Жемқорлыққа қарсы жиын өтті

785 Views

«Сыбайластық – сыйластық емес» десек те, елімізде сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндер көп. Қазақ «Ақша бар жерде албасты бар» дейді. Бәлкім, ақшаны көрген соң көзі тұнып, албасты басып қалатын шығар, кім білсін? Әйтеуір, жемқорлыққа қарсы күрес қанша күшейсе де сыбайластыққа баратындар аз емес. Сондықтан да болар, бұл мәселе Елбасының басты назарында болды. «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның» 13 қадамы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталды. Елбасы «Жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құруды» тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 20 мамыр күні өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте де мемлекет басшысы елімізде жемқорлықтың деңдеп кеткеніне алаңдаушылық білдірген еді. – Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін,- дей келіп жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өткен болатын. Мемлекет басшысы өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде еліміздің әл-ауқатын көтеру жөніндегі он негізгі бағытын атап өтіп, соның екінші бағытын дәл осы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағыттады. Президент өз сөзінде «Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз» деп баса айтты.
Күні кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында жоғарыда сөз болған сыбайлас жемқорлыққа қатысты жиын өтті. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелерін Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Сенбек Сейдәзімов бастап келді. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары мен «Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысқан жиында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев баяндама жасады. «Тұрар Рысқұлов ауданында партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасының орындалу барысы және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалуы туралы атқарылған жұмыстарға зерделеу жүргізілді» деген ол зерделеу нәтижесінде ауданда аталған мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі, Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы Ерболат Салқынбекұлы «Өте өзекті мәселені талқылап отырмыз. Республикалық деңгейде осы бағытта көптеген реформалар жасалып жатыр. Соған қарамастан республика деңгейінде, оның ішінде аудан деңгейінде бұл мәселе өз өзектілігін жойған жоқ. Біз осыған байланысты жұмысымызды бір жүйеге түсіріп, нақтылап, іс-шаралар жоспарын бекіттік» деп атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жиын соңы еркін пікір алмасу форматында өрбіді. Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайранбай Дөненбаев бірқатар ұсыныстарын кеңес талқысына салды. Ауылдық жерде жастардың жұмыс істемейтінін айтқан ол «Егінім де, малым да далада қараусыз қалып, еңбегім зая кетуде» дейді. «Нұр Отан» партиясы арқылы жоғарыға ұсынысым жетсе, жұмыссыз жүрген жастарды жазалайтын заң қолданысқа енгізілсе» деген Еңбек Ері жұмыссыздықты жоюдың бір ғана жолы «Жазалау» екенін жеткізді. «Қазіргі жастар Үкімет тағайындаған әлеуметтік жәрдемақыға иек артып, жұмыс істегенді қойды» дей келіп, бұның соңы масылдыққа алып келетінін ашына айтты. С.Дөненбаевтың бұл сөзін қуаттаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері Нариман Мәуленов пен Дәурен Дайрабаевтар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, аталған мәселені назардан тыс қалдырмау керектегін сөз етті.
РS: Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Сенбек Сейдәзімов Қазақстанның Еңбек Ері Сайранбай Дөненбаевқа Президенттің Алғыс хатын табыс етті.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: