Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
Сәрсенбі күні Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Жалынды жастармен — жарқын болашаққа» деген тақырыпта жастар форумы өтті. Форумға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық Қоғамдық кеңестің хатшысы Пазыл Сүлейменов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, жас кәсіпкерлер, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Форумда ең алғаш болып аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сөз сөйледі. Аудан басшысы сөзінде:
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел егемендігін алған жылдардан бастап, үздіксіз жастар саясатын дамытуға ерекше мән беріп, жастардың бастамаларын әркез қолдап келді. Өйткені, жастар, қай кезде де қоғамның қозғаушы күші әрі жарқын істердің жаршысы. Мен бүгінде елімізде жастар саясатының жоғары деңгейде жүзеге асырылып, өскелең ұрпаққа үкімет тарапынан зор қолдаулар жасалып жатқанын айтқым келеді. Құрметті форумға қатысушы белсенді жастар! Жақында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директорына ауданның белсенді жастарымен бес бағытта жұмыс атқаруды тапсырдым.Біріншіден, аудан аумағында жастар кәсіпкерлігін дамытып, шағын бизнестің өркендеуіне жол ашу. Әрбір жас табыстың тайқазанын тасытып, өзінің шама-шарқы мен бейіміне қарай кәсіп меңгеріп, шағын бизнес көзін ашса, ол өз отбасына да, елге де пайда келтіріп, тұрмыс жағдайын жақсарта алады. Аудандық кәсіпкерлер палатасы мен жастар ресурстық орталығының арасында Меморандумға қол қойылып, нақты іс-шаралар бекітілуі тиіс. Екіншіден, жұмыссыз жастар санын азайтып, нәтижелі жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыру. Стартап жобалар мен тың идеялар, ешкімде жоқ құнды бизнес көзін тапқан жан өзіне де өзгеге де жұмыс орнын қамтамасыз ете алады. Бос жүрген жастар саны азаяды, отбасы беріктігі мен жастар арасындағы келеңсіз оқиғалардың жолы тыйылады. Жастардың өмір сүруге құлшыныстары оянып, ертеңіне деген сенімі артады. Үшіншіден, ауданда жастар арасында салауатты өмір салтын ұстану арқылы бұқаралық спортты дамыту. Бұл – ел саясатының маңызды саласы. Денсаулық – зор байлық. Тәні сау адамның жаны да сау. Зиянды әдеттерді шектеу, өскелең ұрпаққа денсаулықты қадірлеп, спортпен шұғылдануға бағыт-бағдар беру – әр азаматтың айнымас борышы болуы тиіс. Елімізді әлемге танытар саңлақ спортшылар ауыл балаларынан шығады. Сондықтан таланттың талабын тани білу — күнделікті жұмыстан көрініс табуы тиіс. Бұқаралық спорт жалпы халықтың бас қосар ортасы болуына күш салуымыз қажет.Төртіншіден, туған жердің тарихын танытып, табиғат байлығы мен тазалығын сақтау үшін жастар туризмін, оның ішінде, экотуризм мен өлкенің ішкі туризмі саласын жандандыруды қолға алу. Бесіншіден, жастардың ауыл, аудан өміріндегі қоғамдық шараларға, мәдени-көпшілік жұмыстарға қатысу белсенділігін арттыру. Бүгінгі форум аясында осы мәселелер талқыланып, өздеріңіздің ұсыныстарыңыз ескеріле отырып, тиісті құжаттар қабылданады. Алдағы жылы атқарылар жұмыстардың бағыты, мақсат-міндеті айқындалады. Ал бұл шараның жүзеге асырылуы үшін ұйымшылдықпен атсалысу – әрбір жастың азаматтық парызы деп білемін.
Құрметті форумға қатысушылар! Жуырда ғана облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен өңір аумағында қолдау тауып, жүзеге асырылып жатқан «Елдік елге байланысты» атты Үндеудегі берілген ұсыныстардың да аудан аумағында орындалуының көш басында жастардың болуы көп мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етеді. Әрбір жас қоғамдағы өзгерістер мен әрекеттерді өзінен бастаса ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Сондықтан да барлық жастарды Үндеу аясында атқарылып жатқан жұмыстарда барынша белсенді болуға шақырамын,-деді. Содан соң, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Айбек Сәрсеханұлына сөз берілді.«Армысыздар құрметті жастар! Әрбір қоғамда жастардың орны ерекше. Олар халықтың, ұлттың болашағын айқындайды. Бүгінгі таңда Тұрар Рысқұлов ауданы халқының үштен бірі – жастар. Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асырып, болашақтың тұтқасы болар ауданымыздың жастары өңірде толайым тірліктер тындырып, қоғамға бір кісідей атсалысып келеді.
Жастардың ілкімді іс-шараларына қолдау көрсетуде аудан әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік, мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімдерінің, сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту орталығы басшыларының қосатын үлесі өте зор. Сол себепті, «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аталмыш бөлім және мекеме басшысы арасында өзара ынтымақтастықты қалыптастыру мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, арнайы Меморандум дайындалды.
Меморандум аясында жастарымыз жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларға мәдени-рухани қолдау көрсету жұмыстары жүзеге асырылатын болады.
Құрметті форумға қатысушылар! Ендігі кезекте аудан жастарын қолдау мақсатында 2020 жылы атқарылатын жұмыстар туралы айтып өтсем деймін.
2019 жылдың қараша айының 16-ы күні аудан әкімдігі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ бастамасымен ауданның тарихи-археологиялық орындарымен таныстыру, патриоттық сана-сезімін нығайту, жастарды іс-шараға қатыстыру арқылы қоғамдық-саяси өмірге тарту, экотуризмді дамыту мақсатында «Туған жердің тарихы – тұнған шежіре» атты тарихи – танымдық экскурсия бастауын алды. Экскурсия мүшелері 1 маршрут бойынша Қарақыстақ тау шатқалында болып, ондағы бай өлкенің тарихымен танысты. Жаңатұрмыс пен Қайыңды ауылдарының арасын алып жатқан бай өлкемізде 17 маршрут белгіленді. Келесі кезекте белсенді жастарымыз әр аптаның сенбі күндері белгіленген маршруттар бойынша экскурсия жұмысына қатыса алады. Жыл бойы жалғасын табатын экскурсия жұмысындағы жинақталған мәліметтер қағазға түсіріліп, «Құланның киелі мекендері» атты кітап шығару жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды «Еріктілер жылы» деп белгілеген болатын. Осыған орай, ауданда «Еріктілер» базасы қайта жасақталып, тұжырымдамасы бекітілетін болады. Тұжырымдаманы іске асыру барысында 2 мақсатты бағыт арқылы жұмыс жасайтын боламыз. Ол мынадай. Әлеуметтік бағыт – қоғамның әлжуаз топтарына мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдерге, қарияларға көмек көрсету, тұрмыс жағдайына жәрдем беріп, қоғамға бейімдеу. Рухани бағыт – өмірлік мақсаты мен жоспары айқын емес, мүмкіндіктерін пайдалана алмай жүрген жастарға жол көрсету, қоғамдағы жағымсыз дерттерден аластату арқылы еңбек етуге шақыру. Сондай – ақ, аудан жастарын ақпараттандыруға бағытталған «Көшпелі кеңес беру алаңын» ұйымдастыру жоспарлануда. Басты мақсат – түрлі санаттағы жастарға, әлеуметтік сала мамандарын тарта отырып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультациялық көмек көрсетіп, ауылдық округтегі жастардың проблемалық мәселелерін шешу. «Көшпелі кеңес беру алаңын» ұйымдастыру барысында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі.
Талпынысы таудай, алдында мақсаты бар өршіл жастың тіршілігіне ел тамсанып та, таңданып та қарайды. Олардың бойындағы жастық жігері талай белестерді, асуларды, шыңдарды бағындыруға жетеді. Біздің еліміздің болашағы зор. Замандастарымды мақсат пен ізденіске, еңбекқорлық пен табандылыққа шақырамын. Ата-бабамыз сенген, еліміз үміт еткен мүмкіндіктерді жүзеге асыратын кез келді. Өрлеудің қозғаушы күші – біз секілді жастар. Ертеңгі болашақ біздің таңдауымызға байланысты. Жастардың жасампаз үні әрдайым жарқын болсын!» деді жастар ресурстық орталығының директоры өз баяндамасында. Бұдан соң, аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев баяндама жасады. Өз баяндамасында:
– Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Дана халқымыз «Тәні саудың — жаны сау» деп бекер айтпаған. Біздің ауданымыз кеңес дәуірінен бері спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Айта кететін болсақ, «Луговой жылқы зауытының» «Абсент» атты сайгүлігі 1960 жылы Рим қаласында өткен Олимпиада ойындарында алтын жүлде жеңіп алса, 1964, 1968 жылғы Токио мен Мехикода өткен Олимпиада ойындарында қола жүлде еншілеп, ауданымыздың атын күллі әлемге танытты. Тәуелсіздік жылдарында да ауданымыз спорт саласында қөптеген жетістіктерге қол жеткізді. Егемен Қазақстанымыздың көк байрағын Олимпиада тұғырында желбіретіп, қазақтың атын шығарып, әлемге танытқан жерлесіміз Ермахан Ибраимов бокстан 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында қола медаль, ал 2000 жылы Сидней қаласында алтын медаль жеңіп алды. Ислам Байрамуков еркін күрестен 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында үздік 6 спортшының қатарына енсе, 2000 жылы Сиднейде күміс жүлдегер атанды. Даңқты жерлесіміз Ақжүрек Таңатаров та еркін күрестен 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ел қоржынына қола жүлде салды. Дзюдодан 2016 жылы Рио Олимпиадасында жүлделі II орынды жеңіп алған Елдос Сметовте біз мақтанышпен айтып жүретін азаматтың бірі. Бүгінгі күнде ауданымыздың қоржынында 7 Олимпиада медальдары бар. Ағалар салған ізді жалғап келе жатқан жас спортшыларымыз да әлемдік жарыстарда жеңістерге жетіп жүр. Әлішер Ерғали, Ақерке Наурызбаева, Адина Қалдыбай, Дана Дидайдың есімдерін сол тізімге енгізсек болады.
Спорт — денсаулықтың кепілі. Спорт сөзінің мағынасы кең. Дене тәрбиесі соның құрамдас бөлігі, дәлірек айтқанда, бастапқы баспалдағы. Онымен тұрақты шұғылданған адамның денсаулығы мықты болмақ. Бұл өз кезегінде жақсы оқуға, жемісті еңбек етуге деген ынта-жігерді арттырады. Ал жасампаз еңбек елдің табысын еселейді, даңқын асқақтатады. Денсаулығы мықты, бойында қуат күші мол, жан-жақты дамыған адам — Отаншыл келеді.
Құрметті форумға қатысушы жастар! Сондықтан сіздерді спортпен шұғылдануға шақырамын,-деді ол.
Содан кейін аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбековке сөз кезегі берілді.
– Аудан халқының мәдени, рухани талап-тілегін қанағаттандыру жолында мәдени-көпшілік жұмыстарын ұйымдастыру бағытында Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі, «Сұлутөр» кинотеатры, 7 ауылдық мәдениет үйі мен 13 ауылдық клуб, 31 кітапхана, 53 мәдениет ошағы тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде. Мәдениет үйі жанында 50 үйірме, 10 әуесқой клуб («Балалар», «Жас жеткіншек», «Ақ әже», «Ақ босаға», «Демалыс», «Мұрагер», «Қолөнер» әуесқой клубтары), «Тамаша» ойын-сауық отауы, 5 халықтық атағы бар ұжымдар («Сұлутөр» халықтық фольклорлық ән-би ансамблі, «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі, «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблі, Басқар Битанов атындағы халықтық театр», «Сұлутөр» вокалды халықтық инструментальды ансамбль ұжымдары) мен қазақ, орыс, өзбек, қарашай этномәдени бірлестіктері халыққа мәдени қызмет көрсетеді-дей келіп, үстіміздегі жылы атқарылатын ауқымды жұмыстарды сөз етті. Қысқасы үстіміздегі жылы жастармен бөлісер жағымды жаңалықтары көп мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің. Яғни, Нұрдәулет Сүйерханұлы 2019 жылы 600 ден аса іс-шара өткізілсе, 2020 жылы да бұл көрсеткіш жоспарланған межеден ауқымды боларын тілге тиек етті.
Одан кейін Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, белсенді жас Дулат Құддыс мінбеге көтеріліп, аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың бастамасымен өткен форумда облыс әкімінің Үндеуіне қатысты өз ойын айтты. Алғыр мұғалімнің сөйлеген сөздерінің мәтіні төмендегідей:
– Біздер, жастар, Қазақстанды XXI ғасырда гүлденген, іргесі берік, әлемдік қауымдастықтағы мәртебелі мемлекетке айналдыруға бағытталған мемлекет саясатын жүзеге асыруға дайынбыз. Алдымызда тарихи маңызы зор мереке – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы келе жатыр. Осы айтулы мерекені жарқын істермен, тың жаңалықтармен қарсы алуды басты мақсат санаймыз. Біздің жастық жігеріміз бен еселі еңбегіміз Тәуелсіз Қазақстанның дамуына бағытталатын болады. Ұлы құндылықтарды ұлықтай білу – әрбір жастың, мына отырған баршамыздың жауапкершілігіміз. Біздер Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында көзделген межелі міндеттерді атқарып, Ұлы даланы әлемге танытуда нақтыланған құндылықтарды дәріптеп, өзгелерге насихаттауға бар күш жігерімізді саламыз.
Туған жер тарихы баға жетпес байлық. Осынау рухани құндылықты жастар мен өскелең ұрпаққа ұғындыруда тарихи-танымдық шаралар мен мұражайдың, ауылдың көнекөз қариялары мен еңбек ардагерлерінің естеліктері арқылы ауыл мұражайын қалыптастырып, өңір, өлке тарихын жүйелеу жұмыстары да жастар көңіл аударатын басты мәселе болуы тиіс. Өткені, тарих — болашаққа бағдар. Ал тарих ұмытылмас үшін оны насихаттау маңызды жұмыс екенін айту ләзім.
Келер жыл «Еріктілер жылы» болмақ. Осыған байланысты ерікті жастардың тобын біріктіріп, ауданның өркендеуі жолындағы игі істердің көп болуына басымдық берілуі тиіс. Қамқорлыққа аса зәру жандарға көмек қолын созып, қоғамдағы барлық саяи-қоғамдық, мәдени-рухани іс-шаралардың алдыңғы шебінен ерікті жастар тобын көбірек кездестіру қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Үстіміздегі жылы Ұлы Жеңістің 75, ел Конституциясының 25, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Ұлы Абайдың 175 жылдығын ауқымды масштабта атап өтеміз. Осы шаралардың көшбасшысы да жастар, қолдаушысы — аудан халқы болуы тиіс. Құрметті жастар, киелі Құлан жерінің әлеуетін арттырып, аудан экономикасы мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсартып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған форумдағы ұсыныстарға баршаңызды үлес қосуға шақырамыз,-деді Дулат Құддыс.
Форум соңында аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп, мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары Сақтасын Тастанов, Нұрдәулет Жамалбеков, Ерлік Шабеев және халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сапар Құлманов пен жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Сәрсеханұлы өзара ынтымақтастықты қалыптастыру мақсатында дайындалған тиісті Меморандумға қол қойды.
Марат Диханбай.