Бірлігі жарасқан бөлімде

707 Views

Қоғамда сан алуан қылмыс түрлері кездеседі. Атап айтар болсақ, олардың қатарына біреудің жеке мүлкін ұрлау (пәтер, мал, көлік), қарақшылық, алаяқтық, бопсалау, бұзақылық, зорлау, адам өлтіру,  тартып алу, қасақана дене жарақатын келтіру сынды қылмыстар жатады. Осындай қылмыстар  орын алған жағдайда оқиға орнына ең бірінші болып криминалдық полиция бөлімшесі жетеді.

Аудандық ішкі істер бөлімі басшы­сының орынбасары Дархан Әбіқұлов жетекшілік ететін криминалдық полиция бөлімшесі жоғарыда аталған қылмыс түрлерінен бөлек ізін суытқан қылмыскерлерді іздестіру, жеке басы анықталмаған мәйіттердің кім екенін анықтау, қылмысты болдырмау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және бұрын орын алып, тұралап қалған істі қайта қозғап ашумен айналысады. Бірлігі жарасқан ұжымның жыл басынан бері атқарған жұмыстары да ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, ағымдағы жылы бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 51 қылмыс тіркелсе, осы күнге дейін оның 39 ашылған. Сонымен қатар, 12 пәтер, 14 мал ұрлығы тіркеліп, пәтердің 7-еуі, мал ұрлығының 8-і ашылған. Жыл ба­сы­нан бері 4 алаяқтық, 1 зорлау, 3 бұ­за­қылық, 3 қасақана дене жарақа­тын кел­тіру сынды қылмыс түрлері тіркеліп, бар­лығы да ашылып, іс тиянақталған. Ұжымның жұмысқа белсенді арала­суынан бұрын орын алған 16 іс ашы­­­­лып, 2 қылмыскерге іздеу салынып, олар қолға түскен.  Осы мәліметтердің бар­лығын бізге полиция майоры, кри­ми­налдық полиция бөлімшесінің бастығы Бауыржан Ермеков мәлімдеп берді.

– Күрмеуі қиын қылмыстар бөлім­шедегі басшылардың, жедел уәкілдер­дің және тергеушілердің күш-жігері мен қырағылығының арқасында ашылуда. Бүгінде жұмыс көрсеткішіміз көңілге қонымды. Сол үшінде ұжымдағы бар­лық қызметкерлерге алғысымды біл­діргім келеді, — деп Бауыржан Серікұлы бөлімде аянбай қызмет етіп жүрген жан­дарды ерекше атап өтті.

Суретте: Аудандық ІІБ басшысының орынбасары Дархан Әбіқұлов, криминалдық полиция бөлімшесінің басшысы Бауыржан Ермеков және осы бөлімнің жедел уәкілі Бақыт Айтмырза жұмыс үстінде.

Поделиться ссылкой: