Абай мұрасы дәріптелді

687 Views

Үстіміздегі жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ұлттық деңгейде аталып өтіледі. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кеңінен сөз қозғаған болатын.
Сейсенбі күні Абай орта мектебінде бас­тауыш сынып оқушылары арасында «Абайды оқы, таңырқа!» деген тақырыпта аудандық байқау өтті. Аталмыш байқаудың мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының арасында Абай шығармаларын насихаттау және олар­дың эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту. Сондай-ақ, оқушыларды Абай поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұ­ра­сына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, жас буынның интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру. Айта кетейік, бұл байқауды келесі жылы ұлттық деңгейде тойланатын хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай жоспарланған ілкімді іс-шараның бірі деп тү­сін­ген абзал.
Байқау 2 кезең бойынша өрбіді. Алғашқы кезеңде бастауыш сынып оқушылары Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, ал екінші кезеңде хакімнің қара сөздерін жатқа оқыды. Қазылар алқасы байқауға қатысушы өрендердің өнерін дауыс ырғағына, мәнерлеп оқу техникасына, жатқа айту қабілетіне қарап бағалады. Нәтижесінде Тұрар Рысқұлов мектеп-ли­цейі­нің оқушысы Дінислам Мұхамет, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушы­сы Шұғыла Жолдасбек және Шолаққайыңды бастауыш мектебінің оқушысы Ақниет Олжабай 37 оқушы қатысқан Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу мақсатында ұйым­дастырылған аудандық байқаудың жүлделі III орын иегерлері атанды. Болтай батыр атын­дағы орта мектептің оқушысы Аяжан Амантай мен Ақбұлақ орта мектебінің оқушысы Інжу Оразқұлға қазылар алқасының шешімімен байқаудың жүлделі II орны бұйырса, жүлделі I орын Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің оқушысы Айша Есеннің қанжығасына жазылды. Абай орта мектебінің оқушысы Еркежан Жұмабек байқаудың бас жүлдесін же­ңіп алды. Байқау жеңімпазы мен жүлдегерле­ріне аудандық білім бөлімі басшысының алғыс ха­ты табысталды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: