Ботулизмнің алдын алу
36 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
ендігі сөз қазақтың көрнекті қаламгері әрі сайыпқыран сатиригі Асқар Тоқмағамбетов жәйлі болмақ
Расында сатира жанрының дамуына айрықша үлес қосқан қаламгерді иісі қазақ біледі десем жаңылыспайтын шығармын. Алайда, ол кісінің Сиқымның Қарақойлы руынан екенін Шерхан ағаның аузынан естігенімде таң қалғаным рас. Шер ағам: «Асекеңді Әуезов: «қырғи тілді» десе, мен шоқ тілді дер едім. Өйткені, оның әзілінің уыты тиген жерін ойып түсе ме деймін. Кейде Асекеңнің сықақтары мен мысалдары мақтамен бауыздағандай әсер қалдырады. Қалай десеңіз де Асекем көркем ойдың көкжиегін тереңнен көре білген қаламгер» деп еді осы Жарлысу ауылына бір келгенінде Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Кейін Асқар Тоқмағамбетов ағамыздың «Дейді екендер» дейді екен» атты сатиралық кітабын («Ана тілі» баспасы, Алматы. 2005 жыл) оқиын деп кітаптың алғашқы бетін ашқанымда халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Көпен Әмір-бектің алғысөз орнына жазған естелігі көзіме оттай басылды.
Сонымен…Көпекең Қызылордаға «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның тапсырмасы бойынша барған болса, осы жолдардың авторы жарлысулық қарақойлы ағайындардың өтінішімен, дәлірек айтсақ кәсіпкер бауырымыз Сайрамбай Дөненбаевтың сұрауымен барып отыр. Өйткені, Асекеңнің мұнда тұратын көпшілік жұрт қарақойлы екенін біле бермейді.
Ілгеріде Атырау мен Алтайдың арасына кірешілер айлап жол жүретін болған. Ал, біз «Семей-Ақтау» поезымен бір тәуліктен аса мезгілде Қызылордаға жетіп бардық. Жол бойы мені осы бір «қызыл» деген сөз әбден зықымды шығарып келді. «Ақтар мен қызылдар»… бұл тарихтың арғы жағалауында қалған ескі ұғым ғой дейін десең – «Қызыл орда» деген атау маңдайыңа оқтаумен салып жібергендей әсер қалдырады. «Неге?» дейсіз ғой. Өйткені кешегі өткен «қызыл қырғын» есіме түссе Ақмешітте атылған қазақ интеллигенциясының қаймақтары келеді көз алдыма. Иә, Тұрар Рысқұловтың өзі Монғолияның астанасын «Улан батор» деп атады яғни, қызыл батыр, тағы да сол «қызыл»… Біз Лениннің есімімен аталатын талай елді мекендерді, қалаларды, тегі бәрін алып тастаған жоқпыз ба? Енді неге қазақтың тұңғыш астанасы «қызыл» орда болуы тиіс?. Неге ол Ақорда болмайды?
Бұрын да талай жолы келген ескі астананы аралап келемін. Әсіресе, Сырдарияның бойына жағалай салынған демалыс орындары көздің жауын алады. Қала танымастай болып өзгерген. Елбасы: «Сырдың арғы жағалауынан жаңа қала саламыз» деп еді онысы да қолға алына бастапты. Бәрі дұрыс-ау, бірақ…біз осы ат қоюға келгенде неге жершілдікке ұрынамыз? Осыдан біраз жыл бұрын келгенімде Қызылордадағы драма театры Асқар Тоқмағамбетовтың есімімен аталушы еді. Енді қарасам, Нартай Бекежанов атындағы болып кетіпті. Ал, Асқар ағамыздың есімі Мәдениет Сарайына «көшіп» қоныпты. Құдай-ау, бұл Қазақстанда ашылған тұңғыш театр ғой. Онда Иса Байзақов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, тіпті Ілияс Жансүгіровтың өзі еңбек жолын бастап еді. «Асекең ақын ғана емес, айтулы драматург емес пе еді. Ол кісіні өгейсіткені несі? Драмалық театрға сол кісінің есімі лайық еді ғой» деген ойлар мазалады мені. Амал қанша, «өз қолым – өз аузыма жақын» дегеннің кері келіп тұрғанын құдайдан да жасыра алмайды екенсің. Асекеңнің «Әзірет Сұлтан» драмасы, «Бәріміз де сондай болсақ» киносценариі, көптеген бір актілі пьесалары осы театрда қойылмап па, еді. Скетч жанрын сахнаға шығарған осы Асқар Тоқмағамбетов болатын.
