Аудан әкімі Қорағаты өңірін аралады

898 Views

Жұмыс алгоритмі бойынша іссапар

Бүгінде жергілікті атқарушы билік органдарының жұмыс алгаритіміне сәйкес қарапайым халықтың тыныс-тіршілігімен жақын танысу, ауыл-аймақтардағы түйткілді мәселелерді шешу жұмыстары лайықты түрде өз жалғасын табуда. Осыған орай аудан әкімі Ерболат Садырқұлов осы айдың ортасында Құмарық ауылдық округінде болса, өткен аптаның соңында Қорағаты елді мекенінің яғни аймақ тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы жергілікті халықтың талап-тілектеріне құлақ түріп, қордаланып қалған мәселелелердің түйінін шешудің жолдарын қарастырып көрді.
Аудан басшысы халықпен жүздеспес бұрын округ құрамына кіретін бес елді мекенді аралап көрді. Атап айтқанда, Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе, Қорағаты және темір жол маңында орналасқан Қорағаты бекетінде болып, елді мекендегі халықтың тіршілігімен танысты. Тіпті, аудан басшысы ауылдардағы кейбір аулаларға кіріп, тұрғындармен пікір алысты. Оларға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған жобалардың мақсатын және міндеттерін жете таныстырды. Дәлірек айтқанда бірлесіп кооператив құру және үй іргесіндегі бос жатқан аулаларды тиімді пайдалануды мақсат еткен «Қарапайым заттар экономикасы» деп аталатын тың бағдарламаның жұмыс жүйесі мен бағыт-бағдарын түсіндірді. Одан бөлек аудан әкімінің тарапынан он шақты тұрғын үйі бар ауылдарға келешекте инфрақұрылым жүйелері тартылмайтындығы ескертілді. Сондықтан да тұрғындарға округ орталығынан жер берілетіні және шалғай жатқан ауылдардан көшуге кедергі жоқ екендігі айтылды.
Аулаларды аралап, тұрғындармен жақын танысқан аудан әкімі округтегі бірнеше әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, кемшін кеткен тұстарға ескерту жасады. Мәселен, биыл Қорағаты ауылының тұрғындары су жаңа медпунктте қаралып, ем-дом қабылдайтын болады. Талай жылдан бері ауылдың өзекті мәселесіне айналған емдеу орталығының құрылысы аяқталуға жақын қалды. Бүгінде нысанның тек әрлеу, әктеу, сыртын қоршау жұмыстары ғана қалған. Құрылысты жүргізуші мердігермен тілдескен Ерболат Салқынбекұлы қолданылатын құрылыс заттарының сапасына ерекше мән беру керектігін ескертті. Жалпы атқарылған жұмыстарға аудан басшысы оң бағасын беріп, құрылысщылардың ісіне сәттілік тіледі. Келесі кезекте әкім пошта торабы, учаскелік полиция, кітапхана, цифрландырылған орталық, әкімшілік қызметкерлері орналасқан мәдениет Үйінде болды. Сонымен қатар, ескі медпункт ғимаратын аралап, басы ауырып, балтыры сыздап барған тұрғындарға алғашқы көмек көрсететін ақ халатты абзал жандармен жүздесті. Пікір алмасу барысында тұрғындарға тегін берілетін дәрі-дәрмек, көрсетілетін алғашқы медициналық көмектер жайында сөз болды.
Қорағаты ауылдық округінің жалпы жер көлемі ауылшаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан да тұрғындардың басым көпшілігі жерге дән сеуіп, егіншілікпен айналысуға ниетті. Әсіресе, ауыл тұрғындарының орта буын өкілдері мен жастары осы бағытта мықтап жұмыс жасауға бел буып отыр. Тіпті аз уақыттың ішінде ауыл әлеуетін көтеретін жүйелі жоспарлары да бар. Оны біз аудан әкімі мен тұрғындардың кездесу жиынында айтылған ұсыныс-тілектерінен анық аңғардық. Жиын барысында ауыл жастарының атынан сөйлеген Бақберген есімді азамат аудан әкімінен шаруа қожалықтары пайдаланып жүрген жерді заңдастыру, ондай жерлерді тұрғындарға қайтарып беру жұмыстарына қолдау көрсетуді өтінді. Тұрғындардың сөзіне сенсек, ауыл азаматтарына тиесілі жерді заңдастыру жұмыстары сот үкімімен жуырда шешілетін көрінеді. Егер жер мөлшері анықталып тұрғындарға үлестіріп берілген жағдайда ауыл азаматтары облыс көлемінде қарқынды түрде іске асырылып жатқан қос бағдарлама аясында жұмыс істеуге дайын екендіктерін де жасырмады.
Аудан әкімі өзге ауылдарды аралау кезінде ауыл тұрғындары ауыз су мәселесі туралы көп сөз қозғады. 2013 жылы Қорағаты елді мекеніне орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылғандықтан, ауыл тұрғындары осы тақырыпты көтермейді деп топшылаған болатынбыз. Бірақ, бәрі біз ойлағандай болмады. Ауыз сумен толықтай қамтылған ауылда осыған байланысты бірқатар мәселелер бар екеніне көзіміз жетті. Тұрғындардың көбісі кезек-кезек ауыз су сапасының төмендігін, тәулік бойы үздіксіз ағып тұруға тиісті тіршілік көзінің кейде тоқтап, ақпай қалатындығын айтып шағымданды. Жиынға қатысушылардың дәл осы шағымдарын назарға алған аудан әкімі ауыз суға байланысты сараптама жүргізетін арнайы топ құрып, тексеру жүргізуге пәрмен беретіндігін жеткізді.
Жиын барысында тұрғындар ауданға тікелей жеткізетін Қорағаты-Луговой автожолының айналасындағы мәселені де сөз етті. Аталмыш автодәліз мәселесі кейінгі кездері аудан бойынша кеңінен қозғалып жүр. Қазіргі таңда алыс жолға қатынайтын ауыр көліктер осы жермен өтіп, ауыл арасындағы жолдарды тас-талқан етуде. Осыған алаңдаған тұрғындар аудан әкімінен мәселені шешіп беруді өтінді. Өз кезегінде аудан басшысы орынбасарларына тапсырма беріп, мәселені шешу бағытында мықтап жұмыс жасау керектігін алға тартты.
Жалпы жиын барысында өзге де нақты мәселелер көтеріліп, тұрғындар тарапынан ұзақ талқыға салынды. Оларды аудан басшысы жиын хат­та­масына енгізіп, жуық арада шешіп беруге уәде етті.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Суреттерде: аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі; залдан көрініс.

Поделиться ссылкой: