Оқу-жаттығу ойдағыдай өтті
Еліміз үшін қашанда адам өмірі мен қауіпсіздігі маңызды. Бұл жайында кейінгі кездері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта кеңінен сөз қозғап, жауапты органдарға нақты тапсырмалар беріп жүр. Жуырда ауданымызда аталмыш тапсырмаларды орындау мақсатында «Қыс-2019» арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Айта кету керек, аталмыш шараға ауданымыздан бас-аяғы 15 мекеменің қызметкерлері қатысты.
Жылдық жоспарға сәйкес өткізіліп жүрген жаттығу жиындары биыл үшінші рет өткізілді. Олардың қатарында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, №10 Өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, Апаттар медицинасы орталығының құтқару тобы, аудандық полиция бөлімі, орталық аурухана, жедел жәрдем, «Құлан-Энергожылу» мекемелерінің қызметкерлері бар. Шара барысында аталмыш мәліметтердің барлығын аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаевқа аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жандар Сейтімбетов мәлімдеп, оқу-жаттығу жиынына қатысушылардың дайындығын баяндады. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев өз кезегінде төтенше жағдай орын алған сәтте бірлесе жұмыс істеу керектігін айтып, апаттың алдын алуға жауапты мекемелердің қызметкерлерімен жеке дара тілдесіп, дайындықтарын пысықтады. Авариялық-құтқару құрамаларының дайындығын тексеру барысында Ерлан Бақытжанұлы кей мекемелердің қызметкерлеріне ескерту жасады. Сонымен қатар, құтқару кезінде қолданылатын құрылғылардың заман талабына сай болуы керектігін алға тартты.
Аудан орталығына жиылған құтқарушылар құрамы төтенше жағдайларды жою бойынша тәсілдер мен іс-қимылдарды жетілдіру мақсатында арнайы тактикалық оқу-жаттығуларын өткізді. Олар ауданның батыс бөлігінде орналасқан көп қабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандық маңына жиналып, тәжірибелік дағдыларын жетілдірді. Жоспар бойынша төтенше жағдай қызметкерлері көгілдір отынның иісіне уланған қазандық қызметкерін құтқарды. Құтқару операциясында алдыменен газ құбыры бекітіліп, өрт сөндіру қызметкерлері зардап шеккен азаматты қазандық ғимаратынан алып шығып, эвакуациялады. Науқасқа медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті. Жылыту маусымында осындай оқыс оқиғалар орын алған жағдайда төтеншелер сақадай сай болу керек. Сондықтан да, «Қыс – 2019» республикалық оқу-жаттығуы жиыны осы бағытта өрбіді.
Жиын соңында құтқару жұмыстары қорытындыланып, талдау жүргізілді. Нәтижелер анықталғаннан кейін, тактикалық оқу-жаттығу жиындарына қатысқан қызметкерлерге алғыс айтылды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