Туған жердің тарихымен танысты

819 Views

630-шы жылы біздің өңірде болған будда ғұламасы, жиһан­гез Шуаң Заң : «Суябтың баты­сында бір-біріне тәуелсіз, бірақ бәрі түріктерге бағынышты он шақты қала бар. Қалалардағы халықтың бір бөлігі жер өңдей­ді, ал, екінші бір бөлігі саудамен айналысады» деп жазды. Жазба деректерде Құлан қаласы ҮІІІ ғасырдың бірінші жартысында­ғы шаһарлар санатына жатады. Қытайлықтар оны Цзюй-Лань яғни, «сұлу қала» деп атаған. Жиһангез-саяхатшылар Ибн Хордадбек пен Құдама қаланың Тараздан 14 фарсах жерде ор­на­ласқанын айтады. Құдама бы­лай дейді: «…құм Тараз бен Құлан аралығының солтүстік жа­ғында, ал, оның арғы жағын­да құмды және жұмыр тасты шөл жатыр» дейді. Ал, араб геогра­фы Максиди: «Құлан бекітіл­ген қала, онда алқалы мешіт (медине) бар. Ол бос қалған, үлкен Тараз жолында» деп дә­лірек жазады. Географиялық сөз­дік құрастырған Якут: «Құлан – Түрік елінің Мавреннахр жа­ғындағы шекарасында орна­ласқан сүйкімді қала» дейді. Осы тарихи дерек пен дәйект­ер­ді зерттеу үшін ғалым, археолог В.В. Бартольд көп еңбектенді. Оның айтуына қарағанда мұнда 740 жылы түркеш бегі Құрсыл ең соңғы Батыс — Түрік қағаны Ашинь Сыньды өлтірген. Ал, араптар Құланға 840 жылы ке­ліп жеткен.
Енді осынау сүйкімді қаланың орнында қалған қалдықтарды өз қолымен ұстап, ғасырлар қой­нау­ында жасырынып жатқан құпияға бірінші болып үңілген, дәлірек айтқанда көненің көзін тірілткен ғалым-археологтар Карл Байпақов пен Арнабай Нұржановтың пікірлеріне көз жүгіртсек: «Иә, Құлан сүйкімді де, сұлу қала болған. Алынған мәліметтерге жүгінсек, ішкі қа­малдың орнында (ҮІІ – ҮІІІ ғ.) қабырғалары пахсадан қалан­ған ғимарат тұрған деп бол­жау­ға болады» дейді. Қамалға жүргізілген қазба жұмыстары осы болжамның дұрыстығын дәлелдеді. Дәлірек айтқанда шығыс үлгісінде тұрғызылған қабырға табылды. Оның ою-өрнегі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мазарының қабырғасындағы оюдан аумайды. Енді Карл Байпақовтың ойын одан әрі қарай өрбітейік: «Тап осылайша мәселен, көне қала Ақбешімдегі будда шіркеулері салынған ғой. Қамалдың төменгі бөлігінен керамика жинағы табылып отыр. Қолдан жасалған хум, қазан, кең ауызды су таситын құмыралар да ерте ғасырлық қала қолөнерінен сыр шертеді.Тегі шикі кірпіш пен пахс блоктарынан қаланған ғимараттар да болған сыңайлы. Ойма әшекеймен өрнектелген көптеген қақпақтар мен дастархандар болжамымызды дәлірек даталап белгілеуге жол ашты» — дейді. Көне Құлан жайында айтылған осындай пайымдар мен болжамдар өте көп және олар толығымен дәлелденген.
Жуырда ауданның бір топ жастары тарихтан талай сыр шертетін көне қалашыққа арнайы барып қайтты. Ондағы мақсаттары – туған жердің тарихымен жақын танысу. Айта кету керек, аталмыш экскурсия аудан әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкілі Руслан Оразханның тікелей бастамасымен ұйым­дастырылды. «Әдеп жө­нін­дегі уәкілдердің қызметін одан әрі жетілдіру, оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағдарламасын іске асыру аясында мемлекеттік қызметшілер бүгін аудан орталығының оңтүстік бөлігінде орналасқан мәдени ескерткіш, еліміздегі ЮНЕСКО қорғауындағы 11 тарихи мұралар тізіміне енгізілген көне Құлан қалашығына арнайы келді. Мақсатымыз — ауданымыздың тарихи-мәдени мұрасына айналған қалашыққа экскурсия жасау. Бұл бір жағынан күнделікті қауырт тірліктен қолы тимейтін жас мемлекеттік қызметшілердің бір сәтке болса да, бой сергітіп алуына үлкен септігін тигізеді» — деп, шараның басты мақсатына тоқталған. Руслан Қонысбайұлының алғы сөзінен кейін аудан жастары төбесі шатырмен жабылған қалашықты аралады. Бүгінгі күнге дейін белгілі болған қа­ла жайындағы ақпаратты жас­тарға аудандық мұражайдың қызметкері Бауыржан Толыбаев баян­дап берді. Сонымен қатар, шара барысында аудандық тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков те қа­лашық жайындағы көптеген мағлұматтарды көпшілікпен бө­лісті.
Экскурсия соңына қарай аудандық мұражайдың ди­рек­торы Эльдар Утембаев ойға қонымды пікір айтты. «Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ауданымыздың тарихи жерлері өте көп. Егер мүмкіндік болса, айына екі рет сол жерлерге сапарлап қайтсақ дұрыс болады деген ойдамын. Аталмыш сапар арқылы жастарға тарихи жерлерді таныстырсақ, екінші жағынан Елбасымыз­дың бағыты айқын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында айтылған тапсырмаларды іске асырар едік. Сонымен қатар, біз ауданымызда туризімнің дамуына да үлес қо­сар едік» дейді. Аудан әкімінің орынбасары өз кезегінде пікір­дің орынды екенін алға тартып, алдағы уақытта ұсыныстың іске асырылуына қол ұшын созатынын жеткізді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Поделиться ссылкой: