Олар қоғамның бөлінбес бөлшегі

830 Views

Дүниеде сан қилы тағдырлар, сан түрлі адамдар бар. Әрине, бәрінің бірдей он екі мүшесі сау, дін аман дей алмаймыз. Дегенмен, мүмкіндігі шетеулі азаматтар да бізбен бір қоғамда бірлесе өмір сүріп келеді. Олар да қоғамның бір бөлшегі. Сондықтан, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да бірдей көңіл бөлінуі керек. Бұл істен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тыс қалып жатқан жоқ. Жыл сайын олар әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірге деген құштарлығын арттыру мақсатында аянбай тер төгуде.
Жуырда М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет Үйінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Жүректен жүрекке» атты байқау болып өтті. Байқауға ауданымыздағы ауылдық округтерден мүмкіндігі шектеулі өнерлі балалар қатысып, өзара бақ сынасқан болатын. Орталық басшысы мен аудандық «Элай Құлан» мүмкіндігі шектеулі балалар бірлестігінің директоры М.Аденов қазылық еткен жарыста ән салып, би билеп, қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме жасаған балалардың өнері ерекше бағаланды. Қазылар қатысушыларды бөліп-жармай, бәріне бірдей диплом мен бағалы сыйлықтар үлестірді. Байқауды ұйымдастыру барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың ерік-жігерін көрсету, талантын ұштап, дарынды өнер иелерін халыққа таныту, мүгедек жандарға өздері өмір сүріп жатқан қоғамның мүшесі екенін сезіндіру, өз мүмкіндіктеріне сендіру, олардың арасынан белсенді жастарды анықтап, өзгелерге үлгі ету, өмірге деген көзқарастарын өзгертіп, әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесу мақсатында қызмет етіп жүрген орталықтың психологы Сымбат Тастанбектің де еткен еңбегі аз емес. Олардың ішкі жан-дүниесін терең түсініп, бағыт-бағдар беру – психологтың талайдан бергі атқарып жүрген міндеті. Бұл шара да соның бір жемісі деген ойдамыз.

Салтанат ҚарасаЙ.

Поделиться ссылкой: