Сертификаттар табыс етті

642 Views

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыған түлектермен кездесті. Жиынды аудандық кәсіпкерлер палатасы директорының уақытша міндетін атқарушы Қайрат Өскенбаев ашып, жүргізіп отырды. «Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бизнеске қолдау артып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында шағын кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығына айрықша тоқталды. Бұл бағытта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүйелі жұмыстар атқаруда. Палата «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Бастау» және «Жас кәсіпкер» кәсіпкерлік негіздерінде оқыту бағдарламасын ауылдық жерлерде жүзеге асырды» дей келіп, аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлына сөз берді. Аудан әкімі құттықтау сөзінде республика деңгейінде кәсіпкерлікті қолдау бағытында үлкен реформалар жасалып жатқанын атап өтті. «Мемлекетіміздің қолдауымен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Бастау бизнес» мектебі ашылды. Осы мектептен өткен азаматтардың көбі кәсіп ашып, отбасылық бинеске бет бұрды» деген аудан әкімі «Бастау бизнес» түлектерінің алдағы бастамаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, «Бастау бизнесті» оқыған азаматтарға салтанатты түрде сертификаттарын табыс етті.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: