Алты айдың қорытындысы қаралды

720 Views

Сейсенбі күні әкімдік ғимаратының үлкен мәжіліс залында аудан әкім­дігі­нің кеңейтілген мәжілісі өтті. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов төр­ағалық еткен жиынға аудан әкімінің орын­басарлары, ауыл әкімдері мен бө­лім, мекеме басшылары қатысты. Жиында аудан әкімінің орынбасарлары өз­дері жетекшілік жасайтын салалары бо­йынша баяндама жасап, ағымдағы жыл­дың алты айында атқарылған жұмыс­тарына талдау жасады. Айталық, аудан әкімінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасары Ерлан Қалыбаев көктемгі дала жұмыстары бойынша аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдері арасындағы нысаналы индикаторларға тоқталып, жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді атап өтті. Атап айтқанда мал шаруашылығы саласында индикаторлық тапсырмалар толық орындалса, егін шаруашылығында мақсары мен қант қызылшасына қатысты көрсеткіштер көңіл көнші­терліктей емес.
Жуырда ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауданға жұмыс сапары­мен келіп, әр ауылда кем дегенде 1 ауыл шаруашылығы өндірістік коопера­тивтерін құру туралы тапсырма берген еді. Баяндама барысында 13 ауылдық округте 17 кооператив құрылып, Көгершін, Ақниет ауылдық округтерінде бұл жұмыстар мүлдем ұйымдастырылмағаны айтылды. Соны­мен қатар, Ерлан Бақытжанұлы ауыл шаруашылығы саласының өндірген нақты көлем индексі егін және мал шаруашылығынан тұратындықтан ауылдық округ әкімдеріне егін орағы туралы мәліметтерді дер кезінде, өз мерзімінде аудандық статистика басқар­масына өткізу қажеттігін ескертті. Сол секілді мал басы саны мен егістікке тыңайтқыштар енгізу жұмыстарын бекітілген индикаторға сәйкес орындау керектігін де еске салды. Оның айтуын­ша бұл көрсеткіштер тоқсан сайын және жыл қорытындысымен қайта қаралып, әр ауылдық округ бойынша тиісті рейтинг шығарылады екен.
Экономика және бюджеттік жос­парлау, қаржы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жетекшілік ететін Руслан Оразханның баяндамасынан да аудан көлемінде атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін аңғаруға болады. Әр салаға жеке-жеке тоқталған ау­дан әкімінің орынбасары «Өткен жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша кем­шіліктер әр салада бар, бірақ, атқарылған жұмыстардың көлемі де аз емес» дей келіп, бірқатар ұсыныстарын атап өтті. Өз кезегінде ауданның идеологиясына жауапты орынбасар Бейсен Әлпейісов те баяндама жасап, алты айдағы жұмысын жіпке тізді. Баяндаманың байыбына барсақ, алты айда аудан алға жылжыған. Жетістіктер көп, алайда кемшіліктер де жоқ емес. Соның бірі көше аншлагтарын жаңғырту мәселесі. Бұл жөнінде Бейсен Әшімәліұлы «Аудандағы 351 көшесінің 257 көшесіне немесе 73,2 пайызына аншлаг ілінді. Облыс әкімі А.Мырзахметовтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыстың №1 хаттамалық тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы жаңа аншлагтармен толық жүз пайыз қамту тапсырылған болатын. Бүгінгі күнге тапсырма Тереңөзек ауылдық округінде мүлде орындалмаса, Луговой, Қайыңды, Ақыртөбе, Көкдөнен, Қарақыстақ ауыл­дық округтерінде толық орындамаған».
«Есепті кезеңде 77 биллборд орна­тылды. Бұл бағытта бюджеттен 3500,0 мың. теңге қаржы қарастырылып, 2189,0 мың теңге қаражат игерілді. 500,0 теңгеге 20 екі жақты лайтбокст орнатылды» дегенмен кемшілік көр­некі ақпарат құралдарын орналастыруда да бар екен. Мәселен, көрнекі құрал орнатуда Қарақыстақ, Ақниет, Қайың­ды ауылдық округтеріне жұмысты жандандыру керек. Сондай-ақ, ден­саулық сақтау саласына қатысты мәсе­лелер де өзшешімін күтіп тұр. Баяндамашының айтуынша ең негізгісі ауданға келетін жас дәрігер мамандарды қызметтік пәтермен қамтамасыз ету қажет.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы ауыл әкімдері мен бөлім басшыларының алты айда аз жұмыс атқармағанын сөз етіп, өз алғысын жеткізді. Дегенмен, бекітілген міндеттерді орындау жолында әлі де қарқынды жұмыс жүргізу қажеттігін баса айтты.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: