін жездесі Айдынға артып қойған соң ба алаңсыз отырып, Даяновтар өрісінен алаңсыз аттанды. Оны енді даладағы шөп шабу, егін орағына дайындық жасау сияқты қат-қабат тірлік күтіп тұрған еді. Біз «Сұлутөр» жайлауын артқа тастап, жедел жолға шықтық.Бірақ, жүрек түкпірінде саумал иісі аңқыған жайлау мен малшының маңғаз жүрісі қалды. Шіркін! «Сұлутөр» шынында да елдің де малдың да жайлауы екен-ау» деген оймен еңіске түстік.
«Маусым келді дегенше…
дегбір кетті десеңші, қырда егін орылып, қырман толды десеңші» деген диқан жазы да келіп жетті. Жаңа әлгінде айтқанымыздай қожалықтың дала қосындағы болсын, шөпшілер шабындығындағы болсын барлық тірлігі Нұрдәулетке қарап тұрған сияқты. Бір кезде әкесі Қазақбай марқұм 17 гектар егістік жермен-ақ күн көрген. Одақ ыдыраған жылдары қожалық ашып, үлкен ұлы Ыбырайға сүйеніп талай тірліктің бетін бері қаратып кеткен екен, жарықтық. «Арпа-бидай ас екен» деп жүріп, қожалықтағы егіс көлемін екі мың гектарға жеткізіпті. Ең алғаш 2005 жылы қожалыққа су жаңа «Беларусь» тракторын әкелгенде балалары жапатармағай қуанған. «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы алған сол трактордың қызығын бала-шағасы көрді. Содан бері де қожалықта көп өзгеріс болды. Қамба салынып, «Сұмқайтыдан» қора-жай бой көтеріп, жаңа техника сатып ала бастады.
– Қазір қожалықта екі «Есіл», екі «Енисей», бір «Нива» астық комбайны, үш «Беларусь», үш «Кировец» тракторы, шөп оратын бір «Германка», екі «Камаз» автокөлігі бар. Комбайншы-механизаторларымыз Айдын Ниязбеков, Берік Көкталов, Бақытжан Қырықбаев, Дәурен Молдатаев қандай техника болмасын ұршықша үйіреді. Техника тілін білген соң ғой, өзім де кез келген ауыл шаруашылығы техникасын жүргізе беремін. Қазір қысқа мал азығын дайындаумен айналысудамыз. Тракторшыларымыз Абылай Райысов пен Елдархан Сәрсенбаев шөп шауып, оны тайлап жатса, оларға көмекке шопан көмекшісі Әзімхан Орынбай келеді. Сегіз гектар жоңышқалық пен екі жүз гектар шабындықтан биыл 250 тоннаға жуық ірі сабақты азық дайындау міндеті тұр. Сондықтан болар шөпшілер күз түскенше қыруар тірлік бітіретін шығар деп отырмыз. Сонымен қатар, комбайндарды жөндеп, сапқа қоюымыз керек. Жаздық арпа мен күздік бидай биыл бітік шықты. Енді қырман мен қамбаны жаңа өнім кіргізуге қамдап жатырмыз, -дейді қожалық басқарушысы Нұрдәулет Қазақбаев барлық тірлікті тәптіштеп.
Иә, қожалық мүшелері қазір қарбалас тіршілікке ден қойған. Жайлауда қой төлдеп, бие құлындап, сиыр бұзаулап болып, енді қырдағы астық пісіп қырманға түскелі тұр. Осынау игілікті істің басында кеше ғана өмірден өткен диқан Қазақбай Даяновтың ұрпақтары жүр. Бір өкініштісі аты аңызға айналған Ленин орденді атақты механизатордың есімі берілген ауылда бір көше жоқтығы. Осы «бір кем» дүниені ауыл әкімі Бауыржан Ақүрпековке айтып көріп едік ол салған жерден: «Құжаттарын тапсырсын, ономастикалық комиссияға өткізіп көрейік, ондай есімі елге танымал адамдарды кейінгі ұрпақ ұмытпауы керек қой» деді.
Сонымен, қоңтөрі тірлігі бар қожалықтың бүгінгі тынсымен танысып, Даяновтардың шаруаға қыры бар екенін байқап, аймақтан тоқ көңілмен аттандық.
Сейсен Қожеке.
Өрнек ауылдық округі.
Суреттерде: қожалықтың бар малына ие болып
жүрген Айдын Әбілов; дала қосында (солдан оңға
қарай) комбайншы Дәурен Молдатаев, қожалық
басқарушысы Нұрдәулет Қазақбаев
және аймақ әкімі Бауыржан Ақүрпеков.