Ол осы Қызылорданың Тереңөзек ауданына қарасты Ақ түйе ауылында (қазір Асқар Тоқмағамбетов ауылы) туып, өсті. Бүкіл саналы ғұмырын осы күрішті өңірдің саңлақтарына арнап, Ыбырай Жақаев туралы «Қыран тұғырдан ұшады» атты повесть жазып, Оразбек Бодықовпен бірігіп «Ақмоншақ» повесін дүниеге әкелді. Ал, «Жыр күмбезі» атты романына ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Базар жырау Өтемісұлы, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары сияқты сүлейлер арқау болады. Ол Садриддин Айнидің «Құлдар» романын қазақ тіліне аударды.
Азуын айға білеген «Ара» журналында, облыстық «Ленин жолы», республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет етті. Қайда жүрсе де уытты тілімен, орақ аузымен ортаны толтырып, сатира бәйгесінің саңлағы атанды. Біз ғой ататек шежіресін түгендей алмай әуре боп жүргенде Асекең сын мен сықақтың атасын тауып, батасын алып та қойды. Асекең, «Сын-сықақтың атасы – Қожанасыр дейді. Хош, Қожекеңнен кім тарайды? Үрім-бұтағы бар ма? Ендеше жеті атасын санайық: Арғы атасы – Қожанасыр, одан – Сатира, Сәкеңнен – Әзіл, Әзілден – Әжуа, одан – Оспақ, Оспақтан – Уыт. Уыттан – Асқар Тоқмағамбетов» дейді. Асекең:
Сөз сүйектен өтеді,
Қисынын тауып айта алсаң.
Айтқаның босқа кетеді,
Жауырды жауып жалтарсаң, – дейді.
Рас-ау, қазір ғой «жауырды жаба тоқитындар» көбейді. Асекең сол заманда-ақ, 1000 фельетон жазыпты. Темірбек Қожекеев ағамыз бізге сабақ берген сайын Төлеубай Ыдырысовты аузынан тастамай айтып отырушы еді. Асекең біздің одан бір тұтам кем емес-ау. Құдая шүкір Тоқмағамбетовтың бес томдығы бар, Бейімбет Майлиннің «Найза тілді Асқар» деген бір томдығы ақынның 100 жылдығына шығарылды. «Бір өкініштісі осынау есімін ардақтап, басына таза мыстан екі тонна етіп құйған ескерткішін біреулер бір күнде «үп» етіп кетіпті» дейді Көпен Әмірбек өзінің естелігінде. Дегенмен біздің Асекең мықты. Мықтылығы сол емес пе, Ұлы Отан соғысына қатысып, бір «Октябрь революциясы» және бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін омырауына тағып елге оралған соң, бір емес, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденін алған ғой.
1982 жылы Көпен Әмірбек Қызылордада болғанда Құралай жеңгей тың шығар, ол кісі де мықты екен …96-ға келіп көз жұмды. Асекең екеуі үш ұл, үш қызды дүниеге әкелді. Тұңғышы Төребек Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. Кейінгі екі ұлы ғылым жолын қуды. Сол Еркіні мен Ғанибегі де жалған дүниемен қош айтысыпты. Роза мен Ботагөзі зейнетте. Аягөзі қалада колледжде. Қазір Асекеңнің үйінде отырған осы қызы. Өкінішке орай біз Аягөзге жолыға алмай кеттік. Асқар аға:
Ассалаумағалейкум,
немерем мен шөберем!
Сендерменен көркейіп,
Сендерменен көгерем.
Сендерменен өркендеп,
Сендерменен көбейем.
Сендер тірі тұрғанда…
Мен қартайып, неге өлем? деген Асекең де ақиретке аттанды. Бірақ артында өлмейтін өлеңдері, шынайы шығармалары қалды. Демек, оның өзі өлгенімен жазғандары өлген жоқ.
Біз Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округінің әкімі Ғабдолла Алданазаровтың кабинетінде отырмыз. Ол:
– Кеңес өкіметі тұсында, — дейді, – ХVІІІ партсьезд атындағы совхоз болған. Оның құрамында төрт ауыл бар болатын: Майлықұм, Бидайкөл, Қызылорақ, Ақтүйе. Осы Ақтүйе Асекеңнің ауылы. Демек, біз отырған ауыл Асқар Тоқмағамбетовтің ауылы. Мектеп те сол кісінің атымен аталады. Мәдениет үйі де, мұражай да сол кісінің нәмінде. Аймақта 285 түтін бар. Соның 84 үйі қарақойлылар. Жалпы облысымыздың Тереңөзек ауданы мен Қаракөлде осы рудың ұрпақтары мекендейді. Баяғыда, Қоқан ханынан қашып келе жатқанда Шиеліде қалып қойғандары да бар көрінеді. Осы аймақта аты шыққан қаңлының Тұрым биі, Атақты жаппас руынан Қараөзектің болысы Аппаз бен Мырқы өткен. Мырқы арқаның алпауыты Құнанбаймен бірге Меккеге бірге барған ғой. Мырқы елден келген ағайындардың көмегімен осы қонақ үйді салдыруға ықпал еткен. Сыр бойынан жалайыр Саурамбай болыс шыққан, ол кісі Сырдария үстінен өтетін темір жол көпірін салдырған. Сөйтіп, тарихта аты қалды. Ғани Мұратбаевтың досы Нұрмағамбет Мұратбаев туралы біздің елдегілер не біледі. Әйтпесе, ол кісінің атағы Ғани Мұратбаевтан кем емес. Қарақойлы Шөңірек батыр, Жантүгел болыс туралы да кейінгі жастар біле бермейді. Осы Ақтүйе топырағының өзінен Асқар Тоқмағамбетовпен бірге Әділет Министрі болған Бекайдар Жүсіпов, Қазақ темір жолын басқарған Әби Сарқыншақов, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Шәкизада Сәменов, атақты сауыншы, «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері» Сәуле Өмірзақова шыққан.
Біз Ұлы Отан соғысының ардагері, қарақойлы руының ғана емес осы өңірдің атақты ақсақалы Яхия Тасыровты үйінен таба алмадық. Алайда оның сыйлы кісі екенін, ақылы дария қарт екенін ауылдастарының аузынан естіп білдік.
Тереңөзек ауданына 13 ауылдық аймақ пен бір кент қарайды екен. Қырық мыңнан астам халқы бар ауданға Ғанибек Қазантаев басшы. Әкесі Қонысбек те бір кезде осы ауданды басқарған. Ол кісімен бірге Қырымбек Көшербаевтың әкесі Елеу де басшы қызметте бірге болған екен. Осы өңірде еңбегі еленген азаматтар баршылық. Мәселен, Тереңөзекте Еңбек Ері Абзал Ералиев, Парламент депутаты Нағи Ілиясов, Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітовтер, Шіркейліде халық сүйген жазушыларымыз Қалтай Мұхаметжанов пен Әбдірәш Жәмішев, Қоғалыкөлде белгілі өнер саңлақтары мен мемлекет қайраткерлері Сәбира Майқанова, Сұлтанбек Қожанов және Серәлі Лапин дүниеге келген. Ал, Қараөзек (1995 жылға дейін Тереңөзек ауданы болған) абыз ақынымыз Әбділдә Тәжібаев пен Жадыра Дәрібаеваның отаны. Бір Шиелінің өзінен 42 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Соның бірі және бірегейі атақты күрішші Ыбырай Жақаев. (бұрынғы Қызыл ту ауылы) қазір өз атымен аталады. Асқар Тоқмағамбетов ағамыздың атымен аталатын «Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бүкіл облысқа ғана емес елімізге аты танымал күрішшілер ұжымы. Олар мың гектар жерге ақ маржан өсіреді. Қызылордалық ағайындар өздерінің күрішімен, Сырдағы ақ бекіресімен, қызыл және қара уылдырығымен әлемге әйгілі.
Сіз білесіз бе, Меккедегі «Тақия» қонақ үйіне Сыр өңіріне аты мәлім Тотпан Шырдабайұлының есімі берілген. Ол кісі тек кіші жүзге ғана емес, бүкіл үш жүзге белгілі адам болыпты. Міне, Сыр бойындағы үйсіндермен бірге тонның ішкі бауындай болып кеткен ұлы жүз Сиқым, оның ішінде қарақойлы ұрпақтарының бүгінгі дерегі. Біздің есімізде қалған тағы бір есім бар. Ол осында он төрт жылдан бері Асқар Тоқмағамбетов атындағы мектепке директор болып еңбек етіп келе жатқан Қалихан Бердіханұлы Омаров. Бұл азамат Асекеңнің мұраларын көзінің қарашығындай сақтап отыр. Мектепте оқитын 250 шәкірттің Асекеңнің өлеңдерін жатқа білмейтіні кемде кем шығар-ау. Алайда олар біздің Жарлысуды, онда туған есімі үш жүзге мәлім Есім биді білмейді ғой. Сондықтан біз елге қайтарымызда Қалихан бауырымызға: «Жарлысу мен Асқар ауылын бір-біріне жақындастырайық, бауырлас мектептер болсын. Сіздің оқушыларыңыз бізге келсін, біздің оқушылар сіздерге барсын. Бұл өзі олардың тарихты тануына, патриоттық-танымдық тәрбиені байыта түсуіне мол септігін тигізеді» деген ұсыныс тілегімізді айттық.
Иә, «Елге ел қосылса – құт» демей ме қарттарымыз. Ендеше ондағы ағайындар Алатау баурайындағы туыстарын тауып жатса, біз Сырдағы сүлейлерімізді танып жатсақ, «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген нақылдың үдесінен шықпаймыз ба.
С.ҚОЖЕКЕ.
Құлан – Қызылорда – Асқар Тоқмағамбетов ауылы – Құлан– Жарлысу.