Шоқ тілді Шона
17 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Егінге орақ түскелі де 10 күннің жүзі болды. Алайда, тұрарлық диханшылардың бүгінде еңсерген ісі ауқымды. Оны егіс алқабында орылып, қамбаға құйылған астықтың мөлшерінен анық аңғаруға болады. Астықтан шашау шығармай жиып алуды мақсат еткен диханшылар бел жазбай еңбек етуде. Солардың қатарына «Нартай» шаруа қожалығында жатқызуға болады.
Абай ауылдық округіне жататын аталмыш қожалық үш жыл бұрын құрылған. Аздаған уақыттың ішінде жоспарлы түрде жұмыс жасап, бүгінде іргесін мықтап бекіткен. Қазіргі таңда оншақты ауыл азаматы қожалықта еңбек етіп, тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, маусымдық жұмыстарға да адам алынып, қосымша күш жұмылдырады екен. Егін даласында еңбек етіп жүрген диханшыларға барлық жағдай жасалыпты. Мұны бізге қожалықтың механизаторы Наурызбай Сүлікбаев мәлімдеп берді. «Аллаға шүкір. Биылғы еккен егініміз бітік шықты. Қазір ору науқанын қарқынды түрде жүргізудеміз. Қамбаға жиылған астықтың мөлшері де көз қуантады.
Біз бірер күн бұрын бидай оруды бастадық. Оны біткеннен кейін арпа мен масақты дақылды оруға кірісіміз. Жасыратын несі бар, егіс даласындағы жұмыс өте ауыр. Бірақ, басшыларымыз бізге емін-еркін жұмыс жасауымыз үшін барлық жағдайды жасауда. Сондықтан да барша жұмысшылардың атынан қожалықтың жұмысын жүргізуші Берік Қарақойшиевке өз алғысымды жеткізгім келеді»- деп ризашылдығын білдірді.
Бас механизатор сөз еткен азамат қожалық жұмысын үйлестіруші Берік Момыналыұлы. Абай ауылының тумасы кезінде селолық советтің төрағасы, Абай атындағы колхоздың бастығы болып қызмет атқарған. Бір сөзбен айтқанда агро саланың қыр-сырын жетік меңгерген білікті маман. Бірер жыл бұрын өмірлік жары Рәшхан апамыз екеуі «Нартай» шаруа қожалығының іргесін қалап, мал шарушылығымен бірге егін шаруашылығын да қатар жүргізе бастапты. — Қазіргі таңда қожалыққа тиесілі 6000 гектар жер бар, — деп бастады сөзін қожалық басшысы. — Биыл 30-40 гектар алқапқа жоңышқа сеуіп, қыстық мал азығын дайындай алдық.Одан бөлек 1200 гектар егістік жердің 800 гектарына арпа мен бидай ектік. Қалған алқапқа масақты дақыл себілген болатын. Бүгінде ору жұмыстарын жүргізудеміз. Осының бәрімен тұрақты түрде 10-ға жуық жұмысшы айналысады. Жалпы қожалықта Наурызбай Сүлікбаев, Елімбек Сарымсақов, ағайынды інілерім Айдын және Айбек Қарақойшиевтердің еңбегін атап айтпасқа болмас. Олар күннің ыстығына қарамастан бір тынбай еңбек етуде, — деп егін шаруашылығының жай-күйін мәлімдеп берді.
Берік ағаның айтуы бойынша қожалыққа тиесілі техникалар кезінде мемлекет тарапынан берілген көмек арқылы алынған екен. Бүгінде «Нива» маркалы комбайндар мен беларустық «МТЗ – 80» тракторлары егіс даласын кезіп жүр. Қожалық басшысы келешекте егіс даласының көлемін ұлғайтып, жеңілдетілген несие арқылы қосымша тағы да техникаларды алуды көздеп отырғанын тілге тиек етті. «Егіс науқанында техниканың атқарар рөлі орасан зор. Өйткені онсыз ешбір жұмыс бітпейді. Жыл сайын егіс алқабын ұлғайтудамыз. Келесі жылы да кеңейтетін боламыз. Мұнан бөлек өзге де шаруа қожалықтарына қызмет көрсетеміз. Жыл сайын қожалық жерінен жұмысшыларға да егін егуге рұқсат етіледі. Шындығын айту керек, қазір техника күші жетпей жатыр. Сондықтан, алдағы уақытта несиеге тағы да дала кемелері мен тракторларын алуға ниеттеніп отырмыз. Осылайша, жаңа техникалар арқылы қызметкерлердің жұмысы жеңілдейтініне кәміл сенімдімін» — деп алдағы уақытта атқарылар жұмыстарымен де бөлісті.
Иә, әуелі өзінің емес, жұмысшыларының жайын ойлаған басшының ісі әрдайым алға басу керек. Қар ерігеннен қар түскенге дейін жұмысы бітпейтін диханшыларға жайлы жағдай жасау — заңдылық. Ал, біз өз кезегінде келешекте кәсібін кеңейтуді көздейтін шаруаның жұмысы жемісті болсын демекпіз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Суретте: «Нартай» шаруа қожалығының басшысы Берік Қарақойшиев егіс даласында қызмет етуші жұмысшылармен бірге.