Меморандумға қол қойды
Өткен аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Руслан Оразханның төрағалығымен жиын өтті. Жиынға облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының мамандары мен аудандық үш жақты комиссияның мүшелері және шетел жұмыс күшін пайдаланатын кәсіпорын өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 2019 жылға барлығы 774 шетел мамандарына квота белгіленген. Оның ішінде 1 санат бойынша – 29, 2 санатқа – 122, 3 санатқа – 453, ал, 4 санатқа – 70 адамға дейін жұмысшы алуға рұқсат беріліп отыр. 2019 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәліметтерге көз жүгіртсек, Жамбыл облысы бойынша 28 жұмыс берушіге берілген рұқсаттарға сәйкес 249 шетел азаматтары жұмыс атқаруда. Оның ішінде Қытайдан — 213, Өзбекстаннан – 12, Грекиядан – 5, Франциядан – 4, Ираннан – 4, Үндістан мен Украинадан – 2 –ден болса, Италия, Мысыр, Македония, Мальта, Түркиядан – бір-бір азамат облыстық кәсіпорындарда қызмет етіп жүр. Ал, біздің ауданға тіркелген «Компания А&Т-энерго» ЖШС-де қазіргі таңда Өзбекстанның 2 азаматы 3-4-ші санат бойынша еңбек етуде. Аталмыш мәліметтерді жиын барысында облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының маманы Бауыржан Молдашев мәлімдеп беріп, кәсіпорын басшыларын оларға қауіпсіз жағдай жасауға және қолайлы тұруына барлық мүмкіндіктерді қарастыруға шақырды.
Жиын соңында кәсіпорын мамандары, аудандық әкімшілік қызметкерлері мен кәсіподақ өкілдері ортақ шешімге келіп, үш тарапты меморандумға мөр басылып, қол қойылды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.